Accessibility links

Алматыда лаңкестік сипаттағы қылмыс жасау үшін құрылды деп күдіктелген топқа қатысты сот мәжілісі өтіп жатыр


Қазанның 19-ы күні Алматы қалалық сотында Қылмыстық Кодекстің 233-ші, яғни, "лаңкестік" деген бап негізінде ұсталған 10 адамның ісін қарау бойынша кезекті сот мәжілісі өтті. Күдіктілердің бірінің туысқандары «Азаттық» радиосына өз бауырларына құқық қорғау орындары тарапынан қысым көрсетілгенін айтса, сот процесін бақылап келген Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының қызметкері Андрей Гришин бұл адамдардың толықтай айыпты екендігіне күмән келтіреді.

Биылғы жылдың қаңтар айының 30-ы алматылық ұйғыр отбасы - Мұсаевтар үшін ұмтылмас, үрейлі күнге айналған. Сол күні 27 жастағы ұлы, телефон сатумен айналысатын Хакімжан Мұсаевтың лаңкестік топтарға қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын еске алады оның әкесі Еменжан Мұсаев:

- Таңертең жұмысқа кеткенмін. Келсем, әйелім жылап отыр: «Хакімді террорист деп алып кетті», - деп. Баламның жағдайы анандай болса, әйелім содан беру науқас. Қатты уайымнан ауруханаға жатып шықты. Кеш болса болды, «қазір автоматпен кіріп келіп, бізді қылмыскер дейді» деп қорқады.

Хакім Мұсаевтың аты-жөнін жариялағысы келмеген ағайыны да қаңтардың 30-ы күні үйіне белгісіз біреулердің «милицияданбыз» деп, баса көктеп кіріп келіп, тінту жүргізгенін, өзін лаңкестік топтың ұйымдастырушысы деген күдікпен ұстағанын айтады.

- Шамамен таңғы 8-ге 15 минөт қалғанда қызыммен бірге мектепке баруға дайындалып жатқанбыз. Қызым есікті аша берген кезде әр жағынан үшеуі маска киген, барлығы 4 адам сау етіп кіріп келді. Мен оларды шығарып жебрмекші едім, әр жағынан тағы да 3 адам кіріп келіп, қолымды артыма бұрап, кісендеп, жерге жатқызып, басыма қап кигізді. Бірер минөттік үнсіздіктен кейін олар қапты алып, бейнекамераны қойып, сауалдар қоя бастады. Содан кейін 3 сағат бойы үйде тінту жүргізді. Жатын бөлмеге кіріп, бірден матрацты көтерді де, бір дәптерді алып шықты. Онда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, қалалық МАИ-дің, ішкі істер басқармасының, прокуратураның орналасқан жерлері көрсетілген қағаз шықты. Сосын тағы бір ағылшын харпімен басылған қағазды «ұйғырша» деп көрсетті. Бір кезде шкафтың арт жағынан 3-4 дискет алып шықты. Онда Нью-Йорктегі жарылыс, шешен содырларының жарылысқа шақырған сөздері сияқты қайдағы бір сандырақ жазылыпты. Маған «қарап көр, сенікі шығар» деді. Мен қолымның таңбасын қалдырғым келмейтіндігін айтып, бірден бас тарттым, - дейді өз аты-жөнін жарияламауды сұраған ұйғыр азаматы.

Ол өзінің 3 ай тергеліп, ақыры ақталғанын айтады. Ал оның туысқан бауыры Хакімжан Мұсаевқа лаңкестік ұйымды қаржыландырды деген күдік келтіріліп, қаңтардың 30-ынан бері тергеліп, ақыры қазір сот алдында тұрғанын айтады оның інісі Рустам Мұсаев:

- Оның бір досы бар болатын. Хакім соған 9 мың доллар қарыз берген, үй алу үшін. Бұлар болса, соны «Пәкістандағы лаңкестікті қаржыландыру үшін берді» деп шығарып алды. Ағам өзінің айыбы жоқ екендігін, бірақ оны заңсыз күшпен мойындатқызып, қағазға қол қойғызып алғанын айтты. Хакімнің айтуынша, заң өкілдері «біз сені 6 ай ұстап, енді жібере салсақ, жазықсыз адамды неге ұстайсыңдар деп жоғарыдан сұрау болады» деген, - дейді Рустам Мұсаев.

Сотта аудармашы ретінде қатысқан Сабыржан Құрманов лаңкестік ұйымға қатысы бар деп күдік келтіріліп отырған азаматтардың бәрі жас әрі әлеуметтік жағынан нашар қорғалған топтардан шыққаны көрініп тұр дейді:

- Олардың ең үлкені – мен аудармашы болып отырған адам – 45 жаста. Ең жасы – 22-де. Қалғаны негізінен 25-28 жастағылар. Барлығы дерлік ауылдық жерден келгендер. Оларға сұрақ қойған кезде олар өздерінің ешқандай лаңкестік әрекеттерге қатыстары жоқ, бірақ дінәдар адамдар екендерін айтып тұр. Олардың лаңкестікке қатысы жоқ екені көрініп тұрды.

Бірнеше сот мәжілісіне бақылаушы ретінде қатысқан Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының қызметкері Андрей Гришин күдіктілердің айыпты екнедігіне күмән келтіреді:

- Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл іс бойынша оларды Алтынбек Сәрсенбаевты ұрлауға қатысы бар деп айыптағаннан кейін, өздерінің осындай да маңызды істермен айналысып жатқанын көрсету үшін мәлімдеме жасады, - дейді адам құқығын қорғаушы Андрей Гришин.

Бұл мәселе бойынша қазанның 19-ы күні Алматы Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқармасы баспасөз қызметінен түсіндірме алу мүмкін болмады, ондағылар:

- Сот болып жатыр. Ертең хабарласыңыз, - деп, қысқа қайырды.

Биылғы жылы сәуірдің 19-ы күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті елде лаңкестік сипаттағы қылмысты жасау үшін құрылған қылмыстық топты қолға түсіргендерін мәлімдеген болатын. Ол жолы әлгі ұсталғандардан жарылыс жасамақшы болған объектілердің сызбасы, жарылғыш заттар, қару-жарақ, экстремистік сипаттағы әдебиеттер табылғаны жөнінде хабарланған еді.
XS
SM
MD
LG