Accessibility links

Қазақстан ғылым саласына бөлінетін қаржыны ұлғайтпақ


Қазанның 13-күні Алматыда, Ғылым академиясының 60 жылдық мерейтойына арналған жиында ел президенті Н.Назарбаев алдағы 5 жылда ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін жұмсалатын қаржы 25 есеге көбейетін болады деп мәлімдеді. Президент келер жылы елде ғылымды қолдау мақсатында мемлекет басқаруындағы қордың құрылатындығын айтты. 2003 жылдан бастап акционерлік қоғам мәртебесіне көшкен орталық үшін президенттің бұл ұсынысы ғылымға үлкен серпіліс әкелмек, дейді қазақстандық ғалымдардың бір бөлігі. Дегенмен, ғалымдар арасында ғылымды мемлекеттің араласуынсыз-ақ дамытуға болады деген пікір айтушылар да бар.

Президент Назарбаевтың айтуынша, қор мемлекетке қажетті деген ғылыми жобаларды сараптау арқылы қаржыландырып отырмақ. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін президент қорға грант түрінде 2 миллиард теңге бөлуге уәде берді.

Сонымен қатар, Назарбаев Қазақстан ғылымға бөлінетін қаржыны жыл сайын арттыра отырып, 2012 жылы осы көрсеткіш бойынша дүние жүзі елдерін басып озатындығын да атап өтті. Ал Қазақстан ғалымдары ғылымның дамуына мол қаржы ғана емес, оны түсініп, ұйымдастыра алатын басшылар да керек дегенді айтады. Айталық, бұрынғы Металлургия институтының директоры Бақдәулет Кенжеәлиев соңғы кездері ғылыми жобалар кейбір шенеуніктердің кесірінен жүзеге аспай қалуда деген пікірде. Мысал ретінде ол, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу орнына, бөлінген ақшаны талан-таражға салып, мақсатсыз жолдарға жұмсап отыр деп, химиялық-технологиялық зерттеулер орталығы басшылығының іс-әрекетін сынады.

- Оның ішінде ақша бөлетін комиссия бар. Сол ақша бөлетін адамдар өздерінің адамдары. Шын ғалымдар, шын баға беретін адамдар жоқ. Ақшаны дұрыс пайдаланбай тамыр-таныстарына берген. Ақшасы жоқ кіші кәсіпорындарға да берген. Ескі ғылыми жұмыстарды жаңа жұмыстар деп, соған қайтадан ақша алып отырған. Біздің министрлікте коррупция көп. Өтірік жұмыстарды шынға айналдырып ақша алады.

Ғылымға деген немқұрайлылық кері әсер беріп отырғандығын басқа да ғалымдар жиі қайталауда. Ғылыммен айналысу үшін барлық мүмкіндіктер жасалмай отыр деп есептейтін Қазақ Ұлттық Университетінің аспиранты Ғабит Жұматаев ғылыми жұмысты жазудың қиындықтары туралы былайша баяндайды:

- Кез келген ғылыми мекемеде болсын, кафедра болсын, аспиранттарға ғылыми жұмысынан тыс жұмыстар міндеттейді. Ол өз жағдайында ғылыми жұмысты белгіленген мерзімде бітіруге кедергі келтіреді. Стипендия 17 мың теңге бөледі, соған қарамастан, аспиранттар күн көріс үшін қосымша жұмыстар істейді.

Ұзақ жылдар балалар хирургі болған, академик Камал Ормантаев Қазақстан ғылымының соңғы жылдары ғана осындай жағдайға тап болғандығын айтып, ғылымның дамуына әлеуметтік жағдайлар өз керін келтіріп отыр дейді.

- Жас ғалымдардың жағдайы төмен. Институт бітіргеннен кейін 10-15 мың теңге ақша алады. Ол ақша емес қой. Айтып та жатырмыз, жазып та жатырмыз. Өз семьяларын асырай алмай жүрген адамдардан қандай ғалым шығады?

Ал Философия және саясаттану институтының директоры, академик Әбдімәлік Нысанбаев түрлі кедергілерге қарамастан ғылыми жұмыстар тоқтаған емес деп, соңғы 15 жылда Қазақстан ғылымының үлкен бетбұрыс жасағандығын айтады.

- Философия, саясаттану саласында үлкен өзгерістер болды. Бұрын еуропашылдық басым болатын біздің зерттеуімізде. Мысалы, маркстік-лениндік философия. Енді біз өзіміздің қазақ, шығыс философиясына мән беріп, 15 жыл бойы зерттеп, үлкен жетістіктерге жеттік.

Қазақстанның Ғылым академиясы 1946 жылы 1-ші маусымда ашылып, оның алғашқы президенті болып Қаныш Сәтпаев сайланған. Ғылым Академиясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір қоғамдық бірлестікке 180 қазақстандық, одан бөлек 10 құрметті және 15 шетелдік академик мүше.
XS
SM
MD
LG