Accessibility links

Еуроодақ Ресейді ащы сынға алды


Сейсенбі күні Люксембургте бас қосқан Еуропа Одағының сыртқы істер министрлері Ресейді Грузияға қарсы бағытталған экономикалық қысымы мен басқа шаралары үшін өткір сынға алды. Еуроодақтың мұндай әрекеті осы айдың басында Грузияның 4 орыс офицерін “тыңшылық етті” деген айыппен тұтқындауы салдарынан Мәскеу мен Тбилисидің арасынан шыққан жаңа жанжалға бейтарап қараған бастапқы саясатынан тайғаны болды. Алайда, көп ұзамай Еуроодақтың ресми өкілдері “Одақ өзінің Ресеймен арадағы ұзақ мерзімге негізделген қарым-қатынасын бұзғысы келмейді” дегенді айтуға асықты.

Еуропа Одағының сыртқы істер министрлерінің сейсенбі күні қабылдаған Декларациясы Грузияға дипломатиялық қолдау көрсетуді көздеген еді, бірақ Еуроодақ пен Ресей арасындағы қарым-қатынастың түпкілікті қайта қаралатынын жариялай қоймайды. Егер Еуропа Одағының Ресеймен арадағы қарым-қатынасына деген қазіргі көзқарасы ескерілетін болса, бұл Декларацияда, шынында да, Кремльге қарай өте өткір сын айтылған. Люксембургтегі осы бас қосудың ізінше Еуропа Одағының сыртқы қарым-қатынастар бойынша Комиссары Бенита Ферреро-Вальднер ханымның үзілді-кесілді мәлімдегеніндей, Брюссель Ресейдің Грузияға қарсы қолданған шараларын “негізсіз және асыра сілтегендік” деп есептейді.

Б.ФЕРРЕРО-ВАЛЬДНЕР: “Ресейде жұмыс істейтін грузиндерге қарсы және әсіресе Ресей мектептерінде оқитын оқушыларға қарсы жасалған шаралар, сонымен қатар грузин бизнесін қысымға алуы, сондай-ақ экономикалық шектеулер мен көлік қатынастарын үзуі, импортқа тыйым салу мен шекараны жабуы – осының барлығы шектен тыс шара. Біздің ойымызша, шынында да Ресей қолданған шаралар, әрине, бұрынғы қалыпқа оралуға өз үлесін қоса қоймайды және сол себепті де олар доғарылуға тиіс”.

Еуропа Одағы Ферреро-Вальднер ханымның сөзімен Ресейдің Грузияға қарсы қолданған қатаң экономикалық шаралары Мәскеу мен Тбилисидің арасындағы “қарым-қатынасты қалпына келтіре алмайтынын” ескертіп, ондай шараларды “тоқтатуға шақырды”. Бірақ, сонымен бірге, Еуропа Одағының басқа да қадамға бара қоюы екіталай. Люксембургте қабылданған Декларацияның Грузия үшін ең маңыздысы – Еуроодақтың сыртқы саясатының басшысы Хавьер Солана мен Брюссельдің Оңтүстік Кавказдағы арнаулы өкілі Питер Семнеби (Peter Semneby) сынды Еуроодақ шенеунектеріне осы проблемамен шұғылдануға құзыр берілуі болды.

Осы Декларацияны қабылдаған кезде Еуроодақтың шенеунектері ол құжаттың Ресей мен Брюссельдің қарым-қатынасына сөзсіз тигізуі мүмкін кесірін жұмсартуға тырысып бақты. Осы күні Еуропа Одағына төрағалық ететін Финляндияның сыртқы істер министрі Эркки Туомиойя (Erkki Tuomioja) баспасөз құралдарындағы “Грузия мен Ресей арасындағы проблеманы талқылау барысында Одаққа мүше елдердің арасында қарама-қайшылық туды” деген хабарды жоққа шығармақ болды. Баспасөз құралдарының хабарына сәйкес, Ресей президенті В.Путинмен арада жұма күні түнде Финляндияның Лахти қаласында өтетін келіссөзге “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып” баруға тиісті Еуроодақ лидерлерінің ішінен қарама-қайшылық шығып отыр. Осы хабарға байланысты Эркки Туомиойя:

“Мен министрлердің тіпті ешқандай талас-тартысқа бармағанын айтуды бақыт деп санаймын – біз қорытындыға келе білдік және қорытындыны талқылауға тіпті тиіс емес едік, оған деген толық түсіністік болды, ал ой-толғаулар оған дейін болды. Бұл - “Еуропа Одағы жікке бөлінді” деген айыпқа айтарым”, - деп мәлімдеді.

Алайда, “Азаттық” Радиосының Еуропа Одағындағы ақпарат көзінің хабарлауынша, Декларацияның Грузияға қатысты тармағын Одаққа мүше елдердің елшілері өткен аптада Брюссельде қызу талқылады. Атап айтқанда, кейбір Орталық Еуропа мемлекетінің қолдауына сүйенген Скандинавия түбегі мен Балтық теңізі жағалауының елдері құжатқа Ресейді өткір сынға алатын тармақты қосуға ұмтылса, Мәскеудің Франция, Италия, Португалия және Грекия сынды “дәстүпрлі” одақтастары, керісінше, ондай тармақты қоспауға күш салды. Еуропа елдерінің тағы да сол елшілерінің келесі бас қосуы уәжге келе алды. Декларацияда Ресейге деген сын пікір қалды, бірақ Ресейдің Франция бастаған одақтастары құжатқа Грузияның Оңтүстік Осетия мен Абхазиямен арадағы жанжалына деген саясатына қарсылық білдірілген БҰҰ-ының Қауіпсіздік Кеңесінің Қарарына жасалған сілтемені қосты.

Бірақ, егер де қазанның 20-сы күні Финляндияда Еуропа Одағының лидерлері В.Путинмен оның ішкі қарама-қайшылықтары турасында бір дауыспен сөйлесетіндей шамасы болған күннің өзінде, Еуропа Одағы Ресеймен арадағы ынтымақтастығын өркендетуге мүдделі болып қала береді. Мұндай мүдделілік, өз кезегінде, Грузияның Мәскеумен арадағы теке-тіресінде Брюссельдің Тбилисиге қаншалықты арқау бола алатын мүмкіндігін шектейді. Міне осы жайтты Еуропа Одағының сыртқы қарым-қатынастар бойынша арнаулы комиссары Бенита Ферреро-Вальднер ханым сейсенбі күні мына сөздерімен анық байқатты.

Б.ФЕРРЕРО-ВАЛЬДНЕР: “Менің ойымша, сыртқы саясатымызда Шығыстағы көршілерімізді Еуропа Одағына жақындатуымыз – “біздің Ресеймен арадағы қатынасымызға немқұрайды қарауға болады” дегенді білдірмейтінін біз айқын аңғарттық. Керісінше, мысалға, Грузия мен Украина сияқты маңызды көршілеріміздің де өзге алып көршісімен арадағы сенімге негізделген жақын қарым-қатынасын сақтағаны өте маңызды деп ойлаймын”.

Еуропа Одағы барған сайын Ресейдің мұнайы мен газына тәуелді бола түседі, Солтүстік Корея мен Иранның ядролық бағдарламаларын қадағалау және Коосово өлкесінің болашағын қамтамасыз ету үшін Брюссель мен Мәскеудің БҰҰ-ының Қауіпсіздік Кеңесінде өзара ынтымақтасуы да өте маңызды және Еуропа Одағының Германия мен Франция бастаған жетекші елдері Ресейді сөзіне берік стратегиялық геосаяси әріптесі ретінде көргісі келеді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG