Accessibility links

Оң жақтан басқарылатын көлік жүргізушілерінің «Оңшылдар одағы» үкіметтен өтемақы өндіріп алу үшін күреспек


Жаңадан құрылып жатқан оң жақтан басқарылатын көлік жүргізушілерінің «Оңшылдар одағы» үндеу жариялады. Онда олар биліктің халықпен санаспай оң жақтан басқарылатын көліктерді Қазақстанға әкелуге және алдағы 3 жылдан кейін бұл көліктерді пайдалануға мүлдем тиым салуға шығарған шешімін «беталды қабылданған шешім» деп бағалап, үкіметтің бұл шешімінің күшін жою немесе оң жақ рулі бар автокөлік иелеріне өтемақы өндіріп беру үшін күресетіндіктерін мәлімдеп отыр.

Көлік жүргізушілердің «Оңшылдар одағы» таратқан мәлімдемеде: «биліктің кез-келген мәселеге қоғаммен санаспай өз беттерінше шешім қабылдаулары қалыпты құбылысқа айналып барады. Бұған ешкім жауапта бермейтін болды», делінген. Осыған байланысты рулі оң жақтағы автокөліктердің иелерін күш біріктіруге шақырып, егер демократиялық елде шығарылған шешімнен халық зардап шегер болса, онда азаматтарға шығын өтелетіндігі айтылған.

Бастамашыл топтың бұл мәлімдемесін толықтай қолдайтын оң рульді көлік жүргізушісі Ирина Андреева: «Үкімет оң рулді көліктерді пайдалануға тиым салып, шешім шығарған екен енді біздерге өтемақы немесе көліктің нарықтағы құнын төлесін. Әйтпесе машинаның рулін сол жаққа қондырып берсін. Біздің талабымыз сол», дейді. Көлігінің басқару тетігін сол жаққа ауыстыру 6 мың АҚШ доллары тұратындығын айтқан Ирина Андреева рульды сол жаққа ауыстырғанмен оның қауіпсіздігін ешкім айта алмайды, дейді.

Оң жақ рульді көліктердің «тағдыры» өткен жылы да қаралып, бірақ арты жауапсыз қалған болатын. Ал биыл бұл мәселеге президенттің араласуымен оң жақ рульді көліктердің алдағы уақытта Қазақстанға мүлде әкелінбейтіндігі жөнінде шешім қабылданды. Оған осы автокөліктердің кінәсінен орын алатын жол көлік апаттары 20 есеге, ал соның кесірінен кісі өлімінің 3 есеге артып отыр деген жол полициясы комитетінің ақпараты да себепші болған еді. Алайда, көлік жүргізушілердің «Оңшылдар одағының» мүшесі Санжар Боқаев мұндай дерекпен келіспейді. Ол президентке шынайы ақпарат жетпей отыр деп есептейді. Жоғарғы оқу орнында оқытушы болып еңбек ететін Санжар құны 50 мың АҚШ доллары тұратын сол рульді көлік мінуге менің университеттен алатын 30 мың теңге жалақысының мүмкіндік бермейтіндігін алға тартады.

Ал Наталья есімді келіншек: «12 сағат жұмыс істеп, қарапайым тіршілік кешетін мен ешқашанда тура заңды жолмен сол жақ рульды машина ала алмаймын. Үкімет біздерді жақсы машина міну құқығымыздан неге айырады?», дейді.

Бұл мәселеге заңгер, кәсіпкерлердің оң-орталықшыл «Атамекен» саяси партиясының жетекшісі Ержан Досмұхамедов: «Менің ойымша бұл жерде оң рульді көлікті иемденетін азаматтардың мүліктік құқықтары бұзылып отыр. Қазақстан аумағына мүліктерін заңды жолмен жеткізгенін ескерсек олардың құқықтары қорғалуы керек», дейді.

«Біз қауіпсіздік кеңесінің қаулысынан зардап шегіп отырған азаматтарды қорғаймыз. Заңды сыйлайтын құқықтық мемлекеттің азаматтары ретінде Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен келісеміз, алайда олар тығырықтан шығар жолды да көрсетуі керек. Алдымен Қазақстанда оң рульді сол жаққа ауыстыратын нарық заңында бір-біріне бәсекелес бола алатын бірнеше фирмалар жұмыс істеуі керек. Үкіметтің осы шешімі шыққаннан кейін рульді ауыстыру жұмысының бағасы күрт көтеріліп кетті. Баға 1,5 мың АҚШ долларынан 4 мың АҚШ долларына дейін жетті. Бұл бәсекелестіктің жоқтығын көрсетеді», дейді Кәсіпкерлер мен меншік иелерін қорғау одағының перзиденті заңгер Василий Резван.

Жол полициясы комитетінің мәліметі бойынша, Қазақстандағы оң рульді көліктердің саны 117 мыңға жеткен. Оның 40 мыңы үстіміздегі жылы әкелінген.
XS
SM
MD
LG