Accessibility links

Тәжікстан: жастар президент сайлауына онша қызықпайды


Орта Азияның ең мешеу республикасы болып табылатын Тәжікстанның сайлаушылары алдағы дүйсенбі күні, 6-ншы қарашада президент сайлауында дауыс беруге тиіс. Бұл сайлаудың нәтижесін алдын-ала болжап айту онша қиын емес. Қазіргі президент Эмомали Рахмоновтың көпшілікке беймәлім 4 бақталасынан басым дауыс жинап, сөзсіз жеңіске жететініне ешкім күмән келтірмейді. Тәжік жастары алдағы сайлауға онша зор ықыласпен бара қоймайтын тәрізді. “Азаттық” Радиосының тілшілері тәжік жастарының арасында олардың сайлауға деген қызығушылығын байқау мақсатымен сауалнама өткізген болатын.

Жас ұрпақ үшін “қашан отбасын құрсам екен”, “бала-шағаны қалай асырасам екен” немесе “қалай жұмысқа орналасамын” деп ойланатын, басын ауыртатын маңызды мәселелер жетіп артылады. Саясат – дүниенің қай түкпіріндегі болса да 25 немесе 30-дағы жастың ойын өте сирек қозғайды. Бірақ Тәжікстандағы алдағы президент сайлауы жергілікті жастардың тіпті “үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін” сияқты.

Саид Хилолов – Тәжікстанның орталығындағы және республика астанасы – Душанбе қаласынан 200 шақырымдай қашықтықтағы Рашт облысының жас тұрғыны. Оның алдағы президент сайлауына деген көзқарасы “Азаттық” Радиосы тілшілерінің таяуда ғана жүргізген сауалнамасына қатысқан өзге тәжік жастарының берген жауаптарынан айнымайды.

С.ХИЛОЛОВ: “Бұл жердегі жасардың басым көпшілігін сайлаудан өзге нәрселер қызықтырады. Решт облысында олар жеміс-жидек жинайды. Осылайша жастардың көпшлігі сайлауға бармай, таң сәріден күн батқанша жеміс-жидек тереді. Жастардың басым көпшілігі сайлаудан гөрі, кәсіпкерлікті көп ойлайды”.

Достарының көпшілігі сайлауға бармаса да, Саид Хилоловтың өзі сайлауға барып, дауыс беретінін айтады.

Тохир Худойдодов (Tohir Khudoidodov) – Тәжікстанның оңтүстік-шығысындағы таулы Бадахшан облысының әкімшілік орталығы болып табылатын Хорог қаласының тұрғыны. Тәжікстанның бұл өңіріне барып демалу өте қиын, қыстыгүні жол жиі жабылып қалады. Тохир өзі тұратын қаладағы халықтың сайлауға онша қызықпайтынын айтады.

Т.ХУДОЙДОДОВ: “Бүгін жастардың сайлау туралы және үміткерлер туралы хабары жоқ. Хорог қаласында сайлау науқанының ешқандай белгілері, үгіт-насихат құралдары, үміткерлер туралы еш мәлімет жоқ. Бұл жердегі жастар оған селқос қарайды”.

Душанбе университетінің студенттерін, шамалы болса да, президент сайлауының тағдыры толғандыратындай көрінді. Бірақ “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Хадриддин есімді студенттің бірі: “сайлаудың қорытындысы кімге болса да айдан анық”, -деп мәлімдеді.

ХАДРИДДИН: “Жастардың көпшілігі дауыс беруге барады. Бірақ, бәрібір олар қазіргі президенттің жеңетінін біледі. Үміткерлер университеттерде сайлау науқандарын жүргізіп жатыр, бірақ қазіргі президенттің науқаны күшті. Мысалға, ол теледидардан сөз сөйлеп, мектеп балаларына көмек бөліп, жиі көрінеді; бір сөзбен айтқанда – науқанын кең жүргізеді”.

Соғди - Тәжікстан облыстарының басым көпшілігімен салыстырғанда саяси сана-сезімі жетілген өңірі. Тәжікстандағы 1994-інші жылғы ең алғашқы президент сайлауында Соғди облысының жергілікті үміткері Әбдімәлік Абдуллоджонов барлық дауыстың 1/3-інен көбіне ие болды. Осыны ескергенде, Соғди облысының жастары сайлауға әлдеқайда жылы қарауға тиіс еді. Алайда, Жамшед есімді жас жігіттің айтуынша, жастарды сайлау қызықтырмайды.

ЖАМШЕД: “Жастарға сайлау бола ма, болмай ма – бәрібір. Сайлаудың жастар үшін туғызатын проблемасы болса, ол сайлаудың тіпті қызықтырмайтындығында...”

Шет елдерде тұратын тәжік азаматтары да дауыс бере алады. Тәжік мигранттарының басым көпшілігі Ресейде тұрады. Кейбір дерек бойынша, Ресейде 1 млн.-ға жуық тәжік қара жұмыс істейді. “Азаттық” Радиосының тілшісі Мәскеуде қара жұмыс істейтін және тәжік елшігінінде дауыс бере алатын кейбір тәжік азаматын кездестерді. Тәжікстандағы президент сайлауы туралы сұрағанымызда, олардың Мәжит Хасанов деген бірі одан тіпті бейхабар екенін айтты.

М.ХАСАНОВ: “Сайлау туралы бізде ешқандай хабар жоқ, кем дегенде мен тіпті бейхабармын. Мен ол туралы, сайлау туралы естідім, бірақ мен ол жайында ештеңе білмеймін”.

Мәскеуде жұмыс істейтін басқа бір тәжік азаматы – Саид Пиров – президент Эмомали Рахмонов туралы ащы пікірін жасырмады.

С.ПИРОВ: “Мәскеуде тәжіктерді иттерден де жаман санайды. Міне мұның бәрі біздің президенттің кесірінен. Егер тәжіктер Мәскеуден осындай тепкі көретін болса, онда бізге сайлаудың қажеті қанша?! Мұның барлығы біздің президентіміздің кесірінен. Өйткені, ол біздің елшілігіміздің қызметін жетілдірмейді”.

Президент сайлауында кім жеңіске жетпесін, егер сайлау ешқандай бұрмалаусыз, еркін де ашық өтетін болса, ол Тәжікстанның абыройын көтерер еді. Бірақ, “Азаттық” Радиосының сауалнамасына қатысқан жастардың көпшілігі атап көрсеткендей, бұл сайлау – сайлаудың жай ырым ғана және демократияның болашағына өзінің кесірін тигізеді.

Тәжікстан – халықты жікке бөліп, экономиканы күйреткен 1992-1997-нші жылдардағы азамат соғысынан әлі толық оңалған жоқ. Осы тұрғыдан келгенде ішкі де, сыртқы бақылаушылар бұқара халық өзінің бар проблемасын еркін де ашық сайлау арқылы шеше алғанын көргісі келеді.
XS
SM
MD
LG