Accessibility links

Қазіргі «БАҚ туралы» заңға балама болатын заң жобасы Парламентке жұмысқа қабылданды


Парламент мәжілісінің депутаттары қарашаның 8-і күні қоғамдық ұйымдар әзірлеген "БАҚ туралы" заң жобасын жұмысқа қабылдап алды. Заң жобасымен таныстырған депутаттар бұл құжаттың тікелей елдегі сөз бостандығын қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. Алайда, кейбір депутаттар бұл заң жобасының халықаралық ұйымдардың сынына ұшыраған қазіргі қолданыстағы "БАҚ туралы" заңнан айырмашылығы көп еместігін алға тартады.

Қазіргі қолданыстағы «БАҚ туралы» заңға биылғы жылдың шілде айында толықтырулар мен өзгерістер енгізілген болатын. Алайда, содан бері бұл заң үздіксіз қазақстандық және халықаралық қоғамдық, журналистік ұйымдардың сынына ұшырап келеді. Ал қарашаның 8-і күні депутаттар жұмысқа қабылдап алған «БАҚ туралы» заң жобасы әзірге бұл заңға балама бола алатын жалғыз құжат екендігін айтады заң жобасын әзірлеуші ұйымдардың бірі – «Әділ сөз» қорының басшысы Тамара Калеева.

- Заң жобасындағы ең прициптік мәселелердің бірі - біз журналистің қылмыстық жауапкершілігін алып тастаймыз. Оған қоса журналиске қарсы талап-арыз мерзімін шектейміз. Сонымен бірге журналистерден моральдық шығын өндіріп алғысы келгендердің жауапкершілігін күшейтеміз. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеу рәсімін жеңілдетпекпіз. Қазір Ақпарат министрлігі түрлі сылтау тауып, басылымды тіркеу уақытын шексіз соза алады. Біздің талабымыз бойынша, министрлік ақпарат құралын тіркеу бойынша жауабын 15 күн ішінде беру керек. Егер жауап болмаса, газет кідіріссіз шыға береді, - дейді «Әділ сөз» ұйымының төрайымы Тамара Калеева.

Ал бұған дейінгі, яғни, қазіргі қолданыстағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша құрылған депутаттың топтың жетекшісі болған депутат Ғаділбек Шалахметов қазіргі заң мен жаңадан түскен заң жобасының арасында айтырлықтай айырмашылықтарды көріп тұрмағанын айтады:

- Жазда біз бір заңды қабылдадық қой. Мына заң сонымен келісіп, алға бара жатыр. Бұрынғы заң, мына заң - екеуі сәйкестеу. Менде де қазір көп сұрақтар туып жатыр. Жұмыста бәрі шешіледі ғой.

Ал шілде айында толықтырулар мен өзгерістер енгізілген «БАҚ туралы» заң жобасын қабылдау бойынша дауыс беруге қатыса алмаған парламент депутаты Әлихан Байменов «балама заң жобасының демократиялық бағытта аздаған ерекшеліктері болғанымен, мұның күдікті тұстары бар екендігін» алға тартады:

- Мысалы, ақпарат құралдарын тіркеу рұқсат ету жүйесі емес, жәй тіркеу жүйесі болуы керек. Заңға сай өтініш бергендіктен, заңға қайшылық болмаса, оны 2 аптаның ішінде тіркеу керек. Мемлекеттік БАҚ-тарды министрлік емес, қоғамдық кеңес басқаруы керек. Мемлекеттің де неше телеарна, неше газеті болатынын заңмен шектеп қою керек. Бізде, әйтпесе, миллиардтап «мемлекеттік тапсырыс» деген атпен кетіп жатады. Оның не үшін кетіп жатқаны белгісіз. Оны кейбір шенеуніктер өздерін мадақтату үшін пайдаланады. Одан да оны, халыққа айлық, зейнетақы ретінде бөліп беру керек.

Бұл уақытта қазіргі «БАҚ туралы» заңға балама құжат әзірлеген ұйымдардың бірі – «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калеева Парламенттің талқысына түскен құжаттың қабылданар тұста мүлдем өзгеріп, кері кеткен заң жобасы болып шыға ма деген қаупі бар екендігін жасырған жоқ.

- Олар, депутаттар, өздерінің көзқарастар тұрғысынан әр заң нормасын үлкейткіш айнамен қарай бастайды. Сөйтіп, ақыры бұл заң жобасы қазіргі заңнан да асып түсетін қатаң заң болып шыға ма деген өте бір айрықша қаупіміз бар. Онда біз, үкіметтік емес ұйымдар, сол кезде оған біздің еш қатысымыз жоқ екенін түсіндіре аламыз ба?! - дейді Тамара Калеева.

Ал балама заң жобасын даярлауға қатысқан Журналистер конгресінің заңгері Қанат Сахарьянов, керісінше, оптимистік көңіл-күйде. Ол «бұқаралық ақпарат құралдарын либералдандыру бойынша заң жобасына енгізілген негізгі баптар өзгертілмейді, ал заң жобасын Парламент депутаттары қабылдайды» деген сенімде.

Мәжілістің бір топ депутаты бұл заң жобасын 2006-жылдың маусым айында парламентке енгізген. Алайда, үкімет оған теріс қорытынды жасауына байланысты құжат кері қайтарып алынған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG