Accessibility links

Әлем елдерінің өкілдері Иранға қарсы санкциялар турасында кеңесуге келісті


Әлемнің қуатты деген алты елінің өкілдері жұма күні Лондонда кездесіп, Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі тығырықтан шығу жолдарын іздестірді. Бұл талқылауларға Франция мен Британияның, Қытай, Германия, Ресей мен АҚШ-ң сыртқы істер министрлері мен дипломаттары қатысты.

Осы талқылауларды жүргізген Британияның сыртқы істер хатшысы Маргарет Бекетт алты елдің сыртқы істер мекемесінің жетекшілері БҰҰ-ң 41-ші бабына сәйкес шаралар төңірегінде ақылдасуға келіскендіктерін жеткізді. Бұл бап бойынша, Қауіпсіздік кеңесінің шешімдерін жүзеге асыру үшін экономикалық немесе дипломатиялық санкциялар салуға мұрсат берілгенімен, соғыс қимылдарына рұхсат етілмейді.

Алты елдің өкілдері атынан сөйлеген сөзінде Маргарет Бекетт өздерінің Техран уранды байыту қимылдарын тоқтатуға дайындалуда ма, жоқ па деген тұрғыда бір мәмлеге келе алмағандықтарын айтты.

- Маусым айында Венада біз мұнда алда екі жол бар екенін айтқан едік. Біз Иранның бір оң жолды таңдамағанына өкініштіміз. Біз бұл ретте бір келісімдерге келу тұрғысында күш-жігерді жалғастыра береміз және біздің сол маусымдағы ұсыныстарымыз өз күшінде қала береді.

Бекеттің бұл жерде айтып отырғаны - Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесінің Иранға ұсынған экономикалық ұсыныстар жиынтығына қатысты.

Бұл ұсыныстарға орай өз жауабында Иран оны "қос мағыналы" деп атап, уранды байытуды тоқтатудың алғышарты ретінде келіссөздер жүргізуге келіскен болатын.

АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Николас Бөрнс егер Иран Ислам республикасы өз бағытын өзгертетін болса, ол ұсыныстар да өз күшінде деген болатын жұма күні.

Бөрнс сондай-ақ журналистерге берген сұхбатында келесі аптада қуатты алты елдің өкілдері Қауіпсіздік кеңесінің санкциялар туралы қарар жобасын дайындауға кіріседі дей келе, алты өкіл санкциялардың қандай болатыны турасында сөйлеседі деп атап көрсеткен.

Қауіпсіздік кеңесінің Иранға уранды байытуды тоқтатуы үшін берген кесімді мерзіміне Техран мойынұсынбаған соң, АҚШ санкциялар салу керек деген бағытты мықтап ұстанған-ды.

Байытылған уран азаматтық ядролық реактор үшін отын бола алады, сондай-ақ оны ядролық бомба жасауға да қолдануға болады. Иран өздерінің уранды тек бейбіт мақсатқа пайланатындығын айтуда, бірақ оған Батыс сенімсіздікпен қарайды.

Иранмен экономикалық мүдделері қабысатын Ресей және Қытай Иранға экономикалық санкциялардың салынуына қарсы болып, мәселені дипломатиялық жолмен шешуге шақырып келеді. Жұма күнгі Лондондағы басқосуда Ресей өз бағытын қайталап, Техранмен әлі де келіссөздер жүргізуге шақырды.

Сәрсенбі күні Иран президенті Махмұд Ахмединежад өз елінің қуатты ел екендігін және ешқандай да мәжбүрлеуге көнбейтіндіктерін мәлімдеді, дегенмен де Техранның келіссөздерге әзір екендігін айтқан болатын.

- Біз келіссөздерді таңдаудамыз, біз түсіністікті, пікір алысуларды қалаймыз, бірақ оның бәрі де әділеттілік пен заңдылық тұрғысында болуы керек, - деген еді Иран президенті.

Ал бейсенбі күні Европа одағының сыртқы саясат жетекшісі Хавьер Солана диалог жүргізу үшін есік әрдайым да ашық қалуы керек деген болатын.

Дегенмен де, ақпарат агенттігі АҚШ ресмиінің алты қуатты елдің өкілдері алдағы аптада Иранға қарсы санкциялар салу мүмкіндігін қарастыратын қарар жобасын әзірлеуді бастайды деген сөздерін келтірген.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG