Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.31.2006 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген республикалық басылымдар, Азаматтық партияның биліктің «Отан» партиясымен бірігу туралы бастамасын талқыға салды. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде тұрғындарға тегін он сотық жер беру туралы Үкімет қаулысының орындалмай отырғаны туралы мәселе көтеріліпті.

«Айқын» газетінде Азаматтық партияның «Отанға» қосылу себебін партия жетекшісі Азат Перуашев түсіндіреді. «Азаматтық партия лидері саналатын президент Назарбаев бұған дейін, «Халықтық коалицияға» біріккен партияларды бір партияға айналдыру қажеттігі туралы ой айтқан болатын. Президенттің осы пікірі партия мүшелерінің арасында қолдауға ие болды», - дейді Азат Перуашев «Айқынға» берген сұхбатында.

Ал, «Известия Казахстан» басылымының дерегінше, Азаматтық партияның «Отанмен» бірігудегі мақсаты атқарушы билікке қол жеткізу. «Өткен аудан әкімдерінің сайлауы бірігу туралы біржақты шешім қабылдауға түрткі болды. Сайланған әкімдердің басым көпшілігі - «отандықтар», ал болашақта басқарушы саяси күш үкіметті жасақтайтын болады. Жергілікті маслихаттарда өкілдері болғанымен де «Азаматтықтардың» пікірінше, бұл жеткіліксіз, сондықтан билікке ұмтылу қажет», - деп жазады «Известия Казахстан» газеті.

«Жас Алаш» басылымының болжамынша, Қазақстандағы партиялардың бірігуі тегін емес. «Отан» партиясы осыған дейін мәжілістегі 77 орынның 42-сін иемденіп келген. Оған Азаматық және Аграрлық партиялардың 11 мүшесі, «Асардың» 4 мүшесі қосылса, төменгі палата депутаттарының саны 57-ге жетіп жығылады. Бұл жай монополия емес, бірпартиялы парламент құрылды деген сөз. Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымын парламентінде бір-ақ партияның өкілдері бар ел басқарады деген күлкілі емес пе? Астананың мұндай «имиджбен» ұзақ өмір сүре алмасы анық. Сондықтан билік басында саяси өзгерістер болатыны айқын», - деп жазады «Жас Алаш».

«Егемен Қазақстан» басылымы, Азаматтық партияның ұсынысын «Отан» қуана қолдайтынын жазыпты. «Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, Азаматтық партия – президенттің реформаларын қолдайтын, «Отанмен» қанаттас ұйым. Өткен жылғы президент сайлауында екі партия бірлесіп қоян-қолтық жұмыс істеген. Сондай-ақ, «Елбасы да Отанның соңғы съезіндегі сөзінде өзін қолдайтын саяси күштердің біріккенін қалайтынын айтқан», - дейді Бақытжан Жұмағұлов, «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

«Литер» басылымы үкіметтің тегін он сотық жер беру туралы уәдесі - қиял ғана деп жазады. Өйткені, ірі қалаларда, әсіресе, Астана мен Алматыда бос жатқан жер телімдері жоқтың қасы. Сондай-ақ, қала маңында да бос жерлер жоқ. Олай болса, қазақстандықтарға коммунизм болады деп уәде берудің қажеті қанша?» – деген сауал тастайды «Литер» газеті.

Ал, «Известия Казахстан» басылымы Жер ресустарын басқару жөніндегі Агенттік төрағасы Бақыт Оспанов жария еткен мәліметтерді келтіріпті. Ол бойынша, Астанада тұрғын үй құрылысына арналған, бос 24 мың гектар жер бар. Ал Алматы қаласында жеке баспана салу үшін, бар-жоғы 2 мың гектар жер бөлінген. Осы орайда, «Известия Казахстан», парламент депутаттары Астана мен Алматы секілді ірі қалалардағы жер мәселесін шешу үшін, қалалардың бас жоспарына өзгеріс енгізуді ұсынып отырғанын жазады.

«Айқын» газеті, осы мәселеге орай, заң ғылымдарының докторы Өмірәлі Қопабаевтың пікірін жариялапты. «Қазақстан Үкіметі «әрбір тұрғынға 10 сотық жер тегін берілуі тиіс» деген Қаулыны еріккеннен қабылдап отырған жоқ. Демек, Үкімет қай жерде болмасын мемлекеттік Жер қорлары бар екенін біліп отыр. Ал, ауданға немесе қалаға тиесілі мемлекеттік Жер қорын әкім-қаралардың жасырып қалып, оны үшінші бір адам арқылы сатып, нәпақа табуға тырысатына көз жұма қарауға болмайды», - дейді Өмірәлі Қопабаев «Айқын» басылымына берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG