Accessibility links

Варшавада адам құқығына қатысты ЕҚЫҰ-ның жиынына қазақстандық ресми және қоғамдық ұйым өкілдері қатысуда


Варшавада Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының адами өлшемдер саласындағы міндеттемелерді қарау бойынша 11-ші мәжілісі өтуде. Оған Қазақстанның ресми және қоғамдық ұйым өкілдері қатысуда. Адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, осы жолғы мәжілістің Қазақстан үшін ерекшелігі - талқылаулардың Қазақстанның 2009-шы жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық ету мүмкіндігі бойынша шешім қабылдану қарсаңында өткізілуінде.

Қазанның 2-і күні Варшавада ашылған Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының «адами өлшемдерге» арналған 11-ші мәжілісінде сайлау және адамдардың бейбіт жиылыс өткізу құқығына байланысты талқылауға қатысатындығын айтты Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис.

- Адами өлшем үш бөліктен тұрады: заңның жоғары тұруы, адам құқығы және демократиялық даму. Осы үш өлшем бойынша да Қазақстанда күрделі мәселелер бар. Әлбетте, олар осы мәжілісте көтеріледі. Мысалы, мен Қазақстанда адам құқығына қатысты жағдайдың қанағаттандырарлықсыз екендігін айтам. Қазақстандықтардың азаматтық және саяси құқықтары бойынша да Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы талаптарына сәйкес келмейтіндігін жеткізем. Сонымен бірге біз Қазақстандағы президент сайлауының өрескел заң бұзушылықтарымен өткендігін көрсететін баяндамамызды таратамыз, - дейді адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис.

Варшавадағы форумды ашқан ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттары мен адам құқығы бойынша бюросының директоры Кристиан Штрохаль бұл мәжілістің биылғы жылдың желтоқсан айында Брюссельде өтетін ЕҚЫҰ-ның мүше елдерінің сыртқы істер министрлері Кеңесіне дайындық аясында маңызды екендігін айтқан. Бұл кеңесте Қазақстанның 2009-шы жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі бойынша шешім қабылданатыны мәлім. Әзірге Варшава форумына алдағы аптада қатысатын қазақстандық оппозиция өкілдері бұл ретте өз ойларын жария ететіндіктерін айтады, Қазақстандағы адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау бюросының қызметкері Александр Скрыль.

- Олар: «Ия, біз Қазақстанның төрағалық етуін қалаймыз. Бірақ келесі бір шарттарды орындаса» деп, нақты талаптарын қояды, - дейді Александр Скрыль.

Оның айтуынша, оппозция өкілдері де бұған дейін Қазақстандағы БАҚ туралы заңға, сайлау заңына және бейбіт жиындар өткізу бойынша адам құқығына қатысты сын айтқан. Жиынға алдыңғы аптада қатысатын Рысбек Сәрсенбайұлы форумда сот жүйесі мен сот істерінің қаралуына қатысты талқылауға қатыспақ.

Рысбек Сәрсенбайұлы ол жиында биылғы жылы ақпанда қастандықпен өлтірілген оппозция лидерлерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлына қатысты хабарлама жасайтындығын жеткізді:

- Біз бұл қылмыстық әрекетті лаңкестік деп бағалағанымызды айтамыз. Оған Қазақстанның заңына, қылмыстық кодексіне сәйкес келетін жағдайлар бар. Дәлелдер жеткілікті. Біз халықаралық қауымдастық, Еуропа елдерінің назарын осы іске аударғымыз келеді. Сол арқылы шын тапсырыс берушілер мен қылмыс жасаушыларды тапқызуға Қазақстан билігіне ықпал етуін көздеп отырмыз.

Ал «Алға» партиясын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Асылбек Қожахметов ЕҚЫҰ-ның мәжілісінде екі мәселені көтермек:

- Біріншіден, жалпы ЕҚЫҰ соңғы кезде неге өзгеріп жатыр? Бұл ұйым қазірТМД елдерінен қысым алып, «шайқалып» тұр. Осы бағытта өз пікірімді айтайын деп отырмын. Екіншіден, «Қазақстандағы бейбіт жиын өткізу құқығы қалай жүзеге асады? Бұл орайда ЕҚЫҰ-ның талаптары қалай орындалады?» деген сауалдарға жауап беруге тырысамын.

Алайда, Варшавадағы жиынға қазақстандық оппозция өкілдерінің жете алмай қалуы да ықтимал деген өз алаңдаушылығын білдірді, оппозциялық саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы:

- Өйткені, бізді әуежайда жібермей алып қалуы әбден мүмкін. Маған түскен деректерге қарағанда, бізді жібермеуге әрекеттер жасалатын секілді. Сол ақпарат шындыққа айналып бара жатқан тәрізді. Себебі, қазір менің артымда кезек-кезек аңдушы жүр. Олар бізді аңдып қана қоймай, Варшаваға барар сапарымыз алдында тосқауыл қою үшін арандатушылық әрекет жасауы мүмкін.

ЕҚЫҰ-ның адами өлшемдер бойынша Польша астанасында өткізіп жатқан кезекті мәжілісі қазанның 13-іне дейін жалғаспақ.
XS
SM
MD
LG