Accessibility links

Путиннің президенттігі кезінде 13 журналист қасақана өлтірілді


Журналист Анна Политковскаяны өлтіру тапсырыспен жасалған қылмысқа ұқсайды. Ондай болса Анна Политковская Ресейде 2000 жылы билікке президент Владимир Путин келгелі тапсырыс бойынша өлтірілген журналистердің қара тізіміне қосылады. Путиннің президенттігі кезінде Ресейде осы күнге шейін 12 журналист қасақана өлтірілді. Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" осындай баяндамасын жақында ғана жариялаған болатын. Ол 12 журналист кім, оларды аты-жөндері қандай?

"Журналистерді қорғау комитеті" осы маман иелерінің өмірлеріне ең қауіпті елдердің тізімін жасағанда Ресей үшінші орында аталды. Бұл баяндама таяуда жарияланды. Бірінші орында Ирақ, екінші орында Алжир. Ирақта соғыс жүріп жатыр, Алжирде де бейбітшілік жоқ. Бірақ Ресей тыныш мемлекет деп қабылданады. "Журналистерді қорғау комитетінің" өкілі Аби Райт бұл Ресейде баспасөз бостандығы қаншалықты кемігенін көрсетеді, тапсырыспен журналистерді өлтірудің ұлғайғаны осының нақты белгісі дейді.

Ресейде журналистер әр түрлі жағдайда өлтіріледі. Олар - не мемлекет деңгейінде, не жергілікті аймақ деңгейінде үкімет саясатына сыни ақпарат жариялайтын журналистер. Және олардың көбі қылмыс жасалу кезеңінде сыбайласқан жемқорлық тақырыбын зерттеп жүрген. Мемлекет орталығы Мәскеуден алыстаған сайын журналистерді өлтіру қылмыстары қиындай түседі. Путин билікке келгелі тапсырыспен өлтірілген Ресей журналистері кім?

Біріншісі – "Новая газета" басылымының тілшісі, 42-жасар Игорь Домников. Қылмыскерлер оны Мәскеуде үйінің алдында балғамен ұрды, Домников ауруханада 2000 жылы 16 шілдеде қайтыс болды. Домниковтің әріптестері ол қателікпен өлтірілді, қылмыскерлер коррупция тақырыбын зерттеп жүрген басқа журналисті өлтірмек болған дейді.

Екіншісі – Сергей Новиков, ол Смоленск қаласында "Весна" радиокомпаниясын басқарған. Радиокомпания жергілікті әкімшіліктегі коррупцияны зертейтін. 36-жасар Сергей Новиков 2000 жылы 26 шілдеде пәтерінің алдында атып өлтірілді.

Үшіншісі – "Азаттық" радиосы Тәжік редакциясының Мәскеудегі тілшісі Исқандар Хатлони. Белгісіз адамдар оны 2000 жылы 21 қыркүйекте пәтерінде балтамен шапты. 46-жасар Исқандар Хатлони сол түні ауруханада қайтыс болды. Исқандар Хатлони Чешенстанда Ресей әскері тарапынан жасалатын адам құқықтарын бұзу оқиғалары туралы репортаж дайындап жүрген.

Төртіншісі - 30-жасар Сергей Иванов. Ол Тольятти қаласында саясатқа ықпал жасайтын "Лада" телекомпаниясын басқарған. Оны белгісіз біреулер атып өлтірді.

Бесіншісі – 24-жасар Адам Тепсұрғаев. Чешен тілінде сөйлеген қарулы азаматтар оны Грозный қаласына жақын Алхан-қала ауылында атып кетті. Бұдан соң ол қансырап өлді. Адам Тепсұрғаев Рейтерс ақпарат агенттігіне хабар беретін.

Алтыншысы – 29-жасар Эдуард Маркевич, Свердлов облысы Рефтинский қаласындағы "Новый Рефть" газетінің редакторы. Эдуард Маркевич жергілікті басшыларды көп сынайтын. Оның мәйіті 2001 жылы 18 қыркүйекте табылды.

Жетіншісі – 29-жасар Наталья Скрыль, Дондағы Ростов қаласында шығатын "Наше время" газетінің тілшісі. Ол жергілікті металлургиялық комбинаттың төңірегіндегі дауды жазған. Белгісіз біреулер оны қаты соққыға жықты, Наталья Скрыль 2002 жылы 9 мамырда қайтыс болды.

Сегізіншісі – 32-жасар Валерий Иванов, Тольятти қаласында шығатын "Тольяттинское обозрение" газетінің бас редакторы. Белгісіз біреу оны сегіз рет басынан атты.

Оның орнына келген досы, 31-жасар Алексей Сидоров 2003 жылы 9 қазанда пышақтап өлтірілді. "Тольяттинское обозрение" газеті жергілікті билік орындарындағы коррупцияны және қылмыс тақырыбын жазып жүрген.

Ресейде Путиннің билігі кезінде өлтірген оныншы журналист – 37-жасар Дмитрий Швец, Мурманск қаласында "ТВ-21" телекомпаниясында екінші басшы болған. Телекомпания журналистері қала әкімінің сайлауына қатысты кейбір саясаткерлердің істерін хабарлап жүрген. Дмитрий Швец 2003 жылы 18 сәуірде кеңсесінің маңында атып өлтірілді.

Он біріншісі – 41-жасар Павел Хлебников, "Форбс" журналы Ресей басылымының редакторы. Ол 2004 жылы 9 маусымда кеңсесінің маңында атып өлтірілді.

Қара тізімдегі он екінші журналист – дағыстандық азамат Магомедзағид Варисов. Ол "Новое дело" апталығына саяси сараптама жасайтын. Магомедзағид Варисов Махачқалада 2005 жылы 28 маусымда өлтірілді.

Міне, Ресейде 2000 жылдан бері, Путиннің билігі кезінде өлтірілген осы 12 журналистің қаралы тізіміне Анна Политковская қосылды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG