Accessibility links

Екібастұз қаласында уағыз айтып жүрген 6 адам ұсталып, «Таблиғи жамаат» діни ұйымының бір мүшесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды


Павлодар облысы Екібастұз қаласында діни сипаттағы "Таблиги жамаат" ұйымының бір мүшесі "есептік тіркеусіз миссионерлікпен айналысты" деген айып бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Ол өзінің серіктерімен бірге Екібастұздағы орталық мешітте діни уағыз жүргізген кезінде ұсталған. Бұл жөнінде "Азаттық" радиосына жұма күні Екібастұз қалалық прокуратурасынан хабарлады. Алайда, адам құқығын қорғаушылар адамды діни уағыз айтқаны үшін жауапқа тартуға болмайды деп есептейді. Өйткені, халықаралық талаптар мен Қазақстан заңнамасы бойынша діни уағыз жүргізу - ар-ождан мен діни бостандықтың ажырамас бөлшегі дейді сарапшылар.

Қазанның 8-сі күні кешкі сағат 10 шамасында Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы орталық мешіттің бас имамы сырт пішіндері өзіне күдікті көрінген 30-40 жас аралығындағы 6 адамның мешітке келген жастармен әңгімелесіп жатқанын көріп, оларды тоқтатқанын айтады:

- Тарауых намазынан кейін біз енді шығайық деп жатсақ, бір топ жамағатты жинап алып, айналып, шеңбер жасап, өздерінше бір насихат айтып жатты. Сосын олардан сұрадым: «Сіздер қайдан жүрсіздер? Рұқсаттарыңыз бар ма діни басқармадан?» Олар: «Рұқсат жоқ. Біз Таблиғи жамағаттанбыз», деді. Сосын мен оларға рұқсат болмаса, мешіттің ішінде уағыз айтуға болмайтындығын жеткізіп, оларды далаға шығардық Өйткені, олардан қорқатынымыз - киімдері өзгеше, бастарында - сәлде, үстіне шапан киген, сақалдарын жіберген. Діни фанаттар ғой!

Ал Екібастұз қалалық прокуратурасының бөлім бастығы Мұрат Қасымов жұма күні «Азаттық» радиосына, ұсталған 6 адамның 5-уінің кінәсі дәлелденбегендіктен босатылғанын, ал бір адамға қатысты «есептік тіркеусіз миссионерлік қызметпен айналысты» деген күдікпен әкімшілік іс қозғалып, оған сот шешімімен 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынғанын хабарлады.

- Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 375-ші бабының 3-ші тармағы бойынша жауапқа тартылды. Яғни, есептік тіркеусіз миссионерелік қызметпен айналысу. Ол өзінің «Таблиғи жамаат» ұйымының мүшесі екендігін және уағыз айту үшін келгендігін айтты. Қалғандары олай деген жоқ. Миссионер деген қалай ол? Сіз бір жерге барасыз, басқа бір дінді уағыздау үшін. Сіз келгеннен кейін жергілікті әкімшілікке «мен – миссионермін, мынандай дінді уағыздаймын, мені тіркеңіздер» деп айтуыңыз керек, - дейді прокуратура өкілі.

Екібастұзда ұсталған әлгі діни уағыз айтушы 6 адам, негізінен, Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары екені анықталыпты. Заң орындары оларды қазанның 11-і күні Екібастұз қаласынан шығарып жіберген. Олар Қазақстанда облыстарды аралап, өздерінің діни көзқарастарын елге таратуды мақсат тұтқан. Бірақ бұндай іс-әрекетіне бола адамды жауапқа тарту – азаматтың діни сенім-наным бостандығына нұқсан келтіреді дейді адам құқығын қорғаушылар.

- Олар облыстарды аралап, өздерінің ислам мен Құранды қалай қабылдайтындықтарын түсіндіргілері келді. Бұл - діни ілімді уағыздау деп аталады. Ал діни ілімді уағыздау – ар-ождан және діни сенім-наным еркіндігінің ажырамас бөлшегі. Бұл халықаралық талаптарға да, біздің заңдарымызға да сәйкес келеді. Кез-келген адам көшеге шығып, діни уағыз айтуға құқылы! - дейді адам құқығы бойынша Алматы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина.

Дегенмен, Екібастұз мешітінің бас имамы кез-келген исламдық діни ұйым ең алдымен Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасынан рұқсат алуы тиіс, тек сонан кейін ғана олардың мешітте уағыз жасауларына жол беріледі дейді:

- Діни басқармадан ондай рұқсаты жоқ кісілерге жол бере алмаймыз. Өйткені, ертең Діни басқарма бізді жауапқа тартады. Егер олар уағыздап жүрген дінде күмән жоқ болса, онда Діни басқармаға арнайы барып, тіркеліп, рұқсаттарын алу керек. Ал діни басқарма рұқсат бермесе, онда олар - дұрыс емес кісілер! Өйткені, сақтануымыз керек. Бүгін былай деп келіп, ертең «Хизбут Тахрир» болып шығуы мүмкін. Тіпті, өздері машинамен жүр екен. Көліктерін МАИ тұтқындады.

Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек болса, «Таблиғи жамаат» ұйымының қоғам үшін айтарлықтай қауіпті емес екендігін мойындайды, бірақ мұндай ағымдардың барлығы бір ұйымның, яғни, Мұсылмандар Діни басқармасының қарамағында болғаны дұрыс деп есептейді:

- Мұның бір үлкен кемшілігі бар. Ол – осыған кірген адам айлап отбасын тастап, қаңғырып кетеді. «Дағуат» дейді, дінге шақыру уағызымен жүреді. Қайда, не істеп жүргенін ешкім білмейді. «Хизбут Тахрир», «Ахмадия жамағаты» тәрізді соншалықты қауіпті емес, бірақ, оны қойып, біздің мәсхабымыздың аясында болғаны жөн ғой.

Бұл кезде Бас прокуратура іс-әрекеттері жағынан террористік және экстремистік деп танылған, Қазақстан ауқымында қызметіне тыйым салынған ұйымдардың тізімін мемлекеттік «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жариялап, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жаппай жүргізуді қолға алып жатыр.

- Бұл ескерту ғой. Біздің жұрт заң жағынан сауатсыз ғой. Мақсат - соларға түсіндіру. Міне, былай қылсаң - заңды бұзғаның, бұл жәй нәрсе емес. Негізі алдын-алу шарасы. Әйтпесе, қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ, алдын-алу мақсатында жарияланған нәрсе. Маңайымызда болып жатыр ғой сондай, – дейді Қазақстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметкері Сәулебек Жәмкенұлы.

Қазақстанда Жоғарғы сот арқылы 11 ұйым террористік деп танылып, олардың қызметіне республика ауқымында қатаң тыйым салынған. Сонымен бірге Астана соты «Хизб-ут-тахрир» ұйымын экстермистік деп тауып, бұл ұйымның да Қазақстанда заңды түрде жұмыс істеуіне рұқсат бермеген. «Таблиғи жамаат» ұйымының атауы ол тізімде көрсетілмеген.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG