Accessibility links

Жамбыл облысында тоғыз адам саңырауқұлақтан уланып, олардың екеуі қайтыс болды


Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының саңырауқұлақтан улану оқиғасы енді енді саябырси бергенде, онымен көршілес Жамбыл облысында саңырауқұлақтан уланған тоғыз адам ауруханаға түсіп, екі адам улану салдарынан қайтыс болды. Жамбыл облыстық санитарлық эпидемологиялық қадағалау департаментінің тағам гигиенасы бөлімінің бастығы Анна Воробьеваның айтуынша, Шу аудандық ауруханасына түскен 4 адам, Мерке аудандық ауруханасына түскен 3 адам және Тараз қалалық ауруханаға жатқызылған 2 адам – барлығы да қозықұйрық секілді белгісіз саңырауқұлақ түрін жеп уланған.

Қарашаның 17-күні «Азаттық» радиосына Жамбыл облыстық аурухананың токсикология бөлімінің дәрігері Мұқтар Сержанов емдеу мекемесіне жеңіл улану белгісімен келген 3 адамның денсаулық жағдайлары қазір жақсарып, үйлеріне қайтарылғандығын айтты. Ал қалалық аурухананың реанимация бөлімінің дәрігері Серік Қадыржанұлы саңырауқұлақтан уланып, денсаулығы ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген 39 жастағы ер адамның екі күннен кейін қайтыс болғандығын айтты.

Токсиколог дәрігер Мұқтар Сержановтың айтуынша, марқұм тамаққа базардан сатып алған саңырауқұлақты жақсылап пісірместен, шикі күйінде жеп уланған және улана сала дер кезінде дәрігердің көмегіне бармай, үйінде 2-3 күн жатып, ауруын асқындырып алған.

- Ол уды арақпен баспақболып арақ ішкен, алайда, спирттік ішімдік удың тез арада сіңуіне түрткі болып, жағдайды тіпті ушықтырып жіберген, - дейді дәрігер.

Жамбыл облыстық санитарлық эпидемологиялық қадағалау департаментінің тағам гигиенасы бөлімінің бастығы Анна Воробьеваның айтуынша, Мерке аудандық ауруханаға саңырауқұлақтан улану белгісімен түскен тағы бір егде адам және оның екі немересінің бірі, яғни 5 жастағы қыз бала ауруханада 3 күн жатып қайтыс болған. Ал атасы мен екінші немересінің хал-жағдайы қазір қалыпты көрінеді.

А.Воробьеваның айтуынша, биылғы жылы күз айы мен ауаның ылғалды болуы саңырауқұлақтардың қаптап өсуіне апарып отыр.

- Тіпті, сырт бейнесі қозықұйрыққа өте ұқсас саңырауқұлақтарды теріп, оны пайдаланған адамдар осылай уланып жатыр. Шын мәнінде, бұл «бледаная поганка» деп аталатын улы саңырауқұлақ түрі, - дейді маман дәрігер.

Таяуда ғана Оңтүстік Қазақстан облысында осы саңырауқұлақ түрімен 60-тан астам адам уланып, 5 адам қайтыс болған болатын. Сондықтан оңтүстіктегі екі облыстың санитарлық-эпидемологиялық бақылау департаменттері жаңадан өсіп шыққан саңырауқұлақтарды пайдалануға, сатуға тиым салып отыр.
XS
SM
MD
LG