Accessibility links

Қазақстандықтар бағасы арзан оң жақ рулді автокөліктерінен айрылғысы келмейді


13 қараша күні Қауіпсіздік Кеңесінде оң жақ рулді автокөліктерді Қазақстан нарығынан біртіндеп шығару туралы қабылданған шешім көлік сатушылар мен жүргізушілер тарапынан үлкен алаңдаушылық тудырды. Ал мамандар Қазақстанда үлкен сұранысқа ие болып отырған оң жақ рулді жапон автокөліктеріне тыйым салу халықты біраз әбігерге түсіріп, үлкен шығындар әкеледі деп отыр.

Алматыдағы «Astana Motors Toyota» орталығының сатушы-кеңесшісі Азамат Есманов, үкімет оң жақ рулді автокөліктерді Қазақстан нарығына о бастан кіргізбегенде, халықтың наразылығы былайша тумас еді деп есептейді. Оның айтуынша оң жақ рулді автокөліктерде аз-кем кемшіліктер болғанымен, олар халық үшін ең арзан да, тиімді көлік болып отыр.

- Мұндай машиналарды көптеген адамдар ақшаларын жұмсап сатып алды. Елдің көбісі қазір сол машиналармен жүр. Менің ойымша, Алматыдағы екі машинаның біреуі оң жақ рулді машина. Мен ендігі машиналарды Жапониядан рулдерін ауыстырып алып келеді дегенді естіп жатырмын. Бірақ олар оң рулдегілерге қарағанда қымбат болады. Мұның кесірінен енді, өзіміздің көлік сатушы жеке кәсіпкерлер ғана емес, үлкен фирмалар да жұмысын тоқтатуы мүмкін.

Азамат Есманов халықты толғандырып отырған мұндай жағдайдан шығу жолдарының бірі руль ауыстыру, бірақ оның өзі де көптеген шығындарсыз болмайды дейді.

- Руль ауыстырған қиын жұмыс. Ол тек рулді ғана емес, көп нәрселерді де ауыстыруды қажет етеді. Машинаны бұзып қайтадан жинау керек. Оған көп шығын кетеді. Көптеген құралдар, соның ішінде айнаны да сатып алу керек болады. Сондықтан, бұл жұмыс екінің бірінің қолынан келе қояды деп ойламаймын, - дейді Азамат Есманов.

Оң жақ рулді автокөліктер сол жақ рулді автокөліктерге қарағанда, жол апаттарына жиі ұшырайды деген пікірлерді көлік жүргізушілердің өздері де жиі айтып келеді. Мысалы, қазір басқару рөлі сол жақта орналасқан «Mazda» автокөлікті айдап жүрген Қайрат Асанов есімді таксиші бұрынырақ оң жақ рулді автокөлікті айдағанда көрген қиыншылықтарын былайша жеткізеді:

- Жолда кетіп бара жатып, алдымдағы машинаны айналып озып өтейін десем, алдымды дұрыс көрмей жатамын. Сол үшін қасымда адам болуы керек. Ал олар көріп тұрғанын айтам дегенше, қарама-қарсымда келе жатқан машиналар жетіп қалған кездер болған. Сондай кезде мұндай машиналар авария тудырады.

Ал оң жақ рулді «Toyota» автокөлігіне бірнеше жылдан бері мініп жүрген Мұхит Байділдаев осы күнге дейін қала жолдарында айтарлықтай бір қиыншылықтар көрмегенін айтып, керісінше жол көлік апаттарын көбіне жүргізуші куәлігін сатып алатындар мен мас күйінде рулге отыратындар жасайды дейді.

- Қазір көлік апаттарына оң жақ рулді көліктерді көп кінәлайды. Мен бұған келіспеймін. Өйткені аварияны кез келген машина жасауы мүмкін. Негізінен адамға да көп байланысты. Жалпы, мен үшін оң жақ пен сол жақтың айырмашылығы жоқ сияқты. Жапония автокөліктерінің барлығы жақсы деп ойлаймын. Экономикалық жағынан да, комфорты жағынан да, - дейді Мұхит Байділдаев.

Естеріңізге сала кетейік, оң жақ рулді автокөліктердің жүруіне тыйым салу жөнінде 13 қараша күні президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінде айтылған болатын. Дәлірек айтқанда, президент 2007 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап оң жақ рулді автокөліктерді сырттан ел аумағына кіргізбеуді, ал 2009 жылдан бастап мүлде пайдаланбауды бұйырған. Бұл шара соңғы жылдары оң жақ рулді автокөліктердің қатысуымен болатын жол көлік апаттарының көбейіп кетуіне байланысты қолға алынып отыр. Осы жайында айтқан Ішкі Істер министрлігі Жол полициясы департаментінің бастығы Өмірзақ Түсімов арнайы жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде оң жақ рулді автокөліктердің қатысуымен көлік апаттары 20 есеге, ал оның кесірінен кісі өлімі 3 есеге өскен деген болатын. Өмірзақ Түсімов сонымен қатар, соңғы он ай ішінде оң жақ рулді автокөліктердің кесірінен 600 көлік оқиғасында 201 адам қайтыс болған деген дерек келтірді.
XS
SM
MD
LG