Accessibility links

АҚШ әкімшілігі Ирақтағы саясатын қалай жүргізбек?


АҚШ Конгресінің қос палатасына ресми түрде бақылау орнату қарсаңында, демократтар президент Джордж Буштың Ирақтағы саясатына бақылауды күшейту жөніндегі заң жобасын қазірдің өзінде ұсынып отыр. Мұның өзі олардың республикашыл президент саясатын ауыздықтауға ұмтылу ма? Осы және басқа да сауалдарды «Азаттық» радиосының тілшісі Андрю Тюли Уашингтондағы Америка университетінің Америка саяси тарихы бойынша профессоры Алан Лихтманға қойған болатын.

«Азаттық» тілшісі Андрю Тюли өз сауалында демократ сенатор Карл Левиннің АҚШ күштерін Ирақтан кезеңдік тәсілмен шығару жөніндегі ұсынысын келтірген болатын. Және сенатор Левин әлгі ұсынысы жүзеге асқан жағдайда мұның өзі Ирақ басшыларын ондағы этникалық қайшылықтарды жоюға міндеттер еді. Осы арқылы Құрама Штаттарды аталған соғыстан босатуға мүмкіндік тумақшы, деген болатын. Оған жауабы барысында Уашингтондағы Америка университетінің Америка саяси тарихы бойынша профессоры Алан Лихтман мырза бір мәселені шешпейінше, елдің сыртқы саясатын Конгрестен басқара алмайсың. Ол мәселе - қаржыға келіп тіреледі. Яғни Ирақтағы соғысқа бөлінетін ақшаны демократтар қысқарта алады. Алайда, демократтардың ондай істі атқара алатын түрі байқалмайды. Сондықтан олар президентпен саудаласу деңгейінде тұр. Демек, демократтар ешнәрсеге міндеттемейтін қарарды ұсынбақшы, дейді Лихтман.

Президент Буш Ирақ мәселесінде демократтармен ашық келіссөздерге бар ма? Бұл сауалға орай Лихтман мырза: “Менің ойымша Буш қазір көпшіліктің өз пікірлерін айтуына мүмкіндік беріп отырғандай. Ол 1972-ші жылғы президент Ричард Никсонның саясатына көз салса болады. Сол жолы қайта сайлануына мүмкіндік жасаған көп мәселенің бірі- Вьетнамдағы АҚШ әскері санын оның азайтуы, жердегі соғысты әуе шабуылдарына алмастыруы және Америка шығындарын соғыстың қызған кезіндегі 10 мың, 11 мыңнан сайлау жылы бір мыңға дейін азайтқаны еді”, деп жауап берді.

Ирақтағы соғысты тоқтаудың екі жолы бар деп ойлаймын, дейді Лихтман мырза. Біріншіден, 1970-ші жылдардың басында Никсон келген қорытынды сияқты Буш мырза да соғысты тоқтату өзінің саяси бағыты үшін аса қажет, деп шешсе ғана оны тоқтату мүмкін болмақ. Екіншіден, демократтар Ирақ соғысына бөлінетін қаржыны тоқтатқызуы керек. Бірақ бұл тәсілдің жүзеге асуы қиындау. Тіпті демократтар басшылығы осындай ұсыныс жасаған күннің өзінде оған жеткілікті қолдау дауысына ие бола алмауы мүмкін. Әсіресе Конгресте аз ғана дауыспен басымдыққа ие болған тұста Конгрестен басқару өте-мөте қиын. Сондай-ақ президент құзырының күшін де естен шығармаған жөн, дейді Лихтман мырза.

Тәуекелге толы мұндай жаңа саяси ұсыныстың Буш президенттігіне әсері қандай болмақ? Бұл жерде президент Буш үшін қолайлы таңдау жоқ. Тек жаман және нашарлау деген таңдаулардың біріне баруы тиіс. “Ол бізді Ирақтағы жағдайға алып келді. Бұл оңайлықпен шешілетін шаруа емес. Вьетнам соғысы сияқты Ирақ мәселесі де басынан соңына дейін трагедияға айналып отыр”, деді Лихтман мырза.
XS
SM
MD
LG