Accessibility links

Тәжікстан президентінің сайлауына дауыс беруге Қазақстанда тұратын сайлаушылар да қатысты


Қарашаның 6-күні Тәжікстанның Астанадағы елшілігі мен Астанадағы консулдығында Тәжікстан президентін сайлауына даукыс беру өтті. Астана уақыты бойынша сағат 16.00-да шыққан нәтиже бойынша, Қазақстандағы 635 тәжік азаматы өз таңдауларын жасағаны хабарланды. Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігінің мәліметі бойынша, республикада сайлау құқығына ие мың жарымға жуық тәжік азаматы тіркелген.

Алматы энергетикалық және байланыс институтында оқитын 21 жастағытәжік азаматы Фирдавси Мирзопур алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасады. Алайда ол Тәжікстан президенттігіне үміткер бес азаматтың біреуін ғана жақсы танитын болып шықты.

- Үміткерлердің кімдер екендігін білемін. Бірақ, олардың халыққа қандай еңбегі сіңіргенді мен жұмысқа қаншалықты қабілетті екендігінен хабарсызбын. Тек үміткерлердің ішінде бір азаматтың халыққа деген адал еңбегін бағалаймын. Менің таңдауым – осы кісі. Халық кімге дауыс беру керек екендігін мен сияқты жақсы жақсы біледі деп сенемін, - дейді Алматыдағы Тәжікстан консулдығына дауыс беруге келген студент Фирдавси.

Жеті миллион халқы бар Тәжікстанда үш миллион 200 мың сайлаушы тіркелген. Тәжікстанның Алматыдағы консулы Азамжо Шәріповтың айтуынша, Қазақстанда сайлау құқығына ие мың жарымға жуық тәжік азаматтары тұрып жатыр.

- Қазақстанда оқуда, қызметте немесе уақытша жұмыс істеп жүрген Тәжікстан азаматтарының тізімі дайындалған. Республика бойынша олардың саны мың жарымға жуықтайтын болса, соның жартысы Алматы қаласында тіркелген. Сайлау ережеге сәйкес таңғы сағат алтыда басталды. Оның барысын халықаралық сарапшылар қадағалап отыр, - дейді Азамжо Шәріпов.

Қазақстандағы Тәжікстан елшілігінің мәліметі бойынша, Астана уақытымен сағат 16.00 кезінде 635 тәжік азаматы өз таңдауларын жасады. Оның 551-і Алматыдағы консулдықта, қалған 84-і Астанадағы елшілік ғимаратында дауыс берген.

Алматыдағы консулдыққа жергілікті және халықаралық ұйымдар атынан он адам бақылаушы ретінде тіркеліпті. Солардың ішінде ТМД атынан сайлау барысын бақылап жүргендердің бірі Мұрат Серімбетов ешқандай кемшілік байқамағандығын «Азаттық» радиосына былай деп жеткізді:

- Сайлау басталғалы бері бақылап қарап отырмыз. Әзірге ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ.

Алайда сайлау нәтижелері шықпай жатып-ақ, сайлаудың әділ өтетіндігіне күмәнмен қарайтындар бар. Солардың бірі - он жылдан бері Қазақстанда тұрып келе жатқан тәжік азаматы Кадир Рустам.

- Мен бүгін сайлауға қатыспауға шешім қабылдадым. Өйткені, менің дауысым ештемені шешпейді. Эмомали Рахмоновпен бірге сайлауға түсіп жатқандардың барлығы үлкен ойынның кейіпкерлері ғана. Оларды ешкім танып білмейді. Тек халықаралық қауымдастық пен халықтың алдында бізде демократиялық таңдау бар деп көрсеткелі отыр. Ал шын мәнінде бұл сайлау – саяси ойын ғана, - дейді жазушы Кадир Рустам.

Бұған дейін Тәжікстанның Ислам өркендеу партиясы сайлауға өз үміткерін ұсынудан бас тартқан болатын. Ал Демократиялық және Социал-демократиялық партиялары сайлауға бойкот жариялап отыр. Тәжікстан президенттігі сайлауына елдегі сегіз партияның бесеуі өз үміткерлерін ұсынып отыр: Коммунистік партиядан – депутат Исмоил Талбаков, Аграрлық партиядан – Әмір Қарақұлов, Экономикалық реформалар партиясынан – Олимджон Бобоев, Социалистік партиясы атынан – Абдухалим Гафаров, ал билік басында отырған партия атынан – қазіргі президент Эмомали Рахмонов.

Соңғысының президенттік өкілеттілігі дүйсенбі күні түгесілді. Эмомали Рахмонов 1994 жылы бес жылға Президент болып сайланып, 1999 жылғы жалпыхалықтық референдумда оның президенттік өкілеттілігі бес жылдан жеті жылға созылған болатын. Ал 2003 жылы өткізілген тағы бір референдумның нәтижесінде билік басындағы президент тағы екі мерзімге сайлану құқығына ие болған еді.
XS
SM
MD
LG