Accessibility links

Көп ауғандық өз бәсекелестерінің жалған ақпарат беруінен АҚШ-тың қамау мекемесінде отырғаны анықталған


Құқық қорғаушы және әскери сарапшылар Ауғаныстандағы Құрама Штаттар күштері Бағрам базасында көптеген ауғандықты заңсыз ұстап отыр деді. Олар бәсекелес ауғандықтардың өш алу мақсатындағы жалған ақпаратымен қамауға алынған. Олардың көбіне қылмыс жасады деген айып тағылмаған. Дегенмен, Ауғаныстанның келісімге келтіру комиссиясының араласуымен жүздеген адам босатылған. Енді Азаттықтың тілшісі хабарлап отырғандай, аталмыш комиссия сенбі күні тағы біраз қамаудағыларды шығару үшін Бағрамдағы әуе базасында орналасқан АҚШ-тың әскери қамау орталығына баруды жоспарлап отыр.

Аманулла өзінің Қабулдың солтүстігіндегі Бағрам әуе жайындағы қамау орталығында жазықсыз 14 ай отырғанын есіне алса, ашу-ызасы келеді. Совет одағының Ауғаныстанды басып алуына қарсы күрескен 56 жасар ардагер өзін террорист деп жалған айыппен ұстағанын айтады.

Аманулланың сөзіне қарағанда, оны 2004 жылдың басында АҚШ күштерінің рейді кезінде Вардак провинциясындағы үйінде ұстап әкеткен. Ол өзінің бір жылдан аса уақыт қамауда жалғыз отырғанын, одан кейін басқа 16 ауғандықпен бір камераға ауыстырылғанын, бірақ олардың өзара сөйлесуіне, бір-біріне қарауына тыйым салынғанын айтып отыр. Қазір Логар провинциясында тұрып жатқан Аманулла әзірге дейін сол кезде өзіне тағылған айыптың қандай болғанын немесе АҚШ әскеріне жалған ақпаратты кім бергенін білмейді:

“Мен Ауған билігінің жауапкершілік алып Құрама Штаттардан олар мені неге ұзақ уақыт қамауда ұстағанын сұрағанын қалаймын. Және олар менің қылмысым қандай болғанын айтуы керек. Әйтпесе, мені ұстап берген ауғандықтар жауап беруі керек. Мен ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Мен тек Ауғаныстанның азаттығы үшін Совет күштеріне қарсы күрестім. Жихадтың жауларының бірі коммунистер болды. Сонымен қатар, менің жеке басымның дұшпандары маған қарсы жалған айыптар айтуы мүмкін”.

Аманулла айыпсыз қамауда отырған жалғыз ауғандық емес. Жүздеген ауғандық талибан режимі құлатылғаннан бері Ауғаныстанда орналасқан АҚШ-тың құпия қамау мекемелерінен өткен. Олардың бәрі сол жүйенің шырмауына түсіп, олардың құқықтарын қорғайтын ешқандай заңды қорғаушылары болмаған.

Ауғаныстандағы жағдайды жазатын "Jane's Defence Weekly" басылымының тілшісі Рахул Беди Азаттыққа берген сұхбатында, жергілікті бәсекелес топтар АҚШ әскерилерін өздерінің бұрынғы дау-дамайына кек қайтару үшін пайдалануынан қамауға алынған көп ауғандық талибан немесе террорист жалған ақпаратпен ұсталған:

“Ауғандықтар өте қытымыр әрі айлакер халық. Және олар менің пікірімше тайпаға берілгендік пен мәдениеті жайында немесе олардың тілдерін білмейтін Батыстықтарды оның ішінде американдықтарды оп-оңай ақымақ қыла алады. Көп есеп айырысу орын алды. Көптеген қате қамауға алулар болды”.

Есептерге қарағанда, бұл АҚШ күштері ұстап отырған Бағрамда 500 дей адам қамауда отыр, олар арабтар, пәкістандық және кейбір орта азиялықтар. Бірақ, ондағының көбісі ауғандықтар екен. Олардың шашы алынып, Кубадағы Гуантанамо базасындағы қамаудағылар сияқты бәрі бірдей сарғыш түсті арнайы киім киген. Ауғаныстандағы Human Rights Watch (HRW) зерттеушісі Сэм Зиа Зарифидің айтуынша, кейбір ауғандықтар ешқандайда айып тағылмастан, Бағрамдағы қамауда 3-4 жылға дейін отырған. Зарифи айтып отырғандай, террорист деп күдіктелгендерді қамауда ұстау жөніндегі заң АҚШ президенті Джордж Буштың қол қоюын күтіп жатыр. Ол заң күшіне енгеннен кейін тіпті Ауғаныстанда қамауда отырғандар өздерінің жалған ақпаратпен ұсталып, қате айып тағылғанын дәлелдеп өздерін қорғай алмайды.

Бұл арада адвокаттар Уашингтонда Бағрамда айып тағылмай ұсталған 25 ауғандықта босатып алуға тырысып жатыр. Олар федералды сотқа ол қамауға алынғандар жалған ақпаратпен ұсталғанын дәлелдейтін құзырхат жолдаған. Ауғаныстандағы келісімге келтіру комиссиясының басшысы Себғатулла Муджадиди, АҚШ-тың түрмесінде отырған барлық ауғандықтың тағдыры жайында сенбі күні АҚШ ресмилерімен бірге Қабулдан Бағрамға делегация барған кезде талқыланады деген. Оның сөзіне қарағанда, оның комиссиясының араласуымен Бағрамда соңғы 18 ай бойы отырған, ішінде Амануллада бар 462 жазықсыз деп танылған ауғандық шығарып алынған. Және 17 ауғандық Гуантанамодағы абақтыдан босатылған.
XS
SM
MD
LG