Accessibility links

Ирақ турасындағы Техран саммиті табысты бола ала ма?


Ирақ президенті Жалал Талабаниді Иран президенті 25 қарашада Техранға келуге шақырды. Талабани мен Иран президенті Махмұд Ахмединежад Ирақта кең етек алып отырған қақтығыстарды қалай тоқтату мәселелерін талқылайтын болады. Сондай-ақ кейбір хабарларға қарағанда, Сирия президенті де бұл бас қосуға қатысуы мүмкін. «Азаттық» радиосы тілшісінің хабарлауынша, мұндай жаңалық Техран мен Дамаскінің Ирақтың қауіпсіздік саласына қатысты бастамаларымен байланысты болса керек.

Хабарларда осы сенбі күн Техранда өтеді деп жоспарланған саммитке Сирия президенті Башар әл-Ассад келеді деп айтылып жатқанымен, бірақ оның бұл бас қосуға қатысатындығына күмән көбірек. Ал Ирақтың әл-Шарқия телеарнасы дүйсенбі күні-ақ берген жаңалықтарында желтоқсан айының басына үшжақты саммит белгіленіп отыр деген хабар тартқан болатын.

АҚШ ресмилері осындай саммит болады деген хабарларға асқан сақтықпен қарап отырған шақта, дәл осы күні Сирия мен Ирақтың дипломатиялық байланыстарын қайта жаңғыртып жатқаны жайындағы хабарлар ынтымақтастықтың арта түскендігінің белгісіндей көрінген еді.

Вашингтон да, Бағдад та Сирияны араб күрескерлерінің, сондай-ақ қару-жарақтың Ирақ-Сирия шекарасы арқылы өтулерінің алдын алатын жағдай жасамай отыр деп айыптап келгендігі белгілі. Мәселен, 20 қараша күні Рейтер агенттігінен берілген хабарда АҚШ-ң әскери өкілі генерал-майор Уиллям Колдуилл әр ай сайын Ирақ территориясына қарай 70-тен 100-ге жуық жаугерлер шекара арқылы өтеді дегенді айтты.

Сонымен қатар Ирақтың өз ішіндегі және одан тыс жерлердегі де кейбір бақылаушылар Ирақтың бұрынғы Баас партиясының Сирия жеріне орнығып алған кейбір мүшелері шекара бойында шабуылдарды ұйымдастырып, көтерілісшілердің қолтығына су бүркіп, үлкен роль атқарып отыр деген пікірді айтып келген-ді. Ирақ пен Сирияның арасындағы қарым-қатынасты жаңғыртып, жақсы жолға қоюға ұмтылып жатқан дипломаттар осындай қадамнан кейін Дамаск араб жаугерлерінің, бүлікшілердің шабуылдары мен қақтығыстарының тоқтауына ықпал етер деген үмітте.

Мұндай саммит өткізу бастамасын көтерген Иран аймақтағы өз мақсатын көздеп отырған болуы мүмкін, десек те ынтымақтастықтың арта түсуінің өзінің де маңызы жоғары деуге болады.

Техранның Ирақтың шиит мұсылмандары топтарымен тарихи байланысы бар. Олардың көпшілігі осында, соның қатарында Ирақтағы Ислам революциясы Жоғарғы кеңесінің жетекшісі Әбд әл-Азиз әл-Хаким бар. Ол Ирақ президенті Саддам Хусейіннің билігі құлатылғаннан кейін Иранға қашып кеткен, қазір сонда тұрады. Ирақ Ислам революциясы Жоғарғы кеңесінің әскери қанаты Бадр ұйымы деп аталады. Міне Иран осы ұйымды қаржыландырып, қолдау білдіреді деп күдіктеледі.

Саммит өткізу бастамасына байланысты жаңалық жария болған тұста екі жақ та, демек АҚШ пен Британия Иран мен Сирияның бірлесіп, тізе қосуын Ирақта тұрақтылық орнатуға көмектесетін бағытқа қарай бұру тұрғысында ашық талқылай бастаған.

Иранның да, Сирияның да Ирақта тұрақтылық орнауына мүдделі болуы мүмкін. Өйткені, олардың екеуінің де Ирақпен шектесетін ұзақ шекарасы бар, егер онда азаматтық соғыс тұтанып, немесе Бағдадта үкімет құласа, онда етек алған бей-берекеттік бүкіл шекара арқылы бұл елдерге де өтуі ықтимал.

Техран ресмилері Ираққа қатысты жоғары дәрежелі саммит шақыру жөніндегі өз бастамаларын Американың Ираққа байланысты саясатын өзгерту қарсаңындағы Иранның аймақтық билік ретіндегі жағдайын күшейту деп бағалайды.

Мұнымен қатар Иранның Ирақ мәселесіне араласуға ниет білдіруі өзінің ядролық бағдарламасына қатысты АҚШ-пен арадағы теке-тіресін сәл де болса жұмсарту мақсатынан туындауы да мүмкін.

Сирия да Ираққа өз ықпалын жасай отырып, Вашингтонмен қарым-қатынасын сәл де болса жақсартуды ойлайтын сияқты. Дегенмен де егер Иран, Ирақ және Сирия жетекшілері бұл үшжақты саммит өте қалған күннің өзінде онда Ирақтағы қақтығыстарды тоқтата алатындай нақты мүмкіндікке қол жеткізері айқын емес. Бірақ, саммит туралы ұсыныстың өзінен ақ, Иран мен Сирияның Ирақта тыныштық орнауына бейжай қарамайтындығы білінеді. АҚШ мемлекеттік департаменті өкілінің орынбасары Том Кейси Иранның Ирақ турасында мұндай ынта білдіргені таңданарлық жағдай деп атап көрсете келіп, мұндағы басты проблема Иран ресмилерінің не айтқанында емес, олардың шындығында қандай іс атқарғандығында деген болатын.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG