Accessibility links

Еуропадағы қауыпсыздық және ынтымақтастық ұйымы: Тәжікстанда өткен президенттік сайлауда келеңсіздіктер орын алды


Қарашаның 6-сы, дүйсенбіде Орта Азия елдерінің бірі Тәжікстанда президенттік сайлаулар өтті. Тәжікстан Орталық сайлау комиссиясы бұл сайлаудағы дауыс беру нәтижелері бойынша қызмет басындағы ел жетекшісі Эмомали Рахмоновты жеңімпаз деп жариялады. Дегенмен, бұл сайлаудың қай деңгейде өткендігі жөнінде халықаралық талдаушылар түрлі пікір білдіруде.

Бұл бәсекеде қызмет басындағы президент Рахмоновтан өзге тағы да 4 үміткер қатысқандығымен әу бастан-ақ Эмомали Рахмоновтың қайта сайланатындығына күмән болмаған еді. Тәжікстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мирзоали Болтоев дауыс берулер аяқталғаннан кейінгі баспасөз мәслихаты кезінде сайлау нәтижесін былайша хабарлады.

– Тәжікстан конституциясының республика президентін сайлау жөніндегі 34-ші бабына орай, алғашқы дауыс беру есебі бойынша, Эмомали Шарипович Рахмонов Тәжік республикасының президенті болып сайланады, деп жарияланады.

Алғашқы есеп бойынша Рахмоновқа сайлаушының 79 пайызы дауыс берген көрінеді. Сондықтан сайлау бірден нәтижелі аяқталып отыр. Эмомали Рахмоновпен елбасылық үшін 4 үміткер белдесті. Олар негізінен оппозициадағы партия өкілдері. Бірақ олар сайлау науқаны кезінде-ақ дауыс беруде қызмет басындағы президент үшін бұрмалаушылық болатындығын алдын ала айтып қойған болатын.

ЕҚ және Ынтымақтастығы ұйымы Тәжікстандағы сайлауға 170 бақылаушы жіберіпті. Сейсенбі күні ЕҚ және Ынтымақтастығы ұйымы жариялаған баяндамада айтылғанындай, бұл сайлау демократиялық талаптарға түгелдей сай болды деуге келмейді екен. Себебі, айтарлық деңгейдегі бәсекелестік болмаған.

Науқанның ішкі жүйесі көпшілік жұртқа беймәлім қалған. Ал БАҚ негізінен қызмет басындағы президентті мақтап, оны рөлі жөнінде көбірек жариялаған.

ЕҚ және Ынтымақтастығы ұйымынан бұл сайлау бойынша үйлестіруші Онно ван дер Виндтің айтуынша, Тәжік еліндегі президенттік сайлау демократиялық деңгейден төмен болған.

– Бұл сайлау 1999-жылғы сайлаумен салыстырғанда кей тәуірлеу жаңалықпен ерекшеленгенімен, оның жалпы демократиялық талаптарға сай болмағандығы байқалып отыр. Ал ЕҚ және Ынтымақтастығы ұйымының мүшесі ретінде Тәжікстан демократия қағидалары бойынша іс тұтуы қажет еді, - дейді Ван дер Винд.

ЕҚ және Ынтымақтастығы ұйымының деректеріне қарағанда, отбасы болып, топ болып, немесе бір адамның бірнеше рет дауыс беруі секілді жағдайлар жиі кездескен. Дауыс беру және дауыстарды санау да жалпы ережеге сай өтпеген. Дегенмен сайлау тыныш өткен.

Тәжікстандағы бұл сайлау барысына бұрынғы советтік аймақтан келген өкілдер қандай баға береді?

ТМД елдері атқару комитетінің төрағасы Рушайлоның баспасөз маслихаты кезінде айтуынша, дауыс беру заң ережелерге сай өткен. Сайлаушылар белсенділік танытқан. Кейбір техникалық ақаулар болды, бірақ олар сайлау нәтижесіне әсер етпейді, деген Владимир Рушайло.

Жалпы, бұрынғы советтік аймақ елдеріндегі президенттік сайлауларда қызмет басындағы жетекші әдетте 90 пайыздан астам дауыс алды деп жарияланып келеді.

Тәжікстандағы 2000-жылғы сайлауда осы президент Рахмонов 92, ал оның бәсекелесі 2-ақ пайыз дауыс алған болатын.
XS
SM
MD
LG