Accessibility links

Қоғамдық қозғалыстар Теңіз кен орнында болған төбелесті зерттеу жөнінде қоғамдық комиссия құрды


Қазақстанның бірқатар қоғамдық жастар ұйымы Теңіз кен орнында болған төбелесті тергеу мақсатында комиссия құрып, Атырауға аттануға дайындалып отыр. Бұған бастама жасап отырған Республикалық «Болашақ», «Жастар үні» қозғалыстары комиссия құрудағы мақсатымыз - «Сенімді құрылыс» компаниясындағы тергеу жұмыстарына араласып, жағдайдың әділетті шешілуіне ықпал ету дейді.

Құрамында 30 мыңдай адамы бар «Болашақ» Республикалық қозғалысы билік қазақ жұмысшыларының құқық дұрыс қорғай алмай отыр деп есептейді. Осы қозғалыстың төрағасы Фархат Қасеновтің пікірінше, Қазақстан шет мемлекеттермен немесе шетел азаматтары қатысуымен болатын қақтығыстарға онша мән бермей, оқиғаны жылы жауып қоюға тырысады.

- Төбелестің тұтануына түрік жұмысшылары себепкер болса да, Қазақстан жағы ешқандай шаралар қолданбай отыр. Онан қалды, түрік жағы оқиғадан кейін де Қазақстан заңын бұзды. Мысалы, төбелестің себебі анықталмай жатып, Қазақстан заңнамасы бойынша ешбір түрік жұмысшысы еліне кетпеу керек еді. Алайда біздің билік осыған да тоқтау сала алмады, - дегенді айтады Фархат Қасенов.

«Болашақ» Республикалық қозғалысы мүшелерінің айтуынша, олар Теңіз кен орнындағы оқиғаға байланысты жан-жақты ақпарат алып отырған. Олар «Сенімді құрылыс» түрік компаниясындағыдай оқиғаның қайталанбауы үшін Қазақстанда орналасқан барлық шетел кәсіпорындарына барып, қазақ жұмысшыларының жағдайын тексеріп, олардың құқық қорғау мақсатында жастарды жұмыстарға тартпақ ойымыз бар дейді қозғалыс төрағасының орынбасары Дәурен Бабамұратов.

- Құқық бұзу ақпараттарын біз жинап, теретін боламыз. Соның нәтижесінде шетел компанияларын тіпті сотқа беруге дайынбыз. Кәсіподақтардың құрылуына көмектесеміз. Төбелес болған компанияда 20-ға жуық жігіт кәсіподақ құрайық деген ұсыныс білдірген. Бірақ та түрік компаниясы кәсіподақ құруға рұқсат бермеген. Осындай фактілер шешілмейінше немесе шешіле бастамайынша, біз тоқтамаймыз, - дейді Дәурен Бабамұратов.

Ал депутат Нұрпейіс Мақашов керісінше, оқиғаның орын алуына Қазақстан жағын да кінәлап, бұқаралық ақпарат құралдары шатасып төбелестің басталуына тек түрік жұмысшыларын ғана айыпты етіп көрсетіп жатыр дейді. Осы уақытта Атырау облысында жүрген Мәжіліс депутаты кендегі оқиғаны тергеу жұмыстары кезінде жауапты мекемелерге мынадай талаптардың қойылғанын айтады.

- Жұмысшыларды тарту күші дейді. Соның 3-ші категориялы жұмысшыларын шетелдерден әкелуді қойыңдар деп талап қойып отырмыз. Сосын, мына екінші кезектегі зауытты әлемнің стратегиялық маңызды объектілері қатарына қосу керек, - дейді депутат Нұрпейіс Мақашов.

Сонымен қатар депутат Теңіз кеніндегі жағдайдың біршама тұрақтанып, құрылыс жұмыстарын жалғастыру мақсатында компанияға 600 түрік жұмысшысының келе жатқанын айтады:

- Жұмыс мүлде жүрмей жатыр деуге болмайды. Мердігерлік компаниялардың барлығында жұмыс жүріп жатыр. Тек қана мына «Сенімді құрылыстың» 1000-нан аса түрік жұмысшылары қазақтардан қорқып қашып кеткен. Сондықтан «Сенімді құрылыстың» объектілерінде жұмыс тоқтап қалған. 7 мың адамның 5800 адамы жұмыс істеп отыр.

Қазанның 20-күні Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз кен орнында қазақ және түрік жұмысшыларының арасында болған төбелес салдарынан 140-тай түрік азаматы әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған еді. Кейін түркиялық ақпарат құралдары сол төбелесте адам шығыны да болған деген хабарлар таратты. Алайда, қазақстандық ресми мекемелер ол ақпаратты жоққа шығарып, қақтығыстан ешбір адамның қайтыс болмағанын айтып келеді. Ал Қазақстандағы Түркия елшілігі жұмысшылар арасындағы жанжалға қарамастан, Анкараның Астанамен байланысы баяғы деңгейде қала береді деп мәлімдеген болатын.
XS
SM
MD
LG