Accessibility links

Алматыдағы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі ғимаратсыз қалды


Алматы қаласында орналасқан Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі бұған дейін пайдаланып келген ғимаратынан айрылып, жұмысын тоқтатып отыр. Музей қызметкерлерінің айтуынша, қала әкімшілігі 2003 жылы іргесі қаланған музейді орнынан көшірмек болып, оның ғимаратын елдегі ірі коммерциялық банктердің біріне пайдалануға берген. Ал қазақстандық тарихи-ағарту және құқық қорғау «Әділет» қоғамы қала әкімшілігінің бұл ісін Президент шешіміне қарсы әрекет деп бағалап отыр.

Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейін құру бұдан алты жыл бұрын Президент әкімшілігінің «Тарихи-ағарту және құқық қорғау «Әділет» қоғамының ұсынысына байланысты іс-шараларды атқарудың жоспары» деген қаулысында айтылған болатын. Осыған сәйкес 2003 жылы Алматы қаласындағы бұрынғы НКВД орналасқан ғимараттың ішінен музейге арнап орын беріліп, оның алғашқы кезеңін бейнелейтін залы жұмыс істей бастаған. Ал 1933 жылдан 1986 жылға дейінгі кезеңді қамтитын екінші залы белгісіз себептермен ашылмай қалған. «Ал қазір екінші зал тұрмақ, өскелең ұрпақ үшін тәлімі мол музейдің өзінен де айрылып қаламыз ба» деп қорқынышын білдіреді Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің қызметкері Назира Жақауова.

- Осы ғимаратта елімізге танымал қазақ зиялылары атылған болатын сондықтан да музейді орнынан қозғау әрине, дұрыс емес. Астыңғы қабатында жертөлелерде ату кабинеттері сақталған. Соның бірін қалпына келтіріп, көрсетіп қоямыз ба деген ойымыз болатын. Біздің күтіп отырғанымыз бір ғимарат берсе. Кезінде ағаларымыз қуғын-сүргіннен атылса, енді оларға арналған музей де қуғын-сүргінге ұшырамаса деп ойлаймын, - дейді Назира Жақауова.

Жәдігерлерді буып, жәшіктерге жинастырып қойған музей қызметкерлері қазір қала әкімшілігінің нұсқауымен басқа орынға көшейін деп отырғандығын айтты. Ал осы музейдің құрылуына түрткі болып, оның жұмыстарына атсалысып жүрген «Тарихи-ағарту және құқық қорғау «Әділет» қоғамының» атқарушы директоры Сәуле Айтмамбетова тарихи музейді көшіруге деген наразылығын былайша жеткізді.

- Бұл музей қалаға қарайды. Ал әкімшілік музей үшін төлегісі келмейді. Енді музейді бекініс тұрған, жартылай қираған Кіші станицаға көшіргісі келеді. Кім барады ол жерге. Осы мәселені реттеу мақсатымен қала әкімінің орынбасары Сейдумановқа хабарласқанда, ол қолдан келген көмекті көрсетемін деп уәде берген. Содан хабар жоқ. Онан кейін президентке де хат жаздық.

Қалыптасқан жағдайдың мән-жайын анықтау мақсатымен қала әкімдігіне телефон соққанымызда, ол жақтағылар қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Сәуле Айтмамбетова халықтың ынтызарын жоғалтпас үшін әкімдік музейді ең болмағанда, осы сияқты басқа бір ғимарат ішіне көшірсе екен деген де ұсыныс айтқан.

- Сол ғимаратқа қарсы жақта, Қарасай батыр көшесінде екі этажды үй бар. Бұрын сол үйде 1937-1938 жылдары тұтқындалғандар мен олардың отбасылары кездесетін. Соны беріңдер деп айттық. Немесе Байтұрсынов музейі қасынан орын берсеңдер, сонда ғана ол шын мәніндегі тарихи музей бола алады деп айттым. Жалпы, келетін адамдар тек жәдігерлерді көру үшін ғана емес, тарихта аты аталған жерлерді өз көзімен көру үшін де келеді.

Ал тарихшы, академик Кеңес Нұрпейісовтың пікірінше, бұл музей тек қазақстандықтар үшін ғана емес, кеңес кезенінде қуғынға түскен барлық халықтар үшін де құнды деп, оның патриоттыққа, адамгершілікке тәрбиелеудегі маңызына мән береді.

- Әкімшіл-әміршіл билік жүйесінің зиянды зарбаптарын шеккен, халықтың қасіретін түсінген келесі заманның әрбір ұрпағы жүрегіне жылылық ұялатуы керек. Жақсылыққа жақын болуы керек. Музейден айрылып қалатын болсақ, халыққа керекті ең маңызды бөлшегімізден айрылып қаламыз.

Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі қазір Алматы қаласы музейінің құрамына кіреді.
XS
SM
MD
LG