Accessibility links

Жамбыл облысында аурухана қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды


Жамбыл облыстық прокуратурасы жас босанған әйелге ВИЧ инфекциясының жұғуына себепкер болған Мойынқұм аудандық ауруханасының үш қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғады. Оларға 2006 жылдың қаңтар айында балаға босану кезінде қан кеткен әйелге тексерілмеген қан құйған деген кінә тағылып отыр.

Жамбыл облыстық прокуратурасы Мойынқұм аудандық аурухананың бас дәрігерінің емдеу істері жөніндегі орынбасары, қан ауыстыру бөлімінің меңгерушісі мен акушер-гинеколог дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғады. Оларға қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 116-бабының "медицина қызметкері тарапынан өзінің кәсіби міндеттерін дұрыс орындамау салдарынан адамға иммунитет тапшылығы вирусын жұқтыру" жөніндегі 4-тармағы бойынша қозғалып отыр.

Облыстық прокуратураның мемлекеттік мекемелердің іс-қызметіндегі заңдылықтың сақталуын қадағалау басқармасы бастығының орынбасары Еркін Қуанышев: «Аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметінен босатылды», дейді. Оның айтуынша, қан ауыстырып құйылған жас босанған әйелге ВИЧ індетінен тексеру ережеге сәйкес 6 айдан кейін емес, прокуратураның талабы бойынша қазан айында ғана жүргізілген. Мұндай тексеру жүргізуге Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетінің белең алуы себеп болды.

«Облыс көлемінде жүргізілген тексеру емдеу мекемелерінде бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, облыстағы қан құю орталығының көлемі нормаға сай емес, тар, мұздатқыштары жеткіліксіз. Ауруханаларда құрал-жабдықтар жетіспейтіндігі анықталды», - дейді Еркін Қуанышев.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетіне шалдыққан балалар саны 80-ге жетіп, олардың 8-і көз жұмған еді. Осы облыстың облыстық прокуратурасы осы жағдайға байланысты 12 түрлі қылмыстық іс қозғаған болатын. Шымкентте құрылған «Балаларды СПИД-тен қорғайық!» қайырымдылық қорының президенті, зардап шегуші ата-ана Сағдат Масауров: «Індеттің өзге облыстан бас көтере бастағандығы қауіп. Қалайда бұл іске кінәлілер жауап беруі керек. Қылмыс екі жағдайда өседі. Бірінші - кінәлі дұрыс жаза алмаған жағдайда, екінші - кінәлі бола тұра жазаланбаған жағдайда. Тиісті адамдар жазасын алулары керек. Мұны жауып қоюға болмайды», дейді.

«Қазақстанның оңтүстік өңірінде ВИЧ індетіне қарсы тексеру аяқталса да бұл індетке шалдыққан азаматтар саны осы облыстада, өзге облыста да анықталып жатыр. Бұл Қазақстанның денсаулық сақтау саласына түбегейлі тексерудің қажет екендігін көрсетсе керек. Бұл жерде тағы дерек жасыру фактілері орын алуы мүмкін. Өзіне-өзі тексеру жүргізген адам қашан өзінің кемшілігін айтады. Сондықтан бізге таза жұмыс істейтін медицина саласы керек», дейді Жасарал Қуанышәлі.
XS
SM
MD
LG