Accessibility links

Халықаралық индекс Ресейді, Қытайды және Түркияны ең парақор елдердің қатарына қояды


“Эмнисти интернэшнл” ұйымы эспортқа өнім шығаратын әлемдегі жетекші 30 елдің шетелде сауда жүргізу үшін пара беруді қалай қолданатыны туралы салыстырма есебін жариялады. Аталған ұйымның хабарлауынша, пара беру тәжірибесі, ондай әрекетті қылмыс деп бағалайтын халықаралық ереженің болуына қарамастан, барлық елде кең жайылған. Кәсіпкерлері ең пара беретін елдердің алды болып Ресей мен Түркия және экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Қытай аталып отыр. “Азаттық” Радиосының тілшісі “Эмнисти интернэшнл” ұйымы өкілімен оның соңғы есебі туралы сұхбат өткізді.

Шет елдердің экспорттық нарықтарына өзінің тауарлары мен қызметін сату үшін пара беруді мейлінше аз қолданатын елдердің тізімінде Швециямен қарама-қатар Швейцария бірінші болып тұр. “Эмнисти интернэшнл” ұйымының халықаралық тізіміндегі параны көп беретін “жаман елдердің” қатарында Қытай, Ресей, Түркия және экономикалық жүйесі қарқынды дамып келе жатқан, кейде тіпті дүниежүзілік экономиканың қозғаушы күшіне ұқсаған Үндістан келеді.

Берлинде тіркелген және жемқорлыққа қарсы науқан жүргізетін тәуелсіз “Эмнисти интернэшнл” ұйымының жүргізген зерттеуінің аға үйлестірушісі болған Мэри Уолкерстің мәлімдеуінше, сауда жасайтын осындай маңызды елдердегі пара беруге дайын компанияларды есептеу “үрей” туғызады.

М.УОЛКЕРС: “Әлемдегі ең үлкен экспортерлердің қатарындағы сол елдердің, экономикалық жүйелері өркендеп келе жатқан сол елдердің өте-мөте нашар нәтиже көрсеткені анық үрей туғызады, әсіресе Үндістан, Қытай және Ресей. Олар индекстің ең астында тұр және бұл индекс – оларға өздерінің іс-әрекетін өзгертуі керек деп қоңырау шалады”.

“Эмнисти интернэшнл” ұйымының атап көрсетуінше, осындай пара бергіш елдер “таза” бизнес ережесімен іс атқарғысы келген елдердің жолын ауырлатады. Қытай, Ресей және Үндістан тәрізді ірі мемлекеттер жемқорлықты ауыздықтау мақсатымен қабылданған халықаралық ережелерді мойындамайынша, деп ескертеді халықаралық ұйым, ахуалды түзеуге бағытталған ғаламдық іс-әрекет нәтиже бермейді. Бұл жерде “Эмнисти интернэшнл” тобы, негізінен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы әзірлеген “Жемқорлыққа қарсы келісімді” нұсқап отыр. Кәсіпкерлікті жемқорлық инфекциясынан қорғау үшін қабылданған бұл халықаралық Келісім 2003-інші жылы күшіне енді. Бірақ Ресей мен Қытай және Үндістан ол келісімге қол қоймады. Халықаралық индекстің ең астында тұрған Түркия қол қойды. Бірақ Анкара келісімнің шарттарын онша көп орындай қойған жоқ.

Мэри Уолкерстің айтуынша, “Эмнисти интернэшнл”-дың Түркияға берген бағасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының оған өткен маусым айында берген бағасын дәл қайталайды.

М.УОЛКЕРС: “Бұл үлкен үрей туғызатын нәрсе және бұл Түркияға қатысты зор үрей шақыратын есебін жариялаған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бағасымен сәйкес келеді. Мен мұны өте жақсы емес деп білемін”.

Мұндай ащы сын Түркия үшін Еуропа Одағына мүше болып қабылдануға үміттенген аса қиын кезде айтылып отыр. Өткен аптада Еуропа парламенті Түркияның Еуроодаққа мүше болып кіруіне бөгет болатын көптеген кемшілігін нұсқап көрсеткен өткір мәлімдеме жасады. Сауда-саттықпен айналысу үшін пара берудің әлемнің көптеген елінде “дәстүрге” айналғанын және сол себепті де оны толық жоюдың оңайға соқпайтынын “Эмнисти интернэшнл” ұйымы мойындайды. Бірақ, сонымен бірге, жемқорлыққа қарсы ұлттық және халықаралық күрестің күшейе түсуі, сондай-ақ жекелеген компаниялардағы этикалық стандарттардың жетіле түсуі бұл ұйымның үмітін өшірмейді. Мэри Уолкерс осылай деп атап көрсетті.

М.УОЛКЕРС: “Біз заңдардың барған сайын тиянақты орындалып, қадағаланғанына және елдердің сот жүйелерінің ойдағыдай іс атқарып, жаза қолданып жатқанына ғана үміт артамыз. Біз осындай жайттарды барған сайын көп көретін болдық. Америка Құрама Штаттарында шет елдерде пара берген 50-ге жуық елді сот жазасына тартты және Францияда осындай 50 оқиға болды. Демек, оң хабарлар да баршылық”.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG