Accessibility links

Қазақстан президентінің ар-намысына тіл тигізген деп айыпталған журналистің үстінен сот басталды


Қарашаның 23-күні Алматыдағы Бостандық аудандық сотында журналист Қазиз Тоғызбаевқа қатысты алғашқы сот отырысы басталды. Қазиз Тоғызбаев Қылмыс Кодексінің 318-ші бабының 2-ші тармағы бойынша «Президенттің ар-намысына нұқсан келтірді» деген күдікпен сотқа тартылып отыр. Алайда «Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калееваның айтуынша, Тоғызбаев мырзаның мақалаларын жеке басқа деген араздық емес, басшылыққа айтылған сын ретінде қараған дұрыс.

Журналист Қазиз Тоғызбаевтың еңбектеріне жасалған сараптамада екі мақалаға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, сараптамалық топ «Рим папасы, Астана папасы – айырмашылығын сезініңіз» атты мақала мен «Мафиялық тәртіп Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімін бүркемелеп отыр» деп аталатын материалдарда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-ожданына тиетін жайттар бар деген тұжырым жасайды. Бұл мақалалардың авторы Қазиз Тоғызбаев болса сараптамалық топтың мұндай шешімімен келіспейтіндігін айтады.

- Мен ешқандай қылмыс жасағаным жоқ. Сыни тұрғыда мақала жазатыным рас. Ал билік мен сияқты сыншылдарды ұната бермейді. Шығармаларымның мазмұнына тоқталар болсақ, онда заңсыздық жоқ: Нұрсұлтан Назарбаевты моралдық және саяси тұрғыда сынадым. Бұл менің азаматтық ұстанымым, - дейді Қазиз Тоғызбаев.

Журналистің еңбектерімен жақсы таныс «Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калееваның айтуынша, Қазиз Тоғызбаев - өткір тілдің иесі. Билік өз тарапына сын айтқан журналисті қудаламауы тиіс, дейді Калеева ханым.

- Шын мәнінде бұл мақалаларда өткір сын айтылған. Егер республика демократиялық жолмен дамып келе жатыр дейтін болсақ, онда біздің мемлекетте де сын жоғарғы деңгейде болуы керек: жаңадан көтеріліп келе жатқан Қазақстанда мәселе көп. Ал біздің мемлекетте жоғарғы лауазымды тұлғалардың әрекеттері сыналмайды. Сондықтан қоғам өткір сынға дайын емес сияқты көрінеді. Бірақ бұл өркениетті мемлекеттерде қалыпты жағдай. Мұндай қағидалар біздің қоғамға сіңіп үлгенген жоқ. Соған байланысты біз сынды көбіне жеке бастың араздығы ретінде қабылдап жатамыз.

Сот барысында айыпталушының қорғаушылары алдын ала жүргізілген тергеу нәтижесіне көңілдері толмайтындығын білдірді. Процеске қоғамдық қорғаушы ретінде қатысқан Асылбек Қожақметовтың айтуынша, сараптамалық жұмыстары айыпталушының қатысуынсыз өткізілген.

- Қазиз Тоғызбаевтың заң аясында өзін ақтауға мүмкіндігі болған жоқ. Мысалы, прокуратура өкілдері журналистке сараптама жүргізілетіндігін қыркүйектің 29-күні хабарлаған. Ал бұл сараптама одан екі ай бұрын жүргізіліп қойыпты, Тоғызбаев мырза болса сараптама жұмысына қатыса алмаған. Бұл алдын ала тергеу жұмыстарының заң аясында жүрмегендігіне негіз бола алады, - дейді тіркелмеген «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожақмет.

Сотқа қатысушылар алғашқы сот отырысының әзірге қалыпты жағдайда жүріп жатқандығын айтуда. Айыпталушының қорғаушысы Мұстахим Төлеевтің айтуынша, сот барысында айтарлықтай заң бұзушылық байқалған жоқ.

- Сот Қылмыстық істер жөніндегі Кодекстің ережесіне сай сот ісін жүргізуге тырысып жатыр. Өйткені бұл ғимаратта компьютермен бақылап отыруға арналған «Фемида» жүйесі жұмыс істеп тұр, - дейді адвокат Мұстахим Төлеев.

Алайда сот айыпталушы Қазиз Тоғызбаевты сөзден шектеуге тырысып жатқандығы байқалады, - дейді тіркелмеген «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожақмет.

- Біздің бір таңқалғанымыз Тоғызбаев мырза Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаткер ретіндегі қызметіне қатысты өзінің жеке пікірін айтып, мемлекет басшысының әрекеттерін сынай бастаған сәтте сот үзіліс жариялады. Ал үзілістен соң сот Тоғызбаев мырзаға өз пікірін «түзу» сөздермен жеткізуін сұрады, яғни сот айыпталушының мүмкіндігін шектеді.

Соттың шешімі бойынша Қазиз Тоғызбаевтың ісіне қатысты сот процесі желтоқсанның 21-де қайта жалғасатын болды. Тіркелмеген «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожақметтің пікірінше, сот процесіндегі үзілістің бір айға созылуында саяси мән бар болуы мүмкін.

- Билік Тоғызбаевты соттағысы келетін секілді. Біріншіден, халық «Желтоқсан оқиғасының» 20 жылдығын атап өткелі отыр. Екіншіден, келесі айда А. Сәрсенбайұлы мен оның жақтастарына қатысты шағым сотының шешімі белгілі болмақ. Ал Тоқызбаевты айыптаушылар А. Сәрсенбайұлының өліміне қатысты сот шешімін өздерінің дәйегі ретінде ұсынып отыр. Сот барысында бір айға үзіліс жариялаған сот осындай жайттарды ескерсе керек, - дейді Асылбек Қожақмет.

Бұған дейін қорғаныс саласында қызмет істеген отставкадағы полковник Қазиз Тоғызбав 200-ден астам мақалалардың авторы.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG