Accessibility links

Алматыда Заманбек Нұрқаділовтың мұражайы ашылды


Жұма күні Алматы қаласындағы Луганский көшесінде, былтырғы жылы қараша айында жұмбақ жағдайда қаза тапқан қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың мұражайы ашылды. Сол күні Алматыдағы «Есік» мейрамханасында қоғамға танымал тұлғаға арнап берілген ас кезінде сөйлегендер, марқұмның қазасын тергеп-тексерген Қазақстанның ресми заң орындарының «Нұрқаділов өзіне-өзі қол жұмсап, үш мәрте атылып өлген» делінген қортындысына ел-жұрт сенбейтін айтты.

Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ жағдайда қаза болғанына 12-қарашада бір жыл толады. Осының қарсаңында, қазанның 27-күні, Заманбек Нұрқаділов өмірінің соңғы кезеңін өткізген үйде оның мұражайы ашылды. Марқұмның зайыбы, халыққа танымал әнші Мақпал Жүнісова бұл - жеке мұражай дейді.

- Мен «музей ашатындай ол кім еді?» деген сияқты сөз естідім. Қазіргі заманда оған, әрине, ешкім де мемлекеттік мәртебедегі мұражай бермейді. Болашақта, шындық ашылған кезде, билік ауысқан кезде бұл мұражай, мүмкін, мемлекеттік болады. Ал әзірге өзінің шаңырағын құлатпау үшін, отын өшірмеу ниетімен, өзімнің жарымның отырған, жатқан жерінің тазалығы үшін, оның айтқан сөздері, жазған еңбектерін, оның өмір бойғы тағдырына қатысты құжаттарын - солардың барлығын сақтап қалу ниетімен жасап отырған шаруа, - дейді Мақпал.

Мұражайдағы мұрағаттар өте әсем де әсерлі. Онда суреттер, Заманбектің қызметте жүрген кезіндегі пайдаланған заттары, дос-жарандарының сыйлықтары, музыкалық аспаптар қойылған. Мұражайдағы Заманбектің силаған ашық-қызыл пианиносында Мақпал «Өмірдің көбі кетіп, азы қалды» деген әннің бір шумағын біздің өтінішіміз бойынша орындап та берді.

Заманбекпен кезінде тілші ретінде мен біраз сұхбаттасқан кездерім де болып еді. Соңғы кездері ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шағымымен «газет бетінде президенттің ар-ожданына тиетіндей мақала жазғаны үшін» деген айыппен сотқа тартылды. Оның алдында саясаткер баспасөз арқылы «мен де президенттікке өзімді ұсынамын» деп жариялап қойған еді. Сол кездерді Заманбектің өзі өзіне қарсы қоғалған істі:

«Мұндағылар - жоғарыдағы генералдар мен президент Назарбаевтан нұсқау алдық дейді. Бұлардікі, әйтеуір, мына жолдан дұрыс өтпесе де айыпты қылыңдар, сотталды деген әңгіме болсын дегені ғой», - деп түсіндіріп еді.

Сол іс бойынша сотқа тартылып, бірақ сот отырысына бармай жүрген кездері оны «сотқа күштеп әкелінсін» деген де сот үкімі болған. Сол кездері телефон арқылы байланысқанымызда Нұрқаділов мырза:

«Қазақстанда заң органдарының адамдары заңды таптап, білген нәрселерін істеп жатыр. Істейтін де шығар! Ертең, мысалы, автомат қару асынып, басына маска кигендер келіп, менің басыма қапшық кигізіп, апарып зынданға қамауы да мүмкін. Мінеки, осындай жағдайға келдік. Олардың қолында Нұрқаділов осындай мақала жазды, осындай сөз айтты деген ешқандай құжат жоқ. Заңды таптайтын мемлекетте отырған соң не істейсің? Менің армиям жоқ, мені қорғайтын оққағарларым жоқ, сондықтан үйде отырамын да күтемін, тағдырдың жазғанын», - деп еді. Арада аз ғана уақыт өткенде жұртшылық оның жұмбақ қазасы туралы суық хабарды естіді...

Ал енді міне араға бір жылдай салып, қазанның 27-күні Алматыдағы үйінде мұражай ашылып, бір топ әріптестері мен туыстары зират басына барып құран бағыштап, сол күні Алматыдағы ең үлкен мейрамханалардың бірінде мың адамдық ас та берілді. Аста зиялы қауым, өнер қайраткерлері марқұмның тұлғасы мен еңбегін еске алып сөйлеп, ақындар арнау өлеңдерін оқыды.

Зейнеп Ахметова, қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының келіні:

- ...Дегенмен осы халық Заманбектің артын жылы жауып қойдық па? Неге іздемей жатырмыз?! Неге сұрамай жатырмыз? Өзін-өзі үш рет атты дегенге сеніп қана осылай отыра береміз бе деген ащы бір запыран ылғи да жүректі қозғайды. Дегенмен, қазақ деген іргелі ел едік, шайқалса да құлауы қиын, тамыры тереңге кеткен алып бәйтерек секілді, әлі де болса Заманбек секілді азаматын іздер халқы... Атам марқұм айтатын: «әділеттілік қашанда жеңеді, тек кешігіп жүреді» деп. Сол әділеттіліктің келетін күні жақындасын, сол күндерді көруге барлығымызға Алла нәсіп етсін!

Жармахан Тұяқбай, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының төрағасы:

- Осы Заманбектің өлімінен кейін біздің қоғам өмір сүрудің басқа бір фазасына өткендей. Елді үрей басты, қорқыныш келді! Сыбырлап сөйлеуге көшті! Алаңдап жан-жағына қарайлағыш болды. Оның себебі - бүгінгі біздің елде өзгеше пікір айтса, шындық айтса, не сын айтса – ол өте қауіпті, оның арты жақсылыққа апармайтын, өзін өлтірмесе де, басқасына зақым келтіретін, туған-туысын жұмыстан алатын заман болды, сондай тәртіп орнаған. Айналайын халайық, Заманбектің артынан Алтынбек кетті!.. Осылай арыстарымыздан айрыла береміз бе? Осыған тоқтау бола ма? Қашанғы сыбырлап ішімізден күбірлеп айтамыз?!..

Иран Ғайып, ақын:

- Жекелеген адамдарды үрей билеуі мүмкін, ал халықты үрей билеуі мүмкін емес! Халықтың қайғыдан, қазадан қорқуы мүмкін емес! Өйткені, Жұбан ағамыз айтқандай, қазақ - мың өліп, мың тірілген халық!

...Ақ сөйледім, айылымды жимадым! Ар, ұятым - үйірілген иманым!

...Азаматың өлді – алайда, рухың бірге өлмесін! Ғайыптан ғибрат аласыз, бүгінгі барың - ертең жоқ! Жапырағы бүтін, жарасыз, кімің бар тұрған өркендеп? Жазулы жазмыш күніміз, осы ғой пенде болғасын... Жатсынбай өмір сүріңіз, Жаратқан жар боп, қолдасын! Ауырдан ойды бөлмей ме, ақынның айтқан көңілі? Берекесі қашқан елдерде, болады кісі өлімі!...

Ақұштап Бақтыгереева, ақын:

- Сонау Жайықтан келіп тұрмын. Ол жақта да жыбырлап сөйлейтіндер, жәутаңдап қарайтындар жоқ емес... Бірақ, бәрінің көкейінде бір сұрақ бар: «япырау, қалай болды?! Заманбек, Алтынбек деген екі арыс қалай өлді?» Осы бір жұмбақ, бітеу жара кез-келгеннің көңілінде, жүрегінің түбінде жатыр... Біреуге тәуелді болып жүргендер де, базар кешкендер де, өз мұнайын баласымен қосып шет елге сатқандар да, өз газына ие бола алмай, тезек жағып отырғандар да бар Ақ Жайықта... Шомылып, рахат көріп жүргендер де бар мұнайдың ақшасына, бірақ бәрінің көкейінде бір нәрсе бар: «Құдай деген бар-ау, бір өлім бар-ау, бәрімізге бұйыратын бір төмпешік-ау!» дейді... Уақыт - төреші! Ұлыны - ұлым деп, әлемге жар салатын Абайын, «қайран елім-қазағым, қайран жұртым» деп еңіретіп өлтірген осы қазақ, сол қазақ өзгермеген шығар дейді, Жайық жұрты. Кейде әңгімесінің арасында: «Махамбет деген батырым еді, ақыным еді! Ойпырмай, ханға қарсы айтып еді деп, бесіктегі баласына жырын жаттатқан сол қазақ, Махамбеттің тамағын ішіп отырып, басын кесіп алды емес пе!? Одан кейін 200 жылдан кейін ескерткіш орнатып, жылап жүр емес пе?! Сол қазақ - әлі сол қазақ, өзгерген жоқ дейді Жайық жұрты. Ия, сол қазақ әлі отыр, көне береді дейді. Қойша байлап, бауыздасаң – аяғын серпиді де қояды дейді... Сол қазақ міне, тағы да егемендігін алып, екі арысын оққа беріп, өзін-өзі өлтірді де, алдап-сулап, көздерін жұмып, бастарын шайқап, «Еһ, Алла!» деп әлі отыр! Бұл қазақ өзгермейтін шығар дейді... Әттең, уақыт деген бізге жеткізбейді! Әрине, бізден кейінгі ұрпақ бәріне де куәгер болатыны, ол – шындық! Иманды болсын! Иманды болсын, арманда кеткен бір арыс!

Асқа келген жұртқа Заманбек Нұрқаділовтың жыр кітабы мен ол туралы «Шындық үшін болған қаза» атты деректі фильм және Мақпалдың «Зәкеңе арнау» атты жаңа әні жазылған бейнетаспа таратылды.
XS
SM
MD
LG