Accessibility links

Ақша қымқырды деген айып тағылып отырған оппозиция қайраткері Болат Әбіловті қорғайтын қоғамдық комитет тұрғындардан 1 млн дауыс жинамақшы


Болат Әбіловты қорғау жөнінде құрылған қоғамдық комитеттің пікірінше, оппозиция қайреткеріне тағылып отырған айыптардың барлығы заңға сай келмейді. Бұл жайында қарашаның 13-күні мәлімдеген бір топ оппозиция қайраткерлері Болат Әбіловтің үстінен қозғалған іске бірауыздан саяси қысым деген баға берді.

Болат Әбіловты қорғау жөнінде құрылған қоғамдық комитеттің әрі әзірге ресми тіркелмеген Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай үлкен көлемде сеніп-тапсырылған бөтеннің меншігін ұрлау, өз қызметін асыра пайдалану және бөтеннің меншігіне зиян келтіру сияқты, саясаткерге тағылған айыптарда ешбір негіз жоқ дейді. Әсіресе Жармахан Тұяқбай Қылмыстық Кодекстің 176-шы бабы бойынша тағылған айыпты саясаткерге жабылған ең үлкен жала деп бағалайды.

- Біз істің материалдары болмаса да, қолда бар материалдармен танысып көргенімізде, көк тиынның да ұрланбағанына көзіміз жетті. Заңды тұлғаларға жіберілген қаржылардың бәрі шартта көрсетілгендей, уақытысында «Бутя-Капитал» Ашық Акционерлік компаниясына қайта келіп түсіп отырған. Сондықтан бұл жерге ұрлау, талан-таражға салу сияқты әрекеттер орын алмаған. Бәрі сотқа байланысты. Бүгін іс сотта жатыр. Егер сот осыны жан-жақты тексеріп, шындыққа көзін жеткізгісі келсе, онда соттың бұл істі қайта тергеуге жіберуі керек деп ойлаймын, - дейді Жармахан Тұяқбай.

Осы оқиғаның анық-қанығын білу мақсатында тиісті құқық қорғау мекемелеріне қоңырау шалғанымызда, ол жақтағылар ешбір мәлімет бермеді. Ал «Нағыз Ақ Жол» партиясының тең төрағасы Ораз Жандосов қылмыстық іске баға бере келіп, қоғамдық комитеттің алдағы уақытта атқаратын шаралары туралы былай дейді.

- Біз ертеңнен бастап Болат Әбіловті қолдау үшін 1 миллиондай қазақстандықтардың дауысын жинауды міндетке алып отырмыз. Оған Коммунистік, Социал-демократиялық және «Нағыз Ақ Жол» партиялары, сонымен қоса көптеген қозғалыстар қатыспақ. Әрине, бұл құжаттың ешбір заңдық күші болмайды. Алайда болып жатқан оқиғаларға халық өз көзқарасын, наразылық білдіруге құқылы. Өйткені, бұл іс тек Болат Әбіловке ғана қатысты емес. Бұл көптеген саяси қайраткерге жасалынып жатқан қуғын-сүргіннің жалғасы, - дейді Ораз Жандосов.

Ал жазушы Ғаббас Қабышұлы болса, соңғы уақытта билік тарапынан оппозициялық саясаткерлерге қарсы қуғын-сүргіннің көбейіп кеткендігін айтып, Болат Әбіловке қайта-қайта шүйлігу саяси астарға ие болуы мүмкін дейді.

- Мына Әбіловтің қорынан басқа бірде-бір қор өзінің салымшыларына бір теңге қайтарып берген жоқ. Соншама қордың ішінен Әбіловтің қоры шама-шарқынша ақшасын қайтарып берді. Билік басқаларды неге жазаламайды? Бір тиын бермеген қорлар қайда?

Қазақстандық оппозиция қайраткері Болат Әбіловті қорғау қоғамдық комитеті қазан айында құрылып, саясаткерге тағылып отырған айыптардың анық-қанығын зерттеумен айналысатынын мәлімдеген еді. Бұл комитет, сонымен қатар, Әбіловті қорғауға байланысты митингілер мен пикеттер өткізуді де жоспарлаған болатын.
XS
SM
MD
LG