Accessibility links

Еуропа Одағы Қазақстан мен энергетика саласында ынтымақтастықта болуға мүдделілік танытып отыр


Еуропа Комиссиясының Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы өкілдігінің жетекшісі, елші Андриаан ван дер Меер дүйсенбі күні Алматыда қазақстандық және шетелдік ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен кезінде осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, алдағы желтоқсан айында Қазақстан президенті Н.Назарбаев Еуропа Одағының астанасы Брюссельге ресми сапармен барғалы отыр.

Осы сапар барысында Еуропа Одағы мен Қазақстан арасында екі түрлі маңызды құжатқа қол қойылады деп күтілуде дейді ол. Біріншісі - Еуропа Одағы мен Қазақстан арасында энергетика саласында ынтымақтастықта болу жөніндегі жаңа келісім шарт болса, екіншісі Еуропа Одағы мен Қазақстан арасында ядролық материалдарды бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі жаңа келісім шарт болмақ. Еуроодақ елшісінің айтуынша, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы энергетика саласындағы мәселе қазір анықталу үстінде, яғни екі жақ арасында келіссөздер жүріліп жатыр.

Алайда, Қазақстан коммунистерінің жетекшісі Серікболсын Әбділдин болса, Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы қарым-қатынасты еуропалықтардың мүддесі үшін қарым-қатынас, оларды тек Қазақстанның мұнай-газы ғана қызықтырып отыр, басқасы оларға қажет емес деген пікір айтады.

Ал қоғам қайраткері, дипломат Болатхан Тайжан болса Орталық Азия елдері соның ішінде Қазақстанның Еуроодақпен тығыз қарым-қатынаста болуын жақсылық деп бағалайды. Оның айтуынша бұл қарым қатынас екі жаққа да тиімді болмақ.

Жалпы, Еуропа Одағы Орталық Азия елдерімен 1991-ші жылдан бері сауда, экономика, аймақтық ынтымақтастық саласында белсенді түрде қарым-қатынас жасап келген. Еуропа комиссиясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысының айтуынша, Еуроодақ Орталық Азия елдерімен арадағы қарым-қатынаста негізгі үш мақсатты көздейді: ол аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейту, екіншісі аймақтағы кедейшілікті азайтуға қатысты, ал үшіншісі Еуроодақ пен Орталық азия елдері арасындағы ынтымақтастықты дамыту болмақ.

Соңғы 15 жылда Еуроодақ ТМД елдеріне техникалық көмек туралы ТАСИС бағдаламасы, Қырғызстанда және Тәжікстанда азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасы, сондай-ақ Демократия бағдарламасы және тағы басқадай еуропалық бағдарламалар негізінде Орталық Азия елдеріне 1 млрд 332 млн евро көлемінде қаржы бөлген. Бұның ішінде Қазақстанға бөлінгені 159,5 млн евро.

Соңғы жылдары Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы сауда қарым-қатынасы жедел түрде дамып барады. Еуроодақ Қазақстан тауарларын ең көп сатып алушы болып отыр. Ал Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымының 33 проценті Еуроодақ үлесінде.

Келер,2007 жылы Германия Еуроодақ төрағасы болып осы одақты басқармақшы. Германия басшылығы Еуропа Одағының басты саясаты Орталық Азия болады дегенді айтып тастады.

Сондықтан келер жылы Еуропа Одағы Орталық Азиядағы өзінің түрлі грант, бағдарламаларына арнап тағы да 300 млн евро көлемінде қаржы бөлмекші.
XS
SM
MD
LG