Accessibility links

Қазақстандағы президентшіл партия қатары тағы кеңейді


Қазақстанның билікке жақын ең ірі «Отан» саяси партиясына Азаматтық партия қосылды. Бұл туралы шешім қарашаның 10 күні Астанада өткен Азаматтық партияның 7-съезінде хабарланды. Жиынға қатысқан президент Назарбаевтың айтуынша, партиялардың бірігуі мұнымен тынбайды. Ал, қайсібір саясаттанушылар президенттік партияның іріленуі, яғни монополист партияның құрылуы, демократия дамуына кесірін тигізеді деген пікірде.

Биыл жазда Қазақстанның билікке жақын ең ірі «Отан» партиясына президент Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева басқарып келген «Асар» республикалық саяси партиясы біріккен болатын. Сөйтіп, президент Назарбаевтың партиясы саналатын «Отанның» қатары кеңейіп, мүшелерінің жалпы саны 700000 адамнан асқан-ды. Ал Азаматтық партия съезінде хабарланғандай, енді олардың 150000 мүшесі де «Отанға» қосылды. Азаматтық партияның төрағасы Азат Перуашев, билікке жақын партиялардың бірігуі алдағы сайлауларға деген дайындық еместігін, бірақ бірігудің белгілі бір себебі бар екенін айтады.

- Соңғы кезде өндірушілердің саны сайлаушылардың құрамында біраз төмендеп кетті, 1 миллионнан аз болып кетті. Ал жалпы сайлаушылардың саны 8 жарым миллион. Сондықтан, біздің ең үлкен электоратымыз 12 пайыз ғана, - дейді Азат Перуашев.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, бұл бірігу «Ақ ордалық» саяси технологтардың бұрыннан көксеген арманы. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, билікке жақын партиялардың бірігуі орынды құбылыс:

- Бірлік болу үшін - саяси бірлік болу керек. Саяси күштердің бірігуі болу керек. Олардың барлығы бір жұдырық болып жұмылып бірге жұмыс істеу керек. Сол үшін бүгінгі бірлесу дұрыс деп санаймын, - деді президент Назарбаев жұма күні Азаматтық партияның съезіне қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде.

Бұл орайда Назарбаев билікке жақын партиялардың мысалы ретінде Сингапур, Малайзия, Жапония және Швецияны келтірді. Бұл елдерде билікке жақын партиялар ұзақ уақыт бойы 30-40-50 жылдай ауыспай елді табысқа жеткізген, деді Назарбаев. Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы билікке жақын партиялардың бірігуін дұрыс деп бағалағанымен, бұл партия Кеңес одағы кезіндегі коммунистік партияға ұқсамауы тиіс деп санайды:

- Мысалы, Жапонияның либералды-демократиялық партиясының беделі елде күшті, бірақ бұл партиялардың ішінде демократия қатты дамыған, партия ішінде оппозиция бар. Ал «біз президент билігін қорғайтын партиямыз, бізге қарсы шыққан адам - президентке қарсы шыққан» деген жағдай болса, ондай партияның болашағы алға бармайды.

Елді тек бір партия басқаратын басқару жүйесі диктатура деп аталады. Ал, Қазақстанның қазіргі таңдауы көп партиялы жүйе. Саясаттанушы Андрей Чеботарев болса Қазақстандағы бірігу дамыған елдердегіден өзгеше болады деген пікір айтады.

- Және бұл демократияға, көп партиялылыққа, көп пікірге кесірін тигізеді, іс жүзінде бір ірі партиясы бар жаңа партиялық жүйе жасалады, - дейді саясаттанушы.

Бақылаушылардың айтуынша Қазақстандағы билікке жақын партия мүшелерінің жалпы саны да, партиялардың саны да оппозициялық партия мен мүшелерінен әлдеқайда артық. Әлі ресми тіркелмеген Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрағасы Жармахан Тұяқбайдың айтуынша, оппозициялық қозғалыстар да жаңа партияға бірігуі мүмкін.

-Ал билікке жақын партиялардың бірігуі - жасанды нәрсе. Олар алдағы сайлауларға дайындалып жатыр, - дейді Жармахан Тұяқбай.

Саясаттанушы Шәріпбек Әмірбектің айтуынша, билікке жақын партиялардың бірігуі оппозицияға кесірін емес, пайдасын тигізуі мүмкін:

- Мысалы, алдағы сайлауларда қайта оппозициялық партияларға жол ашылып отыр. Бұрын 5-6 президентшіл партиялар таласатын болса, оппозиция көрінбей қалатын, ал қазір олар көрініп отыр.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, жалпы бұл бірігу мұнымен тынбайды және партия жүйесінің құрылысына демеу болады. Мысал ретінде президент Назарбаев өзінің үлкен қызы Дариға Назарбаева жасаған, ұсынысты мұқият зерттеу керек деді. Ол ұсыныста депутат Д.Назарбаева парламентте 7 пайыздық белестен өткен партияға бюджеттен ақша бөліну керек деген болатын.

Алайда ондай пікірмен келіспейтін саясаткер Ғани Қасымов тек парламенттегі монополист партияға ғана қаражат беру дұрыс еместігін айтады.

Қазір Қазақстанда ресми түрде 12 партия тіркелген. Ал елдегі электораттың, яғни дауыс беруге құқы бар адамдардың саны 8 миллионды құрайды.
XS
SM
MD
LG