Accessibility links

Қазақстанда тағы бір оппозициялық партия пайда болуы мүмкін


8 қараша күні «Алға» Халықтық партиясы (ҚТД) мемлекеттік тіркеуден қайта өткізу үшін тиісті құжаттарды дайындау және азаматтардың өтінішін жинау кампаниясын аяқтағанын мәлім етті. Тіркелмеген партия жетекшілері, «Алға» онша танымал болмағанымен, халық арасында мүшелеріміз біртіндеп болса да, көбейіп келе жатыр дегенді айтады.

«Алға» Халықтық партиясы жетекшілерінің айтуынша, бүгінге дейін партия қатарына кіруге 57 мың адамның өтініші келіп түсіп, оның 52 мыңы өңдеуден өтіп жатыр. Қазір партия әрбір облыстан 1000-нан аса жақтастар тауып отырса, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары осы тізімде мүшелер саны жөнінен көш бастап келеді. Ал «Алға» Халықтық партиясы Саяси кеңесі төралқасының төрағасы Асылбек Қожахметов биылғы дауыс жинаудың алдыңғыларынан айырмашылығы болғанын айтады.

- Бұған дейінгі кедергі өтініш құжаттарынан болғандықтан, осы жолы біз дауыс жинаудың басқа тәсілін қолдандық. Оның еркшелігі мынада. Бұл жолғы жиналған өтінішітердің барлығының арғы бетінде өтініш берушілер куәлігінің көшірмелері бар. Өткен жылы біздің жинаған тізімдеріміздің ішінде мүлде жоқ немесе қайтыс болған азаматтар бар деп қабылдамай, министрлік жұмысымызға күдік келтірген болатын. Енді бізді қандай да бір айыптаудан сақтандыратын осы төлқұжат көшірмелері болады деп ойлаймыз, - дейді Асылбек Қожахметов.

Сонымен қатар, облыс филиалдарының жетекшілері дауыс жинау кездерінде кейбір тұрғындардың жұмысқа зиян келтіру мақсатымен бұрмалау әрекеттеріне барғанын және олардың біразының үстінен іс қозғалғанын айтты. Ал «Алға» Халықтық партиясы Ақмола облыстық филиалының жетекшісі Марат Жанұзақов жалпы дауыс жинау барысы алдыңғыларға қарағанда сәтті өтті деп, халық арасында партияға деген оң көзқарастың туып отырғанын айтады.

- Көп ауылдар бізді толық білмесе де, халықтың бізді қолдайтынына көз жеткіздік. Олар біздің арамыздан негізінен оппозицияның ең ірі жетекшілерін ғана біледі. Біз мұны ақпараттың жеткіліксіздігінен деп білеміз. Мысалы, кейбір солтүстік облыстарда Қазақстанның емес, Ресейдің телеарналары көп көрсетеді,-дейді филиал жетекшісі.

Ал Асылбек Қожахметов болса, «Алға» Халықтық партиясы туралы халық арасында өзіндік бір ұғымның қалыптасқанын айтады.

- Жалпы халықтың партиялар туралы сауаты аз болғанымен, халық біздің партияны жайлы аз біледі деп айта алмаймын. Әзірше, біздің партиямыз билікпен күресіп, тіркелмей жүрген партия ретінде танылған. Шетелдерде болған түрлі-түсті төңкерістерден кейін халық оппозициялық партияларға үреймен қарайтын болған. Ал Қазақстанға соңына дейін күресетін, мықты, әділетті, билікке тәуелді емес, ұзақ жылдық мақсаттарды алға қоятын концептуальды партия керек. Бізге тек ұрандар көтеретін партия емес, кез келген мәселеге өзінің балама жолдарын ұсына алатын партиялар да керек. Осы жолда партияның билікке ұмтылуы міндетті емес,-дейді Асылбек Қожахметов.

Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали болса, оппозициялық партиялардың көбеюі бір-бірінің жұмысына кедергі болады деп, «Алға» Халықтық партиясының қазіргі саяси жағдайлармен санаспай отырғанын айтады.

- Жалпы оппозициялық, соның ішінде «Алғаның» кемшілігі олар ұлттық мәселелерді пәлендей қоймайды. Сол баяғы орыстілді қазақтар мен орыс электоратын есепке алып отырады. Ол тактикалық қате. Ал қазақты ойламайды,-дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар, партия жинаған дауыстарды 9 қараша күні Әділет министрлігінің тіркеу қызметі комитетіне тапсыратындығын хабарлап отыр.

Бұл партияның осымен, тіркеу жөніндегі 3-ші әрекеті. Партия жеткшілерінің айтуынша, бұған дейінгі жиналған өтініш тізімдері Әділет министрлігінде 8 ай жатып, партия сол күйі тіркелмеген еді. Ал биыл жазда «Алға» Халықтық партиясының тіркелуін Қазақстанның бірқатар партия мен қозғалыс жетекшілері, қоғамдық қайраткер және депутаттар қолдаған болатын.
XS
SM
MD
LG