Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.11.2006 жыл


Сенбілік басылымдар, билік партиясының күшеюі, елдегі саяси ахуалға қалай әсер етпек деген мәселені қозғайды. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде Қазақстан қоғамындағы гендерлік теңсіздік жөнінде мақалалар жарық көрген.

«Литер» басылымының дерегінше, Ақ Орда барлық билік партияларының күшін біріктіруге тырысуда. Ондағы мақсат, барлық саяси күштерді билікке тәуелді етіп, осы тәуелділікті нығайта түсу және бұл жүйеден тыс күшті саяси ойыншылардың пайда болуына жол бермеу. Яғни билік, мемлекетті білікті басқаруды, билік сабақтастығын, конституциялық құрылысты, қажетті реформалар жүргізуді қамтамасыз ете алатын, жаңа көпшілік партиясын құруды жоспарлап отырған болуы керек, - деп жазады «Литер» басылымы.

«Комсомольская правда Казахстан» басылымы, бейсенбі күні Астанада өткен Азаматтық партияның съезіне қатысқан Қазақстан Президентінің пікірін келтіреді. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, «осы жылы басталған Қазақстандағы жетекші партиялардың бірігуі, елдеі партиялық жүйенің дамуын жаңа деңгейге көтерді. Жаңа модернизациялық серпіліс үшін, қоғамдағы барлық жасампаз күштердің бірігуі қажет», - деді президент. Алайда, Назарбаев Қазақстан көппартиялық жүйеден бас тартпайтынын атап көрсетті, - деп жазады «Комсомольская правда Казахстан»

Осы мәселеге орай «Айқын» басылымы бірнеше саясаткердің пікірін жариялапты. Газетке сұхбат берген Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың айтуынша, Қазақстанның саясат сахнасында жүрген партиялар санының кемуі заңдылық. Ал, саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек, Президенттік партиялардың іріленуі, саясат алаңында өзі деңгейлес партияның пайда болуына әсер етеді деген пікірде. Саясаткер Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, партия санымен емес сапасымен жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан, партиялардың іріленуінен қорқудың қажеті жоқ. Ал, саясаткер Болатхан Тайжан: «Билік партияларының күшейе бастауы билікті де одан әрі күшейте бермек», - дейді «Айқынға» берген сұхбатында.

«Егемен Қазақстан» газеті Қазақстандағы жетекші партиялардың бірігу екі міндетті шешуге мүмкіндік туғызады деп жазады. Біріншісі, «партияларға елеулі өкілеттіктер жүктелмек. Саяси күштердің бірігуі жөніндегі шешім нақ осындай халықтың қолдауына ие болған партиялардың құрылуын жеделдетпек. Екінші жағынан, демократиялық реформалар жүргізу қарсаңында құрылған ықпалды біртұтас партия қоғамдық-саяси тұрақтылықтың сақталуына мүмкіндік беріп, саяси бағыттың сабақтастығын қамтамасыз етпек», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

«Айқын» басылымының дерегінше, бүгінгі күні Қазақстанда жұмыссыз жүргендердің 55 пайызы әйел адамдар. Сондай-ақ, әйелдердің орташа еңбекақы мөлшері ер азаматтардыкімен салыстырғанда едәуір төмен. Бұған қоса, әйелдердің қызмет бабында жүріп, аналық борышын өтеуіне, өмірге сәби әкелуіне мемлекет тарапынан ешқандай ынталандыру шаралары жоқ, - деп жазады «Айқын» басылымы.

«Казахстанская правда» газеті, қоғамдағы гендерлік теңсіздіктің салдарлары қандай деген мәселеге назар аударады. Бұл жөнінде басылымға сұхбат берген Қазақстан іскер әйелдер Ассоциациясының президенті Раушан Сәрсембаева былай дейді: «Әйелдердің ер адамдарға қарағанда аз жалақы алуының себебі, атқарушы және заңшығарушы билікте отырғандардың басым көпшілігі ер адамдар. Тек ер адамдардан тұратын үкімет әйелдердің мүддесін ескермейді. Ал, пайдасы көп, мұнай, кен өндіру салаларында әйелдер жоқ. Керісінше, орта және көбіне-көп шағын бизнес әйелдерге қалған», - дейді Раушан Сәрсембаева «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG