Accessibility links

Қазақстандық шоумен қазақ журналисін кейіпкер етіп алған шетелдік әзілқойға жауап ретінде арнайы фильм түсірмекші


Қазақстандық әзілқой Жантемір Баймухамбетов Ұлыбританиялық әзілқой Саша Барон Коэннің қазақтар туралы сайқымазағына жауап ретінде арнайы фильм түсірмекші. Онда актерлер - Жантемір Баймухамбетов пен Дәулет Әбдіғаппаров Бораттың ағаларының ролін ойнап, Коэннің өзін келемеждемекші. Коэннің қалжыңдарын оспадарсыз деп бағалайтын Жантемір енді оны өзіне қарсы ұтымды пайдалана отырып, Қазақстанның, қазақтардың халықаралық ортадағы оң бейнесін қалыптастыруға күш салу керек деп отыр. Олар сол үшін жақында Коэннің қазақтар туралы түсірген киносының Лондондағы тұсаукесеріне барып қайтқаны туралы сәрсенбі күні Алматыда арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, әңгімелеп берді.

«Жантик» деген лақап атпен танымал қазақстандық әзілқой Жантемір Баймухамбетов шетелдік әзілқой Саша Барон Коэнді сайқымазақ ретінде Еуропа сахнасынан ығыстыру арқылы ғана жеңуге болады деп отыр.

«Мен оның киносының әрбір тұсаукесері өткен кездері, оны мен де шағып, тиісе бермекпін. Ол оған бәрібір жауап беруі керек. Бұл шоу бизнесінде өте сәтті жағдай және бұл, әлгі, қазақтың түре айтысына ұқсайды. Мен соған қатыспақпын және жеңбекпін. Көпшілік назарын өзіме аудару арқылы оларға еліміз, халқымыз туралы дұрыс ақпарат бермекпін», - дейді Жантемір.

Әрине, ол үшін Жантемір Коэннің әуен ырғағын жалғастырамыз дейді.

«Сондықтан мен Бораттың ағасымын деп кейіпкер болып жүрмін», - дейді Жантик.

Ол жақында Саша Барон Коэннің қазақтар туралы фильмінің Лондондағы тұсаукесер көрсетіліміне өзімен бірге қазақтың ұлттық киімін киген бір топ актерлерды алып барыпты. Сол актерлердің бірі, Бораттың тағы бір «ағасы» – Дәулет Әбдіғаппаров:

- Ол енді қазақ елін надан қылып көрсетіп жүр ғой. Бірақ, Еуропа халқы оның әзілдерін онша түсінбейді және ол қалжыңдарды сеніммен қабылдамайды. Жәй қалжың ретінде қабылдайды. Біз соны дұрыс көрсетпекпіз. Жалпы, құдай қаласа, бәрі ойдағыдай болады деп ойлаймын, - дейді.

Әрине, әлемде әр халықтың әзіл ерекшеліктері болады. Сол туралы Лондондағы мамандармен кеңескен Жантик ондағы көрермен үшін әзірлеген бейнесюжетпен таныстырды. Ол бейнесюжетте Жантемір «Борат біздің жанұямыздың кішкентай кезінде асырап алған баласы еді, сол кезде бір жағдайлармен піштіріліп жіберілген еді, соның сол бұйымтайларын әкеліп едік» деп, екі жұмыртқаны алақанына салып алып, Лондон кинотеатрының маңында сол Боратты іздеп жүреді, бірақ оған Борат келмейді.

Жантемірдің жоспары орасан. Әрине, ол осы жоспарды іске асыру үшін алда үлкен команда жинамақшы, оған қаржы керек. Сондықтан ол идеямен болсын, қаржылай демеушілер болсын, көмектесемін дейтіндерге зәрумін деп отыр.

Ұлыбританияның әзілқой, сайқымазағы Саша Барон Коэннің Қазақстанды тіліне тиек еткен скетчтерінің төңірегіндегі дау дамайдың басталғанына біраз уақыт болды. Ол былтырғы 3-ші қарашада Халықаралық телевизиялық Еуропа музыкалық байқауында Борат Сағдиев атты қазақ тілшісінің бейнесінде шығып, қазаққа қатысты әзіл-шымшымаларымен көпшіліктің көңілін аулап бағып еді. Ол сомдаған қазақ кейпі – мәңгі мастығы тарқамайтын, жарымес, шарап орнына жылқының зәрін ішіп жүретін, жыныстық қатынастарында тәртібі жоқ міскін. Сонымен қатар Саша Барон Коэннің өз ұлты еврей бола тұра ол қазақтарды – еврейлерді қаны сүймейтін антисемит етіп көрсеткен болатын.

Сонымен, не керек, Бораттың қазақтар туралы сайқымазақ сықақтарына шыдамы таусылған Қазақстан шенеуіктері біраз шулады. Тіпті, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдрысов актер Коэнді шошқаға да теңеді. Бірақ кейін елші өз айтқанын түзетіп, «оны емес - оның кейіпкерін айттым» деп ақталды.

Бір кездері Қазақстан билігі оны сотқа да бермекші болып, былтырғы желтоқсан айында оның интернеттегі жеке сайтына тосқауыл қойған еді. Ал Саша Барон Коэннің өзі болса, сол Борат кейпінің оған ұнағаны соншама, «Борат: Жасампаз Қазақстанның игілігі мақсатында Американы мәдени зерттеу» деп аталатын кино түсірді Бұл фильмнің тұсаукесері Лондонда өткен аптада болды.

Ал осы киноның АҚШ-тағы тұсаукесері Қазақстан президентінің сонда жасаған сапарымен тұспа-тұс келген-ді. Тіпті, Саша Барон Коэн АҚШ президенті Қазақстан президентін қабылдап жатқанда Ақ үйге де кірмек болған. Ондағы ниеті, Коэннің айтуынша, «АҚШ премьер-министрі Джорджа Уолтер Бушты» осы киноның тұсаукесер рәсіміне шақыру болған еді. Кейбір ақпараттық сайттар Коэннің сайқымазағына наразы болған Қазақстан басшылығы президенттің АҚШ сапары алдында арнайы тапсырыспен батыс БАҚ беттерінде Қазақстан туралы оң пейілдегі, ақпараттық-танымдық мақалалар бастырыпты деп те жазды.

Ал Қазақстан президентінің күйеу баласы, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рахат Әлиев тосыннан ұсыныс жасап, «Коэнді нақты Қазақстанмен танысу үшін Қазақстанға шақыру керек деген де ұсыныс айтты» деп кейбір ақпарттық агенттіктер хабарлады.

Сонымен, не керек, аяғы немен аяқталары белгісіз боғанымен Ұлыбританиялық әзілқой Коэн мен қазақстандық әзілқой Жантемірдің командалары арасындағы текетірес пен тартыс басталып кетті.
XS
SM
MD
LG