Accessibility links

Қазақстан заң орындары елде есірткіні сатумен айналысқандарға өлім жазасын белгілеуді ұсынып отыр


Қазақстанда аса ірі көлемде есірткі тасымалдап, сатқан және қылмысқа жеткіншектерді қатыстырған топ мүшелері өлім жазасына кесілуі мүмкін. Бұл туралы Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізуді ұсынып жатқан Қазақстанның ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесімен күрес комитетінің төрағасы Анатолий Выборов «Азаттық» радиосына хабарлады. Ол Қазақстанда көршілес Қытайдағыдай есірткі сататындарды ату жазасына кесу жазасын енгізу керек деп санайды. Алайда, мұндай пікірді қолдамайтындар да бар.

Қазақстанның ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесімен күрес комитетінің төрағасы Анатолий Выборовтың айтуынша, былтыр қазақстандық полицейлер Қытайға барып, ондағы есірткімен күрестің жайымен танысып қайтқан.

«Онда есірткіні көп көлемде сатқандар, жеткіншектерді қатыстырғандар ату жазасына кесіледі», дейді ол.

Қазақстанда әлі ресми тіркелмеген «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партия өкілі Серікбай Әлібаев бұл мәселеде Қытайдан үлгі алған дұрыс емес деп санайды:

- Құдай өзі берген өмірді Құдай өзі алу керек. Қытайдан үлгі алатын жеріміз бар, бірақ та Қытайда жылына 10 мың адамды атып өлтіреді деп естігенмін. Біз Еуропаға, дамыған елдерге қарап отырмыз ғой.

Бұған дейін ішкі істер министрі Қазақстандағы заң тым жұмсақ, жазаланғандардың көбі шартты түрде сотталады деген дерек келтірген болатын. Есірткі бизнесімен күрес комитетінің төрағасы Анатолий Выборовтың айтуынша, қазір Қазақстанда есірткі сатқандар, қолданыстағы заңға сәйкес ең көп дегенде 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

«Менің ойымша, осы заңды өлім жазасына дейін күшейту керек», дейді А.Выборов.

Заңға енгізілгелі отырған өзгертулер, әдеттегідей, алдымен сараптамадан өтеді. Қазір жоба бойынша келісімдер жүргізіліп жатыр. Сосын үкіметке, кейін парламентке беріледі. Қазақстан парламентінің сенат депутаты Қуаныш Айтаханов, заңды қаталдатқан дұрыс, бірақ асыра сілтемеу керек деп отыр:

- Біз ату жазасына мораторий қойған мемлекетпіз ғой. Әрине, 3 жыл аз. Өмірлік жаза жеткілікті.

Саясаткер Серікбай Әлібаев болса, заңды күшейткенмен бәрібір есірткіден орасан пайда тауып отырғандар жауапқа тартылмайды дегенді алға тартады:

- Үлкен барондарға қолы жетпейді. Олар пара беріп, өздеріне тискізбейді, ал бірнеше грамм пайдаланғандарды соттап, оларға ату жазасын беруі мүмкін.

Қазақстанда 2003 жылы өлім жазасына мерзімсіз мораторий жарияланған болатын. Яғни, өлім жазасы берілетін сот үкімдері қолданғанымен ол жазаны жүзеге асыруға тоқтам жасалған.

Әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сай, сұрастырылған тұрғындардың үштен бір бөлігі өлім жазасынан мүлде бас тартуға қарсы болып шыққан.

Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес Қазақстанда биылғы жылдың 10 айында 20 тоннаға жуық әртүрлі есірткі тәркіленіпті. Елде осындай тәркіленген есірткі көлемі де, оны сатқандар да жыл сайын көбейіп келеді деп хабарлап отыр заң орындары. Полиция таратқан ақпаратта жазылғандай, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, 2006 жылы Ауғанстанда 500 тонна апиын өндірілген. Оның үштен бір бөлігі Қазақстан арқылы Ресей мен Еуропаға тасымалданады және есірткінің 10 пайызы Қазақстанда қалып қояды, дейді қазақстандық полиция басшылығы.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG