Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.28.2006 жыл


Бейсенбілік баспасөз Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Бушпен кездескендігі туралы жазыпты. Сонымен бірге басылымдар Қарағанды шахтерлері «Миттал Стил» компаниясы басшылығымен келісе алмағандығына мән беріпті.

Бұл күндері АҚШ-та ресми сапармен жүрген Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйектің 27-күні бұрынғы президент Джордж Бушпен кездескендігі «Казахстанская правда» газетінде былай баяндалыпты: «Американың Мэн штатындағы Кеннебункпорт қаласында Джордж Буштың үлкені Нұрсұлтан Назарбаевты «Уокерс Пойнт» резиденциясында қарсы алды. Екеуінің кешкі аста басталған әңгімесі таңертеңгі үстел басында әрі қарай жалғасып, одан соң ресми кездесулерін өткізді. Бұл жүздесуде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы тығыз қарым-қатынас ядролық қарудан арылу және таратпау мәселесін талқылаудан басталғандығын атап көрсеткен». «Сонымен бірге Президент Қазақстан үшін АҚШ үлкен мақсаттарға жетудегі басты әріптесі болып қала бермек екендігін айтты» делінген «Казахстанская правда» газетіндегі мақалада.

Нұрсұлтан Назарбаев «Уокерс Пойнт» резиденциясынан кейін Вашингтонға ұшып шыққандығы «Литер» газетінде айтылыпты. «Вашингтонда Қазақстан басшысы АҚШ-тың сауда министрі Карлос Гутиерреспен, энергетика министрі Самуэл Ботманмен, Орталық барлау басқармасының директоры Майкл Хайденмен, АҚШ-тың вице-президенті Ричард Чейнимен және Дүниежүзілік банкінің президенті Пол Вулфовицпен кездеседі. Сонымен бірге қыркүйектің 28-күні Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тағы елшіліктің аумағында Қазақстан тәуелсіздігіне арналған монументтің ашылу салтанатына қатысады» делінген мақалада. «Ал қыркүйектің 29-күні Қазақстан басшысы Ақ үйде Джордж Бушпен кездеседі» деп жазды «Литер» газеті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары барысында американың телеарналарынан осы сапарға арналған роликтер күні-түні көрсетіле бастағандығына «Жас Алаш» газеті мән беріпті. «Бұған қоса америкада «Көшпенділер» фильмі де көрсетілмек. Онымен жарысып, «қазақстандық журналист» Борат Сағдиев де өз «Отаны» туралы түсірілген фильмінің тұсауын кеспекші» делінген мақалада. «Сыртқы істер министрі министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаевтың айтуынша, Назарбаев пен Буштың кездесуінде сайқымазақ Саша Коэн туралы әңгіме болмайды» деп жазды «Жас Алаш».

Президент Вашингтонда жүргенде Қазақстандағы казактар Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметті атаман атағын бергендігі «Время» газетінде айтылыпты. «Ал нағыз атаман болып Қазақстандағы орыс, славьян және казак ұйымдарын Үйлестіру кеңесінің төрағасы Юрий Захаров сайланды» делінген «Время» газетінің мақаласында.

Бұл уақытта жалақысын көтеруді талап етіп бірнеше мәрте наразылық шеруін өткізген қарағандылық шахтерлер «Миттал Стил» компаниясы басшылымен ортақ келісімге келе алмағандығы «Литер» газетінде жазылыпты. «Қыркүйектің 27-күні шахтерлер мен компания басшылығының өкілдері бір үстел басына жиналған болатын. Екі жақты достастырушы комиссияның өкілдері шахтерлерді шешім шыққанша жұмысқа кірісуге шақырған, ал шахтерлер болса өз талаптары орындалмайынша шахтаға түспейтіндіктерін айтқан. Жалақы мәселесін сегіз шахтаның жұмысшылары көтеріп отыр. Соның бесеуінде жұмыс тоқтап тұр» деп жазды «Литер» газеті.

Қарағандылық шахтерлердің наразылық шерулері әлі жалғасып жатқандығы «Айқын» газетінде баяндалыпты. «Қыркүйектің 27-күні алаңға мыңға тарта шахтер жиылып, комиссия отырысының шешімдері жылдамдатылуын талап етті. Олар ең әуелі комиссия жалақы мөлшерін өсіру жайын 10 күн ішінде шешіп беруін, олай болмаған күнде қарағандылық шахтерлер жаппай митингке, одан әрі ереуілге шығатынын ескертті. Әзірге еш рұқсат-санкциясыз ұйымдастырылып жатқан митингтерге құқық қорғау орындары кедергі келтіріп тұрған жоқ» делінген «Айқын» газетінің мақаласында.

Шахтерлар өз талаптарын «Миттал Стил» компаниясына бағыттап жатқанда Қарағандыда тағы бір наразылық акциясы өткендігі «Время» газетінде айтылыпты. Қарағандыдағы коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауына қарсы көтерілген зейнеткерлер тариф бағасын түсіруді ғана емес онымен айналысатын компаниялардың жұмысы ашық болғандығын талап еткен. Жергілікті билік зейнеткерлердің көтерілуіне қарсы болмапты. Шындығында, монополистер туралы ойын ашық айтқысы келгендерді орталық саябақтағы би алаңына жіберіпті. Бұл жерде олардың ой-пікірлерін зейнеткерлерден басқа еститін ешкім болған жоқ» делінген «Время» газетінің мақаласында.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG