Accessibility links

Соңғы екі айда Қазақстанда заңсыз жүрген 80 мыңнан астам шетелдік еңбек мигранттары тиісті құжатқа ие болды


Соңғы 5 жылда Қазақстанға келген шетелдіктердің саны 4 есеге өсті. Биылғы жылдың 9 айында Қазақстанға 1 миллион 400 мың шетелдік келген. Бұл былтырғыдан 20 пайызға артық. Бұл туралы Астанада шетелдік еңбек мигранттарын заңдастыру жөніндегі ақпарат шеңберінде Қазақстанның ішкі істер министрінің орынбасары Алик Ішпекбаев хабарлады. Ал кейбір сарапшылар Қазақстан билігі алдымен ішкі жұмыссыздықты шешуі керек деген пікірде.

Заңсыз еңбек ету миграциясын заңдастыру туралы заңға сәйкес, Азия аумағында тұңғыш рет жасалып отырған рақымшылық шарасы 31 желтоқсанға дейін созылады. Қазақстанның ішкі істер министрінің орынбасары Алик Ішпекбаевтың айтуынша жалпы мигранттар саны көбейіп келеді:

- 9 айдың қорытындысымен бізге қазір келгені 1 миллион 400 мың. Былтыр 1 миллион 120 мың. Биылдың өзінде 20 пайызға көп келіп отыр азаматтар. Менің ойымша жылдың аяғына дейін 2 миллионға барып қалады. Соның ішінде заңсыз еңбек мигранттары бар. Біз оны дәлелдеп 86 мың адамды заңдастырдық.

Әкімшілік полицияның миграция және азаматтық басқарма бастығының орынбасары Еркінбек Жиенбаевтың айтуыншада шетелдіктер Қазақстанда соңғы кезде көбейіп келеді:

- Ресми сараптама бойынша 200-300 мың шетел азаматтары Қазақстан аумағында жұмыс жасап жатыр.

Бақылаушылрадың айтуынша бұл тек ресми сандар, ресми емес көрсеткіштер бұдан әлдеқайда артық деп болжамданған. Ал, Қазақстанның ішкі істер министрінің орынбасары Алик Ішпекбаевтың айтуынша бұл жолы тіпті ресми деп есептелген 300 мың заңсыз еңбек мигранттарының тек бір бөлігі заңдастырылады. Шетелдік тәжірибені зерттегеннен кейін біз тек 100 мың адамды заңдастыра аламыз деген тұжырымға келдік, дейді ол.

Рақымшылық шарасы барысында жұмыс берушілер көші-қон полициясына келіп арнайы миграциялық құжаттарды алуы тиіс, бұл құжат бұрыңдай 3 айға емес, 3 жылға дейін беріледі. Оны алмағандарға жарты миллион теңгеге дейін айыппұл салынады. Ал, Өзбекстандағы Гагарин қаласының тұрғыны Мырсаид Холматовтың айтуынша ол әзірге ескі үлгідегі миграциялық карточкаларды толтырып жүре бермек:

- Жаңа миграциялық карточка жасап келе берем.

Ал Астанадағы жеке меншік үй салып жатқан құрылысшылардың басшысы Самарқанд тұрғыны Абдуғани Рустамовтың қолында миграциялық құжаттары жоқ болып шықты:

- Балалар тіркеуге істетеміз деп алып кеткен. Кішкене ақшасын төлеймін деген, біраз қарыз болған ана бала.

Ал миграциялық полицияның түсіндіруінше бұған дейін жемқорлық жайттары болуы мүмкін. Бірақ соңғы миграциялық карточкалар арқылы бұл құбылысты азайтамыз, дейді ішкі істер министрінің орынбасары. Осыған қарамастан еңбек мигранттары азаятын емес. Тәжік және өзбек сарапшыларының айтуынша Тәжікстанмен Өзбекстанда жұмыс орындары табылған күнінің өзінде орташа еңбекақы мөлшері 15 доллардан аспайды. Ал кейбір қазақстандық сарапшылар Қазақстандағы жұмыссыздық мәселесін шешіп алмай көршілес елдің жұмыссыздарына жағдай жасау тиімсіз деген пікірде. Cаясаттанушы Дос Көшімде осылай дейді:

- Жұмыссыздықты тоқтатудың негізгі мәселесі сырттан келетін жұмыс күшін тоқтату. Әсіресе соңғы уақытта миллиондаған адам сырттан келіп жатыр.

Ал Қазақстанның ішкі істер министрінің орынбасары Алик Ішпекбаевтың айтуынша заңдастыруға байланысты министрлік әрекеттері жұмыссыздыққа әсер етпейді. Еңбек мигранттары жоғары біліктілікті қажет етпейтін және жергілікті тұрғындар арасында сұраныс жоқ жұмыстарды атқарады, дейді ол.

Ішпекбаевтың айтуынша, жаңадан жасалған келісім-шарттардан түсетін салық түрінде бюджетке 140 миллион теңге, яғни 1 миллион доллардан астам қаражат түседі.
XS
SM
MD
LG