Accessibility links

Орталық Азия елдерінде ВИЧ/СПИД дертінің таралуы жылдан жылға қарқын алып барады


Оңтүстік Қазақстанда ВИЧ/СПИД дертіне шалдыққан балалардың қатары өсе түсуде. Қыркүйектің 30-күні олардың қатары 69-ға дейін жетті. Сарапшылардың күн сайын өсіп жатқан ауруға эпидемия деген баға берді. Қазір оның қауіпі Шымкент немесе Қазақстанға ғана емес, бүкіл Орталық Азияға да төніп, ол көптеген елдер мен халықаралық ұйымдарды алаңдатып отыр.

Дүниежүзілік Банк қызметкерлері Орталық Азия елдерінде белең алған ВИЧ/СПИД ауруын жұқтырғандардың санымен қоса, оның алдағы уақытта экономикаға қаншалықты әсер ететіндігін де есептеп шығарған. Дүниежүзілік Банк мәліметтеріне қарағанда, Орталық Азияда ВИЧ/СПИД ауруымен 90 мыңдай адам ауырады екен және қатары біртіндеп өсе беретін бұл ауру алдағы 20 жылда Өзбекстанның экономикасын 20 пайызға, Қазақстан мен Қырғызстандікін 10 пайызға дейін төмендетпек.

Экономикалық өсімге адам ресурстарының тікелей әсер ететіндігін және оның орасан шығындары болатынын экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанов та қолдап отыр.

- Жұмыс істейтіндар бар, мамандар бар қатардан шығып қалады, біріншіден. Екіншіден, оларға қаражат жұмсалады. Еуропада кезінде чума деген ауру болды. Олардың барлығынан миллиондаған адамдар қырылды ғой. Экономика төмендеп кетті. Қаншама жұмыс орындары қысқарды, кәсіпорындар жабылып қалды. Қазірдің өзінде СПИД-тің салдарынан Уганда сияқты Африка елдерінде бірталай кәсіпорындар жабылды. Оның экономикаға тікелей әсері көрініп тұр.

Мұнымен қоса, Рахман Алшанов Қазақстанда басталған дертте бүкіл аймақ елдерінде қалыптасқан ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайдың да өз үлесі болуын жоққа шығармайды.

- Қазақстанда жалақы жоғары болғанымен, Өзбекстанда, Қырғызстанда жалақы 20 доллар, Тәжікстанда одан да төмен. Бұл жалақымен күн көрудің өзі қиын. Ал денсаулыққа қарап жатырған ешкім жоқ. Келіп жатқан азаматтар қандай адамдар, олардың біздікілерімен қандай байланысы бар. оны ешкім қарап жатқан жоқ. Қазір әсері көрінбей тұр, - дейді экономист.

Ал Алматыда орналасқан халықаралық «Шығыс-Батыс» СПИД қорының аймақтық директоры Николя Кантоның айтуынша, қазір Орталық Азия елдеріне ВИЧ/СПИД дертін ары қарай таратпаудың ыңғайлы сәті туып отыр.

- Қатерлі дерттің эпидемиясы бұл елдерде әлі концентрациялық сатысында. Бірақ бұл ұрымтал кезді қолдан жіберіп алуға болмайды. Себебі, ол тәжірибе көрсеткендей көп уақытқа созылмайды. Мәселен, Украинада эпидемия бақылаудан шығып кетіп, қазір онда жарты миллион ВИЧ/СПИД-ін жұқтырғандар жүр.

Біріккен Ұлттар Ұйымы ВИЧ/СПИД дертіне қарсы бағдарламасының Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан бойынша кеңсесінің кеңесшісі Александр Косухин Орталық Азияда ВИЧ вирусын жұқтырғандар саны көп емес деген пікірге қосылмайды. Оның айтуынша, бұл елдерде эпидемиялық-тексеру жұмыстары әлі күнге дейін дұрыс жолға қойылмай, ауру санын азайтуда қиындықтар бар.

- Мәселен, тексеру шынайы болу үшін дәрігерлер қауіпті деген топтарды таба білуі тиіс. Бұл жерде біз тексеру шараларына оңайлықпен қатыса бермейтін нашақорлар, жезөкшелер және гомосексуалистер туралы айтып отырмыз. Айталық, гомосексуалистер бұл елдерде заңмен қудаланады. Сондықтан көпшілік арасынан гомосексуалистерді табу, олардың бойынан ВИЧ/СПИД дертін тексеру мақсатында қан алу мүмкін болмайды. Сондықтан, Орталық Азия елдерінде мынау көрсеткіштер нақты деп көрсету дұрыс емес. Шын мәнінде, аурулардың саны біз ойлағандағыдан да көп деп санаймын, - дейді Александр Косухин.

Сонымен қоса, А.Косухин аймақта көшіп-қонып жүретін жезөкшелерді де ВИЧ вирусын белсенді тасымалдаушылардың қатарына жатқызады. Ал аймақ елдерінің СПИД-ке қарсы бағытталған мемлекетаралық күресінің кедергілерге ұшырап отырғандығын ол былайша жеткізеді:

- Қазақстанды оның көршілерімен экономикалық, техникалық жағынан салыстыруға болмайды. Мысалы, Қазақстандағы СПИД эпидемиясының таралуы дәрігерлердің салақтығынан, дұрыс жұмыс істемеуінен кетсе, Тәжікстанда ол тексеру, емдеу жұмыстарына қаржының жетіспеуінен болуы мүмкін. Сондықтан, бұл елдердің бір бағытта бірлесе отырып, қатерлі дерті тоқтата алуы қиындау, - дейді Александр Косухин.

2001 жылдың мамыр айында Орталық Азия елдерінің СПИД-ке қарсы күрес туралы Декларациясы қабылданған болатын. Бұл құжат бойынша аймақтағы 5 мемлекет ғасыр індетін ауыздықтау шараларын міндетіне алған. Соңғы уақытта Шымкент қаласында күрт өскен ВИЧ/СПИД дертіне қарамастан, Қазақстан бұл аурудың түрімен ауыратындар саны жағынан Орталық Азияның кейбір елдерінен кейінгі орында тұр. Деректерге сүйенсек, 2001 жылы Қазақстан СПИД вирусын жұқтырғандар жөнінен аймақта 1-ші орында тұрған.
XS
SM
MD
LG