Accessibility links

Қазақстанда сот шешімімен Кришна діни қауымдастығының өкілдері тұратын 12 саяжай үйі құлатылды


Алматы облысы Қарасай ауданындағы "Кришна" діни қауымдастығының мүшелері тұратын 12 саяжай үйдің аудандық сот шешімімен құлатылуы салдарынан жалпы саны 40-қа жуық адам баспанасыз қалған. Бұл туралы "Азаттық" радиосына "Кришна" қауымдастығынан бейсенбі күні хабарлады. Олардың айтуынша, үйлерді құлату кезінде аумақты жауып тастап, ондағы кейбір адамдарға полицейлердің күш көрсету фактілері орын алған. Адам құқығы бойынша Алматы Хельсинки комитеті бұл оқиғаны Қазақстандағы діни ұйымдардың қудалануы деп бағалап отыр. Алайда, Қарасай аудандық әкімдігі діндәрлар жерді алған кезде құжаттарын дұрыс жөндемеген дегенді алға тартады.

Қарашаның 21-і күні Алматы облысы Қарасай ауданының сот орындаушылары тәуелсіз мемлекеттер достастығындағы ең ірі кришнаиттер қауымдастынығының бірі орналасқан фермаға діндәрлардың үйін құлатуға келді дейді Қазақстандағы «кришна» қауымдастығының баспасөз хатшысы Максим Варфоломеев. Оның айтуынша, сот орындаушылары сот үкімін жүзеге асырмақшы болған.

- Алдымен фермада және оған жақын жердегі саяжайларда жарық өшірілді. Одан кейін бульдозер әкелініп, ауыр техника, жүк тасыйтын машиналар келді. Сосын 2 жедел жәрдем көрсету машинасы, ақыры полицейлер лық тиелген 3 үлкен автобус жетті. Бұл түскі сағат 1 кезі болатын. Күн суық, қар жауып тұрды. Ер адамдар жұмыста болғандықтан, фермада негізінен әйелдер мен балалар ғана бар еді. Олар үйлерді құлатуды ең құрығанда бірнеше сағатқа кідірте тұруды сұрап, жалынғанымен, сот орындаушылар келісімге келмеді. Жұмысшылар үйлердің есіктерін жұлып, терезелерді шағып, үйдің ішіндегі дүние-мүліктерді далаға лақтыра бастады. Осыдан кейін бульдозерлер үйлерге кірген кезде олардан тек үйінділер қалды. Полицейлердің көптігі сонша діндарлардың оларға қарсы тұруға шамалары келмеді, - дейді Максим Варфоломеев.

Суық күні баспанасыз қалған әйелдер мен балаларға араша болам дегенде өзім полицейден таяқ жеп, аурухандан бірақ шықтым дейді 30 жастағы суретші, Кришна дінін ұстанушы Қарлығаш Бертілеуова.

- Ия, мен аралысып, көмектескім келді! Өйткені, 2 айлық баласы бар әйелді үйінен суырып алды, есігін бұзды. Сосын біз оларды тоқтатпақшы болдық. Бұл дегеніңіз адамшылыққа жатпайды ғой! Ақыры өзіміз таяқ жедік. Бір полицей менің кеудемнен ұрып жіберді. Денсаулығым жақсы емес болғандықтан, жерге құлап түстім. Аяқ-қолым еркіме бағынбай, мені жедел жәрдем машинасымен ауруханаға алып кетті, - дейді Қарлығаш Бертілеуова.

Қазақстандағы Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының қызметкері Андрей Гришиннің айтуынша, оқиға болған жерге қоғамдық ұйым өкілдерінің ешқайсысын кіргізбеген. Ол тыйым салынған аумаққа полицейлерден жасырын түрде жаяу өтіп кеткендігін айтады.

- Сот орындаушылардың, полицейлердің іс-әрекетіне тікелей Қарасай ауданының әкімі басшылық етіп отырғаны көрін тұрды. Мен үйлердің құлатылуын суретке түсіре бастағанымда әкім өзі полицейлерге мені ұстауға бұйрық берді. Содан кейін полицейлер жүгіріп келіп, мені жығып, фотоаппаратымды тартып алды. 20 минуттан соң фотокамераны әкімнің машинасынан аласың деді. Маған аккумулятор мен флеш-картасыз камераны қайтарып берді. Сосын Қарасай ауданының әкімі елден ұялмастан маған: «Егер сені бір рет көрсем, көзіңді шығарам» деді, - дейді Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының қызметкері Андрей Гришин.

Ол «Кришна» қауымдастығы мүшелерінің үйлеріне қатысты болған оқиғаны заңсыз деп есептейді.

- «Кришна» ұйымына үйлерді құлату туралы қаулыны қарашаның 20-сы күні әкеп, күзетшіге тастап кеткен. Бірақ онда үйлерді құлату мерзімі, тұрғындардың ол үйлерді босату уақыты көрсетілмеген. «Кришна» қоғамына қатысты үкіметтік комиссия өз шешімін шығарған жоқ болатын. Сондықтан, билік орындарының әрекеті мүлдем заңсыз! - дейді адам құқығын қорғаушы Андрей Гришин.

Алматы Хельсинки комиетінің төрайымы Нинель Фокинаның мәліметтеріне қарағанда, Алматы облыстың әділет басқарамасының қолы қойылған арнайы құжат бар.

- Сонда ол сол кездегі Алматы облысының әкімі Құлмахановтың тапсырмасы бойынша «Кришна» қауымдастығын ығыстырудың жоспарын жасап, онда бүгін болып жатқан оқиғалардың бәрі сипаттаған, - дейді Нинель Фокина. «Ең бірінші әр түрлі тәсілдерді пайдаланып, діни қоғамды сол жерден қуғылары келеді. Бұл елдегі тек діни кемсіту ғана емес, діни қудалау», дейді Алматы Хельскинки комиетінің төрайымы.

Ал Алматы облысы Қарай аудандық әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Гүлнар Нұрғалиқызы бұл оқиғада ешқандай да басқа дін немесе ұлт өкілдерін қудалау жоқ, мұндай тек заң талаптарын орындауға ғана бар деп отыр:

- Мәселе - бәрін заңсыз алып алған ғой. Құжаттары жоқ, ештеңелері жоқ. Самозахват деген бар емес пе?! Соттың шешімімен енді соларды қайтарып жатыр. Олар кім, қазақ, орыс болса да, ештеңеге қарамайды. Ана «самозахватты» жасады ма, бітті! Кезінде саяжайларға кіріп-кіріп алған. Құжаттарын дұрыстап алу керек еді ғой. Олардың құжаттарының бәрі заңсыз! Ал әкімшіліктің бұл жерде еш қатысы жоқ!

Дегенмен, Қазақстандағы «Кришна» қауымдастығының айтуынша, саяжайлар орналасқан аумақта тек осы дін өкілдері орналасқан үйлер құлатылған. 12 үйдің құлатылуы салдарынан 40-тан астам адам баспанасыз қалған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG