Accessibility links

"Борат" киносын шығарғандарды сотқа берушілер бар


Ойдан шығарылған жалған қазақ тележурналистінің Америкаға барған сапарын бейнелейтін сайқымазақ "Борат" киносының коммерциялық табысынан кейін бұл киноны шығарғандарды сотқа берушілер табылып жатыр. Кинода бейнеленген адмдардың кейбірі Борат оларды ақымақ қылып кетті деп отыр. Бұл екі арада, "Борат" киносы осымен екінші апта бойы американдық кинопрокатта ең көп ақша жинаған фильм ретінде аталып отыр. Қарашаның 3-інде көрсетіле бастағаннан беріде "Борат" киносы әлем бойынша 115 млн. доллар табыс түсіріпті. Жаплы шығыны 17 млн. долларды құраған кино үшін бұл үлкен табыс, - дейді мамандар.

Бірінші боп дауыс қатқан Мәхир Чағры есімді түрік журналисті болды. Чағрының сөзінше, британдық комик Саша Барон Коэн Бораттың бейнесін оның интернеттегі суреттерінен көшіріп алған. Ол кешірім сұралуын және өтемақы төленуін талап етуде.

Бұдан кейін Америкадағы Оңт.Каролина штатындағы екі студент "Боратты" сотқа берді. Олардың айтуынша, "Боратты" түсірушілер айла амалға салып, бұл деректі фильм екенін, оның тек Шығыс Европада ғаны көрсетілетінін айтып, аталмыш студенттерге әйелдер мен ұлт азшылықтарын қаралайтын пікірлерді айтқызған. Бұл студенттер енді даулы мәселені қаржылай жолмен шешу керек деп отыр.

Ең соңғы болып "Боратқа" қарсы сот ісін кино түсірілген Румыниядағы ауылдың тұрғандары бастағалы отыр. Олардың айтуынша, кино "олардың қайыршы, оқшау жағдайларын келемеж еткен".

Канаданың Торонто қаласындағы кино, өнер, көңіл сауықтыру саласының заңгері Лон Холлдың айтуынша, киноға түсіп, енді оның шығарушыларға қарсы сот ісін бастап отырғандар оларды ақымақ етіп кеткенін өздері дәлелдеуі тиіс дейді. «Азаттық» радиосының Нью Йорктағы тілшісі Никола Крастевке берген сұхбатында заңгер былай дейді:

"Соттағы негізгі мәселе кинодағы бейнесуреттердің алдаумен түсірілгенін дәлелдеуге байланысты болмақ. Мен нақты білмесем де, меніңше олар киноға түсілген кезде белгілі бір қағаздарға қол қойған болуы керек. Мұндай жағдайда адам бұл бейнесуреттерге қатысты барлық құқықтардан бар тартады. Егер солай болған болса, онда шағымданушы жақтың алданып қалғанғаны жөніндегі сөздерін сот алдында дәлелдеу өте қиын болмақ".

Көпшілік алдында сөз сөйлеу өнерінен дәріс оқитын Пэт Хэггарти да "Борат" киносына түскен. Алайда кино түсірушілердің оған шындықты айтпағанына қарамастан ол сотқа жүгінбейтінін айтып отыр. Нью Йорктағы тілшімізге берген сұхбатында ол:

"Маған оның кино жасауы мүмкін екені айтылды, жұмсаған уақытым үшін маған ақша төленетіні айтылды, кино жасалған жағдайда менің оған қатысты құқығым болмайтыны айтылды. Менің бұған келіспеуге мүмкіндігім болды, алайда мен олай істемедім, "ақшаларыңызды алып, қызметімді кәсіпқойлық деңгейде ұсынамын" дедім. Жоқ, енді оларды сотқа беру ойы менде жоқ", - деген.

Пэт Хэггартиға бұл жұмысы үшін 400 доллар төленіпті. Оның айтуынша, іске кіріспес бұрын фильм продюсерлері оның британдық комик Саша Барон Коэнның кім екенін білмейтініне көздерін жеткізген.

«Азаттық» радиосының Борат киносын таратумен айналысатын 20th Century Fox компаниясынан қандай да бір түсініктеме алмақ әрекеттері нәтижесіз боп шықты. Басқа ақпарат құралдарына берген түсініктемесінде студияның баспасөз уәкілі сотқа жүгіну әрекеттері назар аударуға тұрмайтындай дәрежеде деген.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG