Accessibility links

Жамбыл облысында әділет министрлігінде тіркелмеген 14 діни ұйымының жұмысы тоқтатылды деген мәлімет таратты Жамбыл облысы ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі. Мәселен, осы облысқа қарасты Т.Рысқұлов атындағы ауданда "Таблиги Жамаат" ислам қозғалысының 11 жақтаушысына айыппұл салынған. Сонымен бірге осы ұйымның тағы 7 қолдаушысы Байзақ ауданы Үлгілі ауылында ұсталған. Халықаралық соғыс пен бейбітшілік мәселелері жөніндегі институт мамандары Қазақстанда қызметіне тиым салынатын экстермистік ұйымдардың тізімі кеңейтіліп, оған құқық қорғаушылардың назарын жиі аударып отырған діни ұйымдар кіретін шығар деп топшылайды.

Биылғы жылдың мамыр айындағы деректер бойынша Жамбыл облысында 359 діни ұйым бар. Олардың 5-і тіркелмеген бірлестік дейді Жамбыл облыстық әкімшілігінің діни ұйымдар жөніндегі бөлім жетекшісі Гүлнар Игенбаева:

- Әртүрлі ағымдар көбейіп кетті. Әрине, оған біз қарсымыз... Бізде тіркелмеген 5 евангелдік-христиандық баптистік ұйым бар. Соларды сотқа беріп, айыппұл салынған болатын. Бірақ, олар бәрібір тіркеліп жатқан жоқ. Бұл ұйым Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бар екен. Олар бізге: «Сіздердің заңдарыңыз бір-біріне қайшы келеді. Тіркел деп мәжбүрлей алмайсыздар», деп хаттарды жаудырды.

Сонымен бірге, оның айтуынша, соңғы кезде исламдық бағыттағы тіркелмеген діни ұйымдар да анықталған:

- Мешіттер де бар болатын. Бірақ олар өзіміздің исламдық болғандықтан, оларға онша ештеңе істеп жатқан жоқпыз. Олар теріс ағым емес қой, йеговашылар тәрізді. Олардың қаражаты болмай жатқан шығар. Бірақ, бір мешіттер соғылып, содан тіркеуге асықпайды. Өткен жолы рейдтер өтіп, олардың тіркеуден өтуі талап етілген еді.

Ал Жамбыл облысындағы әділет министрлігінде тіркелмеген 14 діни ұйымының жұмысы тоқтатылғандығын хабарлады Жамбыл облысы ішкі істер басқармасының баспасөз қызметкері Роза Қалдыбекова қарашаның 1-і күні. Оның ішінде Т.Рысқұлов атындағы ауданы аумағында тіркелмеген "Таблиги Жамаат" ислам қозғалысының 11 жақтаушысының қызметіне тосқауыл қойылғандығын айтады полиция қызметкері.

- Бұл адамдар ешқандай рұқсатсыз, тіркеусіз насихат және миссионерлік жұмыспен айналысқан. Олар алдын-ала прокуратура мен әкімшіліктен рұқсат алып, содан кейін ғана насихат жұмысын жүргізулері тиіс болатын. Аудандық сот шешімімен олардың барлығына 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. "Таблиги Жамаат" қозғалысының тағы жеті қолдаушысы Байзақ ауданы Үлгілі ауылында ұсталған. Олардың істері де прокуратураға жіберіліп, барлығына айыппұл салынды, - деді Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының өкілі «Азаттық» радиосына.

Британдық соғыс және бейбітшілік мәселелері жөніндегі институттың Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Эдуард Полетаев болса, бұл ұйымның Қазақстанда қызметіне тыйым салынған экстремистік ұйымдардың тізімінде жоқ екендігін алға тартады. Сондықтан, оларды жауапқа тартып, алдын-ала күрес жүргізудің тиімділігіне сарапшы күмән келтіреді.

- Қырғызстандағы Баткен оқиғасы, Өзбекстандағы Ташкентте болған жарылыстардан кейін, кейбір көршілес республикалардың «Қазақстан лаңкестікпен дұрыс күрес жүргізбей отыр» деп сынағанынан соң, арнаулы қызмет орындары шұғыл бір шараларды қолға алды. Бұл бағытта бұған дейін жөнді жұмыс жүргізілмегендіктен, барлығын олар бір көсеумен көсей бастады. Сөйтіп, экстремистік сипаттағы ұйымдармен де, жәй күдік тудырған бірлестіктермен де күресуге кірісті. «Таблиги жамаат» ұйымы да осы науқанға ілігіп кетті деп ойлаймын. Сондықтан, Қазақстан қызметіне тыйым салатын ұйымдардың тізімін кеңейтетін болса, қазір құқық қорғаушылар күресіп жатқан ұйымдар сол тізімнен табылады деп ойлаймын, - дейді Эдуард Полетаев.

Қазақстан мұсылмандар басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек тіркеуден өтпеген діни ұйымдармен заң орындарының күресуін қолдайтындығын айтады. Оның ойынша, мәселен, «Таблиги Жамаат» ұйымының мүшелері әрдайым жауапкершіліктен қашады, сондықтан, мұндай адамдар қоғамға қауіп тудыруы мүмкін дейді діни сарапшы:

- Олар апталап, айлап қаңғырып кетіп қалса, олардың отбасын кім асырайды? Балаларына кім қарайды? Мәселе – осында! Егер олардың ұстанымдары осындай болса, еліміздің қауіпсіздігіне үлкен залалы бар деп ойлаймын.

Ал адам құқығы бойынша Алматы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина болса, әр адам, оның ішінде «Таблитги Жамаат» ұйымының қолдаушылары да діни еркіндікке ие, уағыз айтуға құқылы екенін айтады.

- Олар облыстарды аралап, өздерінің ислам мен Құранды қалай қабылдайтындықтарын түсіндіргілері келді. Бұл - діни ілімді уағыздау деп аталады. Ал діни ілімді уағыздау – ар-ождан және діни сенім-наным еркіндігінің ажырамас бөлшегі, - дейді адам құқығын қорғаушы Нинель Фокина.

Ресми деректер бойынша, Жамбыл облысында тіркелген діни ұйымдардың 284-і исламдық бағытта болса, 67-сі христиандық бағыттағы бірлестіктер.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG