Accessibility links

Өзбекстанда хабарсыз кеткен және түрмеге жабылған 2 журналистің тағдырына деген алаңдаушылық өсе түсті


Осы айдың басында Өзбекстанның орталығындағы Жизақ қаласында бірінің ізінше бірі екі бірдей тәуелсіз журналист хабар-ошарсыз жоғалды. Көп кешікпей бір журналистің тұтқындалғаны мәлім болса, өзбек президенті И.Кәрімовтің немере інісі болып табылатын екінші журналистің тағдыры әлі беймәлім. Ал ресми билік оның із-түссіз жоғалуын еш түсіндірмей отыр. Ол екеуінің достары мен туыстарының айтуынша, өздерінің өткір мақалалары үшін 2 журналист те ресми билік жағынан қатер төнгенін көптен бері айтып жүрген көрінеді.

39 жастағы Жамшид Кәрімов ауруханада жатқан анасына бару үшін Жизақ қаласындағы үйінен 12-нші қыркүйек күні шыққан. Жақындары оны соңғы рет осы күні көрген. Оның інісі Әлішердің айтуынша, сол күннен бері Жамшид қайтып қарасын көрсеткен емес. Ал арада 2 күн өткенде Жизақ қаласында тапа-тал түсте Жамшидтің досы әрі әріптесі Ұлығбек Хайдаров тұтқындалды. Туыстарының айтуынша, журналист аялдамада автобус тосып тұрған кезінде оған бір әйел жақындап келіп, қалтасына конверт салып жіберді. Ұлығбек конвертке 400 доллар ақша салынғанын көргенде, оны тастай салды. Бірақ дәл осы кезде оны қарапайым киінген күзет офицерлері қоршап алып, конвертте оның қалтасына қайта салып, ұстап алып кетті. Оның қарындасы Нортоджи Хайдарованың айтуынша, бұл шара қасақана ұйымдастырылып отыр. Ұлығбектің тұтқындалғаны туралы хабардан кейін 2 күн өткенде Нортоджи “Азаттық” Радиосына былай деп хабарлады:

Н.ХАЙДАРОВА: “Қазір ғана тергеушімен сөйлесіп келдім. Тергеуші маған: “Неге тыныш жүрмейді? Неге интернеттен әркімді масқара қылады? –деді. - “Интернетке мақала шығарғаны үшін біз оны абақтыға жабамыз!” - деді.

Сейсенбі күні Нортоджи Хайдарова өзінің ағасы Ұлығбекке “бопсалаумен айналысты” деген айып тағылғанын хабарлады.

Н.ХАЙДАРОВА: “Тергеушінің айтуы бойынша, 165-інші баптың А және Б тармақтарына сәйкес, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін деді”.

Ұлығбек Хайдаров алғашқыда, сотқа дейін, ішкі істер министрлігінің аймақтық бөлімінде, кейінірек министрліктің жергілікті бөлімінде отырды. Нортоджидің айтуынша, бірнеше күн бұрын Ұлығбектің зайыбы Мұнира күйеуімен осы абақтыда отырған жерінде көрісті.

Н.ХАЙДАРОВА: “Оның қатыны – Мұнира Мұстафаева – Ұлығбекті бір-ақ рет көрді. Сенбі күні, 23-інші қыркүйек күні бір-ақ рет көрген. Оларды 5 минут әзер сөйлестірген: “Тез, тез, тез”, деп шығарып жіберген. Сондағы көргенін “ахуалы жаман екен” деп айтты. “Ұлығбек Хайдаровтың халі онша жақсы емес” дейді. “Көздері тура қарамайды, сөйлесе – ауысы қисайып кетеді” дейді. “Әзер сөйлейді” дейді. “Әбден азып кеткен, не болғанын білмеймін” дейді. “Ештеңе білмеймін...ештеңені білмеймін, бәрі де жақсы... бәрі де жақсы” деп тоқтамай жауап қайтара береді” дейді”.

Егер Өзбекстан билігі Ұлығбек Хайдаровтың тұтқындалуы себептерін онша жасырмаса да, екінші журналистің тағдыры жөнінде тіс жармай отыр. Тәуелсіз “УЗНЬЮС.НЕТ” (uznews.net) ннтернет-басылымының 20-сыншы қыркүйек күні берген ақпарына қарағанда, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің жергілікті бөлімі бастығы Марат Халтұрдиев Жамшид Кәрімовтің хабар-ошарсыз жоғалуын бір ауыз сөзбен: “ол жеке іс” деп сипаттап, оның жай-жапсарын түсіндіруден бас тартқан. 25-інші қыркүйек күні тағы да сол “УЗНЬЮС.НЕТ” басылымы, Жамшидтің отбасына жақын ақпарат көзін нұсқай отырып, журналистің Самарқанд қаласының психиатриялық емханасына жатқызылғанын хабарлады.

Швецияның Орта Азия бойынша штаттан тыс журналисі Элин Йонсон сөз болып отырған екі өзбек журналисімен көптен бері жақсы таныс. Оның “Азаттық” Радиосына айтқанындай, осы жылдың басында Жамшид пен Ұлығбек өздеріне төнген қауіп-қатерге алаңдап отырғанын айтып, Элинге Швецияның визасын алмақ ойларын хабарлаған.

“Соңғы рет мен олардан хат алғанымда, шілденің соңы болатын, шамамен, шілденің 28-і болды ғой деп ойлаймын, -деп есіне алады Элин Йонсон, -Олар маған Ұлығбектің тұтқынға алынатыны, ал Жамшидтің психиатриялық емханаға немесе сол сияқты басқа жабық мекемеге жабылатыны туралы хабар алғандарын жазды”.

Жамшид Кәрімов - өзбек президенті Ислам Кәрімовтің осыдан 17 жыл бұрын автокөлік апатынан қаза болған ағасы – Арысланның ұлы. Жамшид пен Ұлығбек - “ФЕРГАНА.РУ” сынды орыс тіліндегі тәуелсіз интернет басылымы мен Лондонда орналасқан Соғыс және бейбітшілік Инстутына жұмыс істеп келді.

Жамшид - И.Кәрімов сияқты немере ағасына өзінің сыни көзқарасымен кең танылса да, өзбек президентімен туыстығы оның өзі мен отбасын жамандықтан қорғап келді. Бірақ, Элин Йонсонның айтуынша, “Әндіжандағы қантөгістен” мұндай жағдай күрт өзгерді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG