Accessibility links

КГБ-ның бұрынғы қызметкерін уландырған кім?


Британия полициясы Ресейлік КГБ-ның бұрынғы қызметкері Александр Литвиненко уландырылуы мүмкін деген істі жан-жақты зерттеп-тексеру үстінде. Литвиненко қазан айында қастандықпен өлтірілген Анна Политковскаяның өлімі жайында деректер беремін деп айтқан адаммен Лондон мейрамханаларының бірінде кездескеннен кейін, аяқ астынан қатты науқастанып, ауруханаға жеткізілген. Литвиненконың жақтастары болса, Кремльдің саясатын сынға алып жүрген бұрынғы КГБ қызметкерінің аузын жабу үшін осы ұйымның өзі оған у беріп, өлтірмекші болды деген ойда.

Бұл оқиғаның өзі қырғи-қабақ соғыс кезінен бері жалғасып келе жатқан шпиондардың жұмбақ өлімдері жағдайларына тым ұқсас болып көрінеді. Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы агенті Александр Литвиненко бұл күндері Лондонда ауруханада өлім мен өмір арасында жатыр. Оған тамаққа қосып, әлде басқа бір жолмен таллий радиоактивті улы заты берілген болуы керек деген болжам бар.

Литвиненконың танысы Алекс Голдфарб сенбі күні ауруханаға барып, науқастың хәлін біліп шыққан болатын, ол «Азаттық» радиосына былай деді:

- Мен оны кеше көрдім, ол тірі әруақ сияқты. Оның шашының бір талы қалмай түсіп қалған, түрі қызыл шақа тышқанға ұқсайды, ауыз қуысы қып-қызыл күйіп қалған жара тәрізді. Осыдан бір ай ғана бұрын жап-жас, дені сау әдемі жігіт еді, енді қатерлі ісік ауруына ұшыраған адамға ұқсап қалған.

Литвиненконың науқасқа шалдыққанына үш аптадай болып қалды. Лондонның университеті жанындағы колледж ауруханасының мамандары оның жағдай өте ауыр, бірақ бірқалыпты деп сипаттайды. Дәрігерлердің пікірінше, 43 жасар Литвиненкоға таллий сияқты токсинды у берілген, ол адамның жүйкесі мен өкпесіне әсер етеді.

Литвиенко Политковсакяның өлімі жайында ақпарат беремін деген адаммен кездескен соң, бірнеше сағаттардан кейін науқасқа шалдыққан. Ол өзінің бұл кездесуі жайында «Азаттық» радиосына былай деп айтқан болатын:

- Маған бір адам хабарласып, менде Политковскаяның өлімі және басқа да өлімдер жайында ақпараттар бар, кездесейік деген ұсыныс айтты, біз жолықтық, ол маған әлгі қағаздарды берді, мен үйге келдім, бірнеше сағаттардан кейін хәлімнің жаман болып бара жатқанын сездім, бір нәрседен уланғанмын, қазір ауруханада жатырмын.

Британиялық «Sunday Times» басылымының журналисі Дэвид Леппард Литвиненкомен кездесіп, оның уланғандығы турасында мақала жазған тілші.

Леппард «Азаттық» радиосына айтқан әңгімесінде, Литвиненконың улануы турасында маман-дәрігерлермен сөйлескенін, оның ішінде осыдан екі жыл бұрын диоксин деген улы затпен уландырылған қазіргі Украина президенті Виктор Ющенконы тексеріп, қараған токсикологиялық сарапшы Джон Хенримен де ой бөлісіп, пікір алыстым деген. Ол осындай зерттеулер жасай келе, Литвиненконы белгісіз біреу алдын-ала ойластырып, жақсылап тұрып уландырған деп тұжырымдайды.

- Таллий адамның ішкі ағзасына тағам арқылы ғана берілетін улы зат емес, оны сондай-ақ қан құрамына басқа да жолдармен енгізуге болады. Содан кейін оның ағзаға әсер етуі үшін бірнеше сағат қажет болады. Сондықтан да Литвиненко мырзаны 1-қараша күні оның жапон мейрамханасындағы кездесуінен кейін де біреу улауы мүмкін. Бірақ ол дәл сол күні уланғанға көбірек ұқсайды.

Осыдан алты жыл бұрын Британияға кетуге мәжбүр болған Литвиненко Кремлдің саясатын қатты сынап жүрген-ді. Ол Кремлдің көп уақыттан бері жауы болып табылған алпауыт Березовскийді өлтіру туралы КГБ басшыларының өзіне тапсырма бергендігіне ашуланып, оны орындағысы келмегендіктен, осындай қадамға барған. Ол содан бергі кезеңде 1998 жылы Мәскеуде 100-деген адамды ажал құштырған тұрғын үйдегі жарылысты КГБ ұйымдастырғаны туралы кітап жазған болатын.

Литвиненко сондай-ақ 2004 жылғы Беслан мектебінің қоршауға алынуына да Ресей арнайы қызметінің араласы болуы мүмкін, 2004 жылы Қатарда бұрынғы шешен президенті Зелимхан Яндарбиевтің өлтірілу ісінің сыртында да КГБ агенттері тұр деп айтқан болатын. Яндарбиевке жасалған қастандыққа қатысы бар деген айыппен екі Ресей офицері сот алдына тартылғандығы аян.

КГБ болса Яндарбиев өліміне қауіпсіздік қызметінің ешқандай қатысы жоқ деп келген. Ал Голдфарбпен одан басқа да адамдар Литвиненконы уландыру қауіпсіздік қызметінің қолынан келген іс екендігіне сенімді.

- Мен Александрды көрген кезде олар оны құртуға жеткен екен ғой деп ойладым, өйткені олар, демек Ресейдің қауіпсіздік құпия қызметі мен үкіметі оның соңғы жеті жыл бойына жасаған мәлімдемелері мен істеген істерінен қауіптеніп, оған тістерін қайрап жүрген болатын.

КГБ-ның Лондонда тұратын тағы бір бұрынғы офицері Олег Гордиевский Литвиненконың улануының артында КГБ-ның тұрғандығына өзінің ешқандай күмәні жоқ екендігін айтқан еді.

- Мұндағы төрт жыл ішінде Литвиненко КГБ тарапынан талай ескерту алған. Бұл сондай үкіметтік деңгейде, демек КГБ-дан ұйымдастырылғандығы айқын. Ол КГБ-дан шабуыл күткен, бұл КГБ-ның уы, сіз таллийді дәріханадан сатып ала алмайсыз, ауруханада оны сізге ешкім бермейді, бұның КГБ-ның операциясы екендігі айқын, - деді О.Гордиевский.

Кремлдің баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары Дмитрий Песков Литвиненконың улануына Мәскеудің ешқандай қатысы жоқ, бұндай айыптаулар ақылға симайды деп айтқан болатын. Ресей сыртқы барлау қызметінің өкілі Сергей Иванов та, Ассошайтед пресс агенттігіне Ресейдің құпия қызметінің Литвиненконың басқа да көп уақыттан бергі улану оқиғаларына қатысы жоқ деп мәлімдеген-ді.

Лондонның қалалық полициясы бұл іске байланысты тергеу-зерттеу жүргізуде. Мәселен, 1-қараша күні Литвиненконың суши-бардағы кездесуі оқиғасына басты назар аударылуда.

1-қараша күні сол суши-барда Литвиненкомен кездескен италияндық профессор Марио Скарамелла Италия мен Ресейдің барлау қызметтерімен жақын байланыста деп айтылады. Ол Литвиненконың уланғаны жайында естіген соң, Римдегі Британия елшілігінде әңгімелесуде болған. Бірақ оның қазір қайда екені және оның Литвиненконың улануындағы ролі туралы ашық айтылмайды.

Литвиненко болса өзіне Скарамелла берген газеттерді мұқият қарап шыға алмағанын, бірақ онда Шешенстан турасындағы Кремль саясатының сыншысы, журналист Анна Полтиковскаяның өлтірілуіне қатысты нақты деректер жазылған дейді.

- Ол газеттер ағылшын тілінде болған, менің жедел оқығаннан түсінгенім, онда Полтиковскаяны өлтірген адам Ресейдің арнайы қызметінің Кавказда жұмыс істейтін өкілі болуы мүмкін деген жері бар.

Литвиненко денсаулығы түзелген жағдайда бұл жайтқа өзінің қайта оралып, ол ақпараттарды жариялауға тырысатындығын айтқан. Политковскаяның өлімі төңірегінде ол жұмыс істеген «Новая газетаның» қызметкерлері де өз зерттеулерін жүргізуде.

Ал КГБ-ның бұрынғы офицері Олег Гордиевский болса, Литвиненконың уландырылуы, Политковскаяның қастандықпен өлтірілуі - мұның бәрі де Ресей үкіметінің диссиденттерге қарсы жүргізіп жатқан науқаны деп есептейді.

AzattyqTV

Қырғыз суретшісі

Лаймен салынған портрет

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG