"Азаттық" радиосына берген сұхбатында бұрынғы елші Джеймс Лиллей Қытайдың Солтүстік Корея жөнінде жүргізіп отырған саясаты өте ерекше дейді. Қытай бір жағынан Солтүстік Кореяның құлдырағанын қаламайды, Қытай сонымен қоса екі корей мемлекетінің бірігуін де қаламайды. Қытай екі мемлекет қайта тұтас болса Америка Құрама Штаттарының ықпалы өсе түседі деп сескенеді, сондықтан Қытайға Солтүстік Кореяның осы қалпында қалғаны, буфер мемлекеті ретінде қалғаны ұтымды:
- Қытайлықтар Ким Чен Ирді жек көреді. Олар оны сталиншіл құбыжық дейді, ол іскетатыр экономикалық бағдарламаларды қабылдаған жоқ дейді. Бірақ олар Ким Чен Ирдің аман қалғанын қалайды. Олар оның бытшыты шыққанын қаламайды. Себебі мұндай жағдайда Қытай нақты проблемаларға тап болады. Солтүстік Корея құлдыраса белбеуі тат басқан Манжурияға бес миллион босқын сау ете түседі. Ал мойнынан бұтына шейін медаль асынған есі ауысқан Солтүстік Корея генералдарының бірі химиялық қаруға қол жеткізді. Ол не тозақ ойластырып жатыр?
Джеймс Лиллей Қытай үшін Солтүстік Кореяның жойқын қаруға қол жеткізгені екінші мәселе, ядролық қаруды таратпау мәселесі екінші орында, Қытай Солтүстік Кореяның қазіргі қалпында қалғанын қалайды дейді.
Джеймс Лиллей АҚШ Солтүстік Кореяның талабына құлақ асып, Пхеньянмен тікелей келіссөз өткізгені жөн бе деген келесі сауалға былай деп жауап берді:
- Олар шарт қойғысы келеді, Пхеньянға келулерің керек, бізбен жоғары дәрежеде келіссөз жүргізулерің керек, тағысын тағы дейді. Мұның барлығына көнсек не болады? Біз неге мұны істемейміз? Біз алып күшпіз, бұл қолымыздан келеді. Неге оны біз істесек жөн? Біз олармен неге саудаласып отырмыз?
Джеймс Лиллей бұл мәселеде компромиске барса болады дейді. Яки екі тарап келіссөзіне барып, Солтүстік Кореяны алты тарап келіссөзіне қайтуға ынталандыруға әрекет жасау керек, олар бұл шартқа көне қоя ма екенін көруге болады дейді Джеймс Лиллей. Мәселеге қатысты соңғы жаңалықтардың бірін айтсам – Солтүстік Корея сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, АҚШ бізді "кемсіте" берсе тағы да ядролық бомба сынақтарын жасай аламыз деп ескертті. АҚШ Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі арқылы Солтүстік Кореяға санкция орнатуды қарастырып жатыр. Солтүстік Кореяның бұған жауабы міне осындай боп отыр.