Accessibility links

Кеншілердің жесірлері «Миттал Стил Теміртау» компаниясын сотқа берді


Шахтинскідегі шахтадағы қайғылы оқиғадан опат болған азаматттардың жесірлері берген уәделерін орындамағы үшін «Миттал Стил Теміртау» компаниясымен соттасып жатқандарын хабарлады. Ал компания басшылығы болса зардап шеккендерге берілетін көмек өз деңгейінде орындалып жатқандығын алға тартуда.

Шахтинск қаласының тұрғыны Наталья Қожамберлина осыдан екі ай бұрын Ленин атындағы шахтада болған қайғылы оқиғаны ауыр күрсіне еске алады. Қыркүйектің 20-күнгі шахтадағы жарылыста Наталья Александрованың ері Марат Қожамберлин дүниеден озған еді. Отбасының негізгі асыраушысы қайғылы жағдайда опат болған соң барлық ауыртпалықты иығына артқан Наталья шахтадағы апаттан опат болған азаматтардың жесірлерімен бірігіп «Миттал Стил Теміртау» компаниясын сотқа беруге бел шешіпті. Өйткені компания басшылығы берген уәделерін орындамай отыр, - дейді Наталья Қожамберлина:

- Шахтада қайтыс болған азаматтардың жесірлері бірігіп, сотқа шағымдық. Бұл іспен қазір біз жалдаған адвокат айналысып жатыр. Бұл әрекетімізбен не шығатындығын әзірге білмейміз.

«Миттал Стил Теміртау» компаниясын сотқа тартушылар өздеріне тиесілі жәрдемақыны толығымен өндіріп алмақ ниетте. Компания басшылы бұған дейін шахтада қайтыс болғандардың отбасыларына он жылдық айлық көлемінде жәрдемақы берілетіндігін, оларға тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалатындығын хабарлаған еді. Алайда зардап шеккен отбасылар он жылдық айлық көлеміндегі қаржының аз шыққандығын алға тартып отыр. Ал «Миттал Стил Теміртау» компаниясы Көмір департаменті директорының орынбасары Алмат Сағынайұлының айтуынша, тиесілі соманың белгілі-бір мөлшері салыққа төленген.

- Тәртіп бойынша әр адам өз табысына қатысты салық төлеуге міндетті. Қайтыс болған азаматтарға беріліп келген жалақы мөлшеріне қарай әр отбасыға өтемақы төленді. Басқа да қажеттіліктері өтеліп жатыр, - дейді Көмір департаменті директорының орынбасары Алмат Сағынайұлы.

Ал зардап шеккен отбасылардың өкілдері болса он жылдық айлық көлеміндегі қаржыдан салық ұсталмай, бір реттік материалдық көмек ретінде берілу керек еді деп есептейді. Сонымен бірге олар компания басшылығының басқа да уәделері аяқсыз қалып отырғандығын алға тартады. Мәселен, жесір қалған Наталья Қожамберлина қолына тиген аз мөлшердегі өтемақыдан бөлек компания тарапынан ешқандай көмек көрмегендігін айтады.

- Бізге он жылдық айлықпен бірге тұрмыс қажетіне қажетті азын-аулақ ақшгадан басқа ештеме берген жоқ. Компания бізге балаларды оқытуға, үй сатып алуға ақша бөлуге уәде берген еді. Қазір де компания басшылары уәде берумен келеді. Оның қашан орындалатындығын түсінбей отырған жайымыз бар, - дейді Наталья Қожамберлина.

«Миттал Стил Теміртау» компаниясындағылар болса берген уәделердің барлығы орындалып жатқандығын айтуда. Аталған компаниясының мәліметі бойынша, қазіргі таңда үй сатып алу үшін 7 отбасыға қаржы берілген, 21 отбасыға тұрмыс жиһаздарына қажетті өаржы аударылған. Ал қысқы отынмен қамтамасыз ету, үйді жөндеу жұмыстары, отбасы мүшелерін жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері Ленин атындағы шахтаның комиссиясымен бірігіп келісіледі. Сонымен бірге 15 адамның банктердегі несиелік қарызы өтелінді, делінген «Миттал Стил Теміртау» компаниясының мәліметінде.

- Қайтыс болған азаматтардың отбасыларының барлығын аралап, әрқайсысына не керек екендігін өздерінен сұрап білдік. Кейбіреулері Қарағандыдан пәтер керек екендігін айтты. Жетім қалған балаларға жәрдемақы жағы қаралып отыр. Оларды оқыту ақшасын да өз мойнымызға алып отырмыз, - дейді Көмір департаменті директорының орынбасары Алмат Сағынайұлы.

Ал бірқатар Парламент депутаттары болса Шахтинскідегі жағдайды азын-аулақ қаржының күшімен жылы жауып тастауға қарсы. Депутат Ерасыл Әбілқасымовтың пікірінше, Шахтинскідегі жарылысқа кінәлілер өз жазасын алмайынша бұл іс бітпейді.

- Қаржы жөнінен емес, кінәлі адамдарды сотқа беру керек. Әсіресе, компания басшыларының мәселесін шешпей әңгіме бітпейді. Сонда ғана олар жұмысшылардың жағдайын ойлай бастайды. Ал қазір халықтың кішкене тиын-тебен жинағаны – үлкен істің басы ғана, - дейді Ерасыл Әбілқасымов.

Биылғы жылғы қыркүйектің 20-күні Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада өрт шығып, соның салдарынан 41 адам опат болған еді.
XS
SM
MD
LG