Accessibility links

Қаржы полициясы Болат Әбіловке қарсы қылмыстық істе саяси астар жоқ дейді


«Бутя Капитал» инвестициялық – жекешелендіру қорының қаражаттарын талан-таражға салу фактісі бойынша қор акционерлерінің бұрынғы басшылары Болат Әбілов, Бауыржан Қарабековтарға қатысты қылмыстық істі тергеу жұмысы аяқталып, іс сотқа берілді. Таяуда Алматы қаласындағы Алмалы аудандық соты қылмыстық іске байланысты шешімін жариялайтын болады. Қазақстанның экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төраға орынбасары Рүстем Ыбырайымов хқарашаның 2-күні осылай деп хабарлады. Ал оппозиция белсенділері бұл істің саяси астары бар деп бағалайды. Таяуда Болат Әбіловті қорғау мақсатында қоғамдық комитет құрылған болатын.

Бейсенбі күні Қазақстанның экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төраға орынбасары Рүстем Ыбырайымов елде анықталған экономикалық қылмыстың өткен жылмен салыстырғанда алты жарым пайызға көп екенін мәлімдеді. Оның ішінде ауыр қылмыстардың саны да 11 пайызға өскен. Ал соңғы тоғыз айда қаржы полициясы сыбайласқан сегіз жарым мың қылмыстың бетін ашқанын айтады.

Қаржы полициясы төрағасының орынбасары сонымен бірге жекелеген қылмыстарға да тоқталып өтті. Оның ішінде «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілов және оның әріптестеріне қатысты істерді атады. Экономикалық қылмысқа және сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төраға орынбасары Рүстем Ыбырайымов Алматы қаласының Алматы аудандық сотында «Бутя Капитал» инвестициялық – жекешелендіру қорының ақша қаражаттарын талан-таражға салу деректері бойынша Қор акционерлерінің бұрынғы басшылары Әбілов, Бекбосын және Қарабековтарға қатысты қылмыстық іс қаралып жатқандығын баяндады. Бұл іс бойынша, таяу арада сот өзінің шешімін шығарады деді ол.

Қаржы полициясы төрағасының орынбасарының айтуынша, қор акцияларының сатылуынан құралған ақшаны сыбайлас кәсіпорындар жеке мүдделерін қаржыландыруды жүзеге асырған. «Қордың ірі ақша қаражаттары, Қордың Ережесі мен Жарғысы талаптарына қарамастан, басқа жаққа жіберуі, қордың шығынды болуына және таратылуына әкеп соқтырған. Қор салымшыларының келтірілген зиянның жалпы соммасы 305,8 млн. теңгені құрайды», – деді Рүстем Ыбырайымов.

Сонымен қатар ол «істі тергеу барысында 800-ге жуық Қордың салымшы-акционерлері анықталып, ал салымшылар қор басшылығына материалдық наразылықтарын білдірген, мәселен қазір қытайлықтар иеленген Ақтөбемұнайгаздың акциясын «Бутя-Капитал» халықтың купондары арқылы иеленді, бірақ акцияны сатқан кезде салымшыларына ескертпеген, – дейді Қаржы полициясы төрағасының орынбасары Рүстем Ыбырайымов.

Алайда бұрынғы кәсіпкер, оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында жекешелендіру жылдарында Ақтөбемұнайгаздың жекелеген акциясын сатып алғанын растайды. Бірақ сол жылдары Үкімет елдегі барлық кәсіпорындарды жаппай шетелдік компанияларға сата бастады, – дейді:

– 1994-95 жылдары жекешелендіру болғанда мемлекет активтарды алып, шетелден келген инвесторларға сата бастады. Сондықтан біз банкрот болатындығын біліп, өзімізге тиесілі акция пакетін саттық. Сатқан кеззде ешқандай зиян болған жоқ, бірақ қаржы полициясы, Үкімет соларды қайта-қайта қазбалап жатыр.

Болат Әбілов өзіне қатысты қозғалған қылмыстық істің саяси астары бар екенін жасырмайды.

1994 жылдары басталған жекешелендіру жылдарында «Бутя-Капитал» секілді бірнеше инвестициялық жекешелендіру қорлары болған. Халық сол кезде өздері сенген қорларға купондарын салған еді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің неге басқа да инвестициялық қорларға тексерілу жүргізілмеді деген сұраққа Қаржы полициясының өкілдері басқа қорларды да тексердік, бірақ оларда айтарлықтай заң бұзушылық орын алғаны анықталмағанын айтты. Сонымен бірге олар өздеріне «Бутя-Капитал» қорының салымшыларынан арыз түскенін және сол бойынша тексеру жүргізілгенін алға тартты.

Ал бұрынғы кәсіпкер «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілов мұның батрлығын өзіне қарсы биліктің қолданып отырған саяси қысымы ретінде бағалап, өзіне төніп тұрған қауіптен қорықпайтындығын айтты «Азаттық» радиосына.
XS
SM
MD
LG