Accessibility links

Ауғанстан: кісі ұрлаушылар христиан дінін қабылдағанды талап етуде


Италияның жаңалықтар веб-сайты хабарлағандай, Ауғанстанда Италияның фототілшісі Габриэле Торчеллоны (Gabriele Torsello) ұрлағандар оны христиан дінін қабылдаған ауғандыққа айырбастағысы келетіндерін мәлімдеген көрінеді. Исламнан бас тартып, христиан дініне өткен 41 жастағы Абдул Рахманға осы жылы Италия үкіметі “саяси баспана” берген болатын. Әлгі веб-сайттың хабарлауынша, кісі ұрлаушылар егер жексенбіге қараған түннің ортасына дейін Абдул Рахман Ауғанстанға қайтарылмаса, онда Габриэле Торчеллоны өлтіретіндерін ескерткен.

Италиян тіліндегі “Peace Reporter” немесе “Бейбітшілік репортері” веб-сайтының хабарлауынша, кісі ұрлаушылардың әлгі талап-шарты Габриэле Торчеллоның жоғалатын 12-нші қазан күні барған ауруханасындағы қауіпсіздік қызметінің ауған кеңесшісіне телефон арқылы айтылған. “Peace Reporter” сайтының тілшісі Энрико Пиовезананың (Enrico Piovesana) мәлімдеуінше, қауіпсіздік кеңесшісі оған кісі ұрлаушылардың егер Италия үкіметі христиан дінін қабылдаған Абдул Рахманды рамазан айының соңына қарай, яғни 22-нші қазанға қараған түні Ауғанстанға қайтарып жібермесе, Торчеллоны құрбандыққа шалатындарын ескерткенін хабарлады.

Осы жылдың наурыз айында Ауғанстанның Жоғарғы Соты Абдул Рахманды босатқаннан кейін, Италия үкіметі оған саяси баспана берген болатын. Жоғарғы Соттың шығарған қаулысына сәйкес, Ауғанстандағы шариғат заңы бойынша, христиан дінін қабылдағаны үшін өлім жазасына кесілуге тиісті А.Рахман - есі-басының ауысуына байланысты сотталуға жатпайды. Сәрсенбі күні “Азат Ауғанстан” Радиосына берген сұхбатында жоғарыда айтылған аурухананың қауіпсіздік кеңесшісі кісі ұрлаушылардың әлгі ескертуін телефон арқылы алғанын және оны “PeaceReporter” сайтына хабарлағанын мәлімдеді. Бірақ, оның ескертуінше, содан бері кеңесшіден басқа журналистермен тілдеспеуге және “барлық сауалды Италияның сыртқы істер министрлігіне қойыңдар” деп айтуын өтінген көрінеді.

Осы сәрсенбі күні-ақ Италияның сыртқы саясат мекемесі “Азат Ауғанстан” Радиосына қандайда бір түсініктеме беруге дайын емес екенін мәлімдеді. Бірақ, оның есесіне Энрико Пиовезана “Азат Ауғанстан” Радиосына қауіпсіздік кеңесшісімен не туралы әңгімелескенін хабарлауға келісті.

Э.ПИОВЕЗАНА: “Егер өздерінің талап-шарттары орындалмаса, деп ескерткен олар, кепілдікте отырған өлтіріледі. Олар ақша жөнінде сөйлескісі де келмеген. Олардың айтуынша, олар өздерінің ескертуін міндетті түрде орындайды. Әрине, Италиядан саяси баспана алған адамды кейін қайтару Италия заңына қайшы келеді”.

Энрико Пиовезананың пікірі бойынша, жақында ғана ислам дінін қабылдаған Торчеллоның өзін ұрлап алып кетудің алдында ғана Лашкар Гаһ ауруханасының мұсылман қызметкерлерімен бірге намазға отырғаны қисынсыз болды. Аурухананың сол қызметкерлері тәуелсіз фототілшінің намазға отыруы үшін оған астына төсейтін шағын кілем бергендерін айтады. Өзін ұрлағанда, кілемшені өзімен бірге алып кеткен көрінеді. Э.Пиовезананың сөзіне қарағанда, Торчеллоның әйелі де, оның әкесі мен басқа да жақындары және Италиядағы достары да оның исламға өткенін растаған.

Талибан қозғалысының өкілдері Габриэле Торчеллоның ұрланғаны жайынан ештеңе білмейтіндерін мәлімдесе де, Энрико Пиовезананың айтуына қарағанда, кісі ұрлаушылар телефон соққандарында “тәліптерміз” деп мәлімдеген көрінеді.

Э.ПИОВЕЗАНА: “Бірінші рет телефон соғуынан бастап олар “Біз – тәліптерміз!” және “Біз – Талибанның тәуелсіз тобымыз!” деп мәлімдеді. Сан-алуан топ көп. Бәлкім, бұл тәуелсіз топ шығар. Бірақ олар өздерін “Талибаның тәуелсіз тобымыз” деп мәлімдеп, өздерін “Талибанбыз” деп атайды”.

Э.Пиовезананың хабарлауынша, қауіпсіздік кеңесшісінің сөзіне қарағанда, Торчеллоны кепілдікте ұстап отырғанына оның көзін жеткізу үшін 18-інші қазан күні кешкісін өзіне онымен телефон арқылы бір-екі ауыз сөйлесуіне рұқсат берген.

Э.ПИОВЕЗАНА: “Жағдай өте күрделі. Дәл қазір оқиғаның алдағы бірнеше күнде қалай өрбитінін болжап түсіну өте қиын. Біздің анық білуімізше, кісі ұрлаушылар тағы да телефонмен тағы да байланысқа шығады. Әзірше біз Италия үкіметінің, италиян сыртқы істер министрлігінің жауабын тосамыз”.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG