Accessibility links

Вашингтон Солтүстік Кореяны жазалауды көздеген қарардың жұмсартылған жобасын кіргізді


АҚШ бейсенбі күні БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне Солтүстік Кореяны ядролық сынақ жасағаны үшін жазалауды көздеген қарардың жұмсартылған жобасын кіргізді. АҚШ әкімшілігі қарар жобасы жұма күні дауысқа салынса деп тілек білдірген. Дегенмен Қауіпсіздік Кеңесіндегі басқа екі тұрақты мүше – Қытай мен Ресей бұған ынта танытпай отыр. Қытай мен Ресей Солтүстік Корея жазаланса жөн, бірақ шараларды байыппен қолдану керек, себебі Солтүстік Кореяның беталысын болжамдау мүмкін емес дейді.

АҚШ әкімшілігі ресми кіргізіп отырған қаулы жобасы Қытай мен Ресейдің талаптарын ескеріп отыр. Вашингтонның алғашқы жобасында санкциялар БҰҰ Жарғысының жетінші тарауының негізінде орнатылсын деген. Оның шеңберінде Солтүстік Корея санкцияларды қабылдамай қойса, келісімге келмесе әскер күшін қолдануға болады. Әскер күшін қолдану мүмкіншілігі енді қарастырылмайтын болады, қаулының жаңа жобасында экономикалық санкциялар ғана қарастырылып отыр. Қытай мен Ресейдің айтатындары – Солтүстік Корея қарусыздансын, бірақ дағдарыс келіссөз арқылы шешілсін, әйтпеген жағдайда Солтүстік Корея аймақтағы жағдайды бұзып жібереді деп алаңдайды. Қытай – Солтүстік Корея ең көп сауда жасайтын ел. Ресей де Солтүстік Кореямен сауда жүргізеді және Пхеньянды баяғыдан саяси тұрғыда қолдайды.

АҚШ кіргізген қарар жобасында үлкен қарамақайшық туғызып отырған жайт та бар. Мәселен, Солтүстік Кореяға кіретін және осы елден шығатын барлық жүк тасымалдары халықаралық инспекция арқылы тексерілсін делінеді. Қытай бұған қарсы, себебі мұндай жағдайда Қытай теңіз жағалауының маңында халықаралық жасақтарды орналастыруға тура келеді. Дегенмен, қарар жобасының өзге тұстары талас туғызбайтын көрінеді. Мәселен, Солтүстік Кореяның зымыран бағдарламасына және ядролық бағдарламасына қажет заттарды кіргізуге тыйым салынбақ. Солтүстік Кореяның заңсыз жиналған қаржы қорларын жауып тастау керек, Солтүстік Корея басшыларының шетел сапарларына шектеу қою керек деген ұсыныстар оңай қабылданатын көрінеді.

АҚШ-тың Біріккен Ұлттар Ұймының елшісі Джон Болтон жоба дауысқа бүгін салынады деп үміт білдірді:

- Қауіпсіздік Кеңесі ядролық сынаққа осы сынақ жасалған күні жауап берсе жөн. Бұл шара қолдану үшін тым көп деп ойламаймын. Алшақтықтар әлі бар, қарардың кейбір маңызды тұстары жайында қайшылықтар әлі бар.

АҚШ елшісі Солтүстік Кореяға қатаң жауап беруміз керек десе, Қытай дағдарыс тек бейбіт жолмен шешілу керек дейді. Ресейдің осы ұйымдағы елшісі Виталий Чуркин жоба дауысқа жұма күні салына қоймас деді, қаулы мәтіні бойынша келісім табуға әлі бірнеше күн керек деді:

- Реакция қатаң болса жөн деп ойлаймыз, бірақ бұл сабырлықпен жасалған реакция болу керек. Қарар Қауіпсіздік Кеңесінің өте қатаң реакциясы болмақ. Қауіпсіздік Кеңесінен тыс осы мәселеге қатысты, әлемнің осы аймағына қатысты жасалған өзге мәлімдемелер барлық шаруаны бүлдірген болатын, жағдайды қиындатқан болатын. Біз мұны Қауіпсіздік Кеңесінің деңгейінде қайталағымыз келмейді.

Міне, Солтүстік Кореяның ядролық дағдарысы жайында АҚШ кіргізген жоба жайында Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – Қытай мен Ресей осылай дейді.

AzattyqTV

АҚШ-ты көру арманы

Ағылшын тілін 72 жаста оқу

XS
SM
MD
LG