Accessibility links

Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні жазылғанына биыл 50 жыл толды


300-ге тарта музыкалық туынды жазып кеткен Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдыаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнінің жарыққа шыққанына биыл 50 жыл толды. Кеңес Одағы заманында тың игеру жерлерін Ресейге қосудан сақтап қалған «Менің Қазақстаным» әні бүгінде Қазақстанның мемлекеттік ән ұраны. Алайда, Қазақстанның кейбір аймақтарында ән ұранды кез-келген той-жиындарда айтқызуға тыйым салыпты.

Қазақстанның ән ұранына айналған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін тұңғыш рет 1959 жылы сахнаға КСРО-ның халық әртісі Жамал Омарова орындап шығыпты. Белгілі композитор, Шәмші әндерін зерттеуші Қалдыбек Құрманалиевтің айтуынша, Жамал Омарова Өзбекстанның Тәшкент шахарында гостролдік сапармен жүргенде Хамза Хакимзада музыкалық училищесінде оқып жүрген балауса студент Шәмшінің өнерін байқап, оны Алматыға шақырады. Ал биыл дәлірек айтсақ, қазанның 25-де Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әніне 50 жыл толды. Алдағы аптада қазақ эстрада жұлдыздарымен бірге Астанада «Менің Қазақстаным» әнінің 50 жылдық құрметіне меркелік шара өтпекші. Композитор, Шәмші әндерін зерттеуші Қалдыбек Құрманалиев бұл меркелік шараны Сарыарқа жерінде өткізудің де өзіндік себебі бар екенін айтады. Өйткені кеңес дәуірі заманында Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні солтүстік жерлерді Ресейге қосудан сақтап қалды дейді.

«Менің Қазақстаным» әнінің мемлекеттік ән ұранға айналғанына қаңтар айында бір жыл толады. Әндегі Жұмекен Нәжімеденовтің сөздеріне президент Нұрсұлтан Назарбаев түзету енгізіп, авторлардың біріне айналғаны белгілі. Енді Қазақстанның кейбір аймақтарында мемлекеттік ән ұранға айналған «Менің Қазақстаным» әнін жиын-тойларда айтуға тиым салып жатқан көрінеді. Мысалы таяуда Жамбыл облсының әкімі мемлекеттік ән ұранды кез-келген жиын тойда айтқызуға тыйым салыпты. Өйткені мемлекеттік рәміздердің бірін ішімдік ішіп алып айтуға болмайтындығын айтыпты. Бұл мәселеге қатысты сазгер Қалдыбек Құрманалиев президентке Үндеу жариялауға әзір екенін айтып отыр.

Ал Астана қаласының тұрғыны Шәмші әндерін сүйіп тыңдаушы Разиға ән ұранды ойын-тойларда айтпау жөніндегі пікірге қосылатындығын айтады.

Қазақстанның оппозициялық ұйымдары өз мәжілістерін Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнімен бастайды. Бірақ әрине ән ұран емес, өзгертілмеген нұсқасын орындайды. Әзірге ресми Астана оппозицияға мемлекеттік ән ұранға айналған «Менің Қазақстаным» әнін орындауға тыйым салған жоқ.
XS
SM
MD
LG