Accessibility links

Еуропа Одағы Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетпек


Әлемде мұнай өндіруден екінші орындағы «Бритиш Петролеум» компаниясының Қазақстандағы өкілі Сағындық Нұралиевтің айтуынша, осы еуропалық компания Қазақстанда шикі мұнай өндірумен қатар мұнай өнімдерін, дизель отындары мен жанар-жағармай түрлерін Қазақстанға әкеліп, оны таратумен, сатумен айналысады. Бұл саладағы жұмысымызға ризамыз дейді ол. Ал Қазақстандағы еуропалық бизнес қауымдастығының директорлар кеңесінің төрағасы Дейан Жоржевичтің айтуынша, бүгінде Қазақстан экономикасы мұнай мен газ саласына және басқадай табиғи байлықтарға тәуелді жағдайда қалып отыр. Алайда, Қазақстан үкіметінің соңғы жылдары Қазақстанда орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту ісін қолға алып отырғандығын Дейан Жоржевич қуанарлық жағдай деп бағалайды. Егер де үкіметтің бұл бағдарламасы іске асса, онда елдегі шағын және орта бизнес саласында түбегейлі өзгерістер орын алмақшы, яғни елде көптеген кәсіпкерлер пайда болып, жаңадан көптеген компаниялар ашылатын болады дейді еуропалық бизнес қауымдастығының өкілі.

«Қазына» Даму қорының басқарма төрағасының кеңесшісі Ғосман Әмриннің айтуынша, Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту мәселесінде жеке кәсіпкерлер осы саланы дамытуға қатысты үкімет бағдарламасын, сондай ақ халықаралық түрлі жобалар мен қолдаулар туралы білмей жатады. Сондықтан, оларға ақпараттық қолдау өте қажет дейді ол.

Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қорының төрағасы Толымбек Манақбайдың айтуынша, Қазақстан үкіметі елде шағын және орта кәсіпкерілкті дамыту жөініндегі 2005-2007 жылғы бағдарламасына сай осы салаға 30 млрд теңгенің қаржысын бөлетін болған. Бүгінде соның 20 млрд теңгесі жұмсалып отыр.

Ал Еуропалық даму және қайта құру банкі 1998-ші жылдан бері Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамытуға арнап 75 миллион доллардың қаржысын бөлген, қазақстандық банктердің осы уақыт ішінде бұл салаға бөлген қаржысы 1,2 млрд доллар шамасында көрінеді.

Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы экономикалық қарым-қатынас соңғы жылдары жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Қазақстан ЕуроОдақтың Орталық Азиядағы ең ірі сауда әріптесі деп саналады. Тек 2005 жылы Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы сауда айналымы 15,3 млрд долларға жеткен.

Еуропа Одағы елдері арасынан Италия, Франция, Германия және Нидерланды Қазақстанмен ең көп сауда-саттық, экономикалық байланыстағы елдер деп аталады.

Тек 2005-ші жылдары Еуропа Одағы Қазақстан экономикасына 2,8 млрд доллардың инвестициясын кіргізген. Бүгінгі күні Қазақстанда Еуроодақ елдерінің 60-тан астам компаниялары жұмыс істейді және осы елдермен бірлескен 290 компания бар. Олардың арасында Еуропалық «Тотал Е &Р», «Аджип», «Шелл», «Бритиш Газ» секілді ірі компаниялар да бар.
XS
SM
MD
LG