Accessibility links

«Миттал Стил Теміртау» компаниясы металлургтер жалақысын өсіру жоспарын жария етті


«Миттал Стил Теміртау» компаниясы бас директорының баспасөз хатшысы Николай Кубраков сәрсенбі күні «Азаттық» радиосының тілшісіне берген сұқбатында, қазанның 3-күні кешкісін «Миттал Стил Теміртау» компаниясы басшылығы мен кәсіподақ комитеті арасында металлург–жұмысшылардың айлық жалақысын көтеру жөнінде бір келісімге келгенін және осыған қатысты келісім-шартқа екі жақ та қол қойғанын мәлімдеді. Алайда ол, қазақстандық кейбір ақпарат көздері хабарлап жатқанындай, келісім-шартқа «Миттал Стил Теміртау» компаниясы басшылығы мен Қарағанды облысының әкімшілігі қол қоймағанын, бұл хабардың дұрыс еместігін айтты. Оның айтуынша, келіссөздер компания басшылығы мен компанияның кәсіподағы комитеті арасында жүргізіліп, екі жақ бір келісімге келіп отыр.

Компания өкілі сондай ақ келісім бойынша қазан айының 1-інен бастап металлургтер жалақысы 20 процентке ұлғайтылғанын, ал келер жылдың ақпан айының 1-інен бастап тағы 10 процентке көтерілетіндігін жеткізді. Бұл металлургтер үшін өте жақсы хабар, олардың қазіргі орташа айлық жалақысы 45 мың теңге шамасында болса, енді 60 мыңдай алатын болады, деді ол.

Алайда компанияның кәсіподағы комитеті төрағасының орынбасары Анатолий Овчинников сейсенбі күні кешкісін компанияның жаңадан тағайындалған бас директоры Нарандра Чаутхари кәсіподақ белсенділерімен кездесіп, өзінің металлург жұмысшылардың айлық жалақысын көтеруді ойластырып отырғанын айтқанын, кәсіподақ комитетінің компания басшылығымен арада ешқандай келісімге қол қоймағанын хабарлады.

«Бұл әлі де ойлануды қажет ететін нәрсе, соңғы шешім алда болатын кәсіподақ конференциясында қабылдануы тиіс» деді ол.

Ал өз аты-жөнін айтқысы келмеген кәсіподақтың бір белсендісі компания басшылығының рет-ретімен айлық жалақыны тек 30 процентке көтеру жоспарымен металлургтердің келіспейтіндігін айтты. Оның айтуынша, метталлургтер өз мақсаттарына жету үшін бәріне де дайын.

«Сөз тыңдамаған компанияның бұрынғы басшысын ауыстырдық, алда әлі талай мәселелерді шешетін боламыз» деді ол.

Өткен аптадан бері бірнеше күн қатарынан ереуілдеткен «Миттал Стил Теміртау» компаниясына қарасты Теміртау металлургия зауытының жұмысшылары кәсіпорын басшылығына айлық жалақыны 40 процентке өсіру туралы талап қойған болатын.
XS
SM
MD
LG