Accessibility links

Ирактың бұрынғы диктаторының өлім жазасына кесілуін Қазақстан қоғамы түрліше қабылдап отыр


Ирактың экс-президенті Саддам Хусейннің өлім жазасына кесілуі Қазақстан қоғамында қарама-қайшы пікірлер тудырып отыр. Мысалы, Алматыдағы католик дін басылары бұрынғы Ирак лидеріне өлім жазасын қолдануды қолдамайтындығын айтса, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілдері керісінше, сот үкімі күшінде қалғанын құптайтындығын білдірді.

Саддам Хусейннің өлім жазасына кесілуіне қатысты әзірге Қазақстан үкіметінің позициясы айқын емес. Бұл ретте өздерінің кейінірек мәлімет беретіндіктерін айтты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев дүйсенбі күні «Азаттық» радиосына:

- Бұл мәселе бойынша соңыра пікір білдіретін боламыз. Қазір дайын емеспіз.

Қазақстан Парламенті мәжілісінің халықаралық істер, қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің төрағасы Серік Әбдірахманов Саддам Хусейнді өлім жазасына кесу Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандырмай, керісінше, оны ушықтыра түсуі мүмкін деп есептейді:

- Саддамды дарға асса, «қанға - қан» деп қарсы бір жақ көтерілуі мүмкін. Тағы қырылыс жалғасуы мүмкін... Сондықтан, одан да оны өмірін қамауда өтетіндей үкім шығарса, ол да әділеттікке жақын шешім болар еді деп ойлаймын. Тордың ішінде диктатордың отыруы - өлімнен де ауыр деп ойлаймын. Екінші жағынан бұл мәселенің гуманистік жағы да бар. Абақтыда отырған Саддам - бәріне сабақ!

Қарашаның 5-і күні Бағдадта Саддам Хусейн мен Ирактың бұрынғы басшылығының басқа 7 мүшесіне қатысты сот үкімі шыққан. Ирақ жоғарғы трибуналы бұрынғы Ирак президентін адамзатқа қарсы қылмысқа айыпты деп тапқан. Бұл үкім 1982-ші жылы Эд-Дуджейл елді-мекенінде шиіттерді жаппай өлім жазасына кесу оқиғасына қатысты шығарылған. Ал курдтарды нәубетке ұшырату күдігі бойынша сот процесі толық аяқталмаған. Қазақстан курд қауымдастығының жетекшісі Князь Мерзоев Ирақтың бұрынғы лидерін өлім жазасына кесу керек деген пікірде. Сонда бұл әлемдегі басқа диктаторларға сабақ болады дейді ол.

- Саддам Хусейн әлемнің және Таяу Шығыс халықтарының тарихында диктатор, деспот ретінде мәлім. Өз халқына қарсы химиялық қаруды сынап көруі, бір тәулікте 7 мың бейбіт тұрғындардың көзін құртып, 5 мың адамды мүгедек ету трагедиясын тек Хиросима мен Нагасаки трагедиясымен салыстыруға болады. Сот шешімі өте әділетті болды. Ол өзі не істесе, соған лайық жаза алуы тиіс! Сонда адам құқығын бұзып, бостандық, демократияға қарсы шығып жүрген басқа диктаторлар ойланады, - дейді Қазақстандағы курд қауымдастығының басшысы Князь Мерзоев.

Дегенмен, Саддам Хусейнге қатысты өлім жазасын қолдануға түбегейлі қарсы шығып отырған Ватикан басшылығының пікірін Алматыдағы католик шіркеуінің өкілі Антон Крачуновский әкей де қолдайды.

- Егер адамды нашар ісі үшін жазалау керек болса, оны орындаудың басқа тәсілдері бар ғой! Адамды түрмеге жапсын немесе шахтаға жұмысқа салсын. Біз адамға өмір берген жоқпыз. Өмірді құдай ғана берді. Сондықтан, тек құдайдың ғана өмірді алуға құқысы бар. Адам түрмеге түскенде опық жеп, өмірін өзгертуі немесе жасаған күнәлері үшін өкінуі мүмкін. Бұл тарихтан белгілі. Бізге сол маңызды! - дейді Алматыдағы католик шіркеуінің өкілі Антон әкей.

Ал Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек сот үкімін шығарар кезде барлық деректерді ескерген болар, сондықтан, сот үкімі күшінде қалғаны жөн дейді:

- Сот орындарында тиісті заңгерлер деп ойлаймыз. Шариғат заңын да ескерген болар дейміз. Алланың беріп отырған жазасы шығар. Бұл өмірінде осы жазасын алса, ендігі, келесі өмірінде жазасы жеңілдейді.

Дегенмен, бүгінде Саддам Хусейнді өлім жазасына кесу бойынша шығарылған сот үкімін «Ирактың басты жетістігі» деп бағалаған АҚШ басшылығының пікірін халықаралық ұйымдарды барлығы бірдей қолдай бермейді. Мысалы, қарашаның 6-сі күні Еуроодақ сот үкіміне және оның орындалуына қарсылықтарын тағы бір мәрте білдірген.
XS
SM
MD
LG