Accessibility links

АҚШ елшісі Джон Ордвей АҚШ-Қазақстан қарым-қатынасына байланысты БАҚ өкілдерімен кездесті


Қарашаның 27-і күні Алматыда, АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше әрі өкілетті елшісі Джон Ордвей қазақстандық және шетелдік ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым қатынас мәселері тақырыбында журналистер сұрағына жауап берді.

АҚШ елшісі Д.Ордвей Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас жан-жақты, кең көлемде, шынайы жағдайда жақсы дамып келеді деп сипаттады. Екі ел арасындағы бұл қарым-қатынас осыдан 15 жыл бұрын, яғни Қазақстан алғаш өз тәуелсіздігін алған кезден басталады деді ол.

Оның айтуынша, АҚШ Қазақстанмен арадағы қарым-қатынас мәселесінде осы елдегі демократияның дамуына, азаматтық қоғамның құрылуына және адам құқықтарының халықаралық норма талаптарға сай қорғалуына аса назар аударып отырады. Сондықтан, Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың биылғы қыркүйек айындағы АҚШ-қа ресми сапары қортындысына байланысты қабылданған екі жақтың бірлескен мәлімдемесінде АҚШ-тың осы айтылған мәселелерге байланысты өз алаңдаушылығы да кіргізілді деді АҚШ елшісі.

Елші Д.Ордвейдің айтуынша, АҚШ елі Қазақстанмен арада мұнай-газ саласында ынтымақтастықта болуға мүдделі болмақ. Осы уақытқа дейін АҚШ үкіметі Қазақстанның мұнай-газ саласына ешқандай инвестиция салмаған. АҚШ инвестициясы деп айтылып жүрген миллиардтаған инвестицияларды бұл салаға АҚШ-тың ірі мұнай компаниялары енгізіп отыр.

АҚШ елшісінің айтуынша, алдағы уақытта АҚШ компаниялары тарапынан Қазақстанның мұнай-газ саласына енгізілетін инвестиция көлемі ұлғая бермекші. Бұған дейін шетелден Қазақстан экономикасына тартылған 50 млрд астам доллардың инвестициясының үштен бірі АҚШ үлесінде болмақ.

Д.Ордвей сондай ақ АҚШ Орталық Азия газының, соның ішінде Қазақстан газының батыс нарығына тезірек, тиімді жағдайда шығуын қалайтындығын оны өз тарапынан аса қолдайтындығын жеткізді.

Оның айтуынша, соңғы кезде Американың түрлі компаниялары Қазақстанның көмір шығару, көлік-транспорт, электр өндіру және телебайланыс салаларына да миллиондаған доллардың инвестициясын кіргізіпті.

Саясаттанушы, ‘Ұлт тағдыры‘ қозғалысының жетекшісі Дос Көшімнің пікірінше, соңғы кезде аймақтағы жағдайға байланысты АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жаңаша түрде сипат ала бастаған.

«Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының бас хатшысы Әміржан Қосанов АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас байланыстың екі мәселеге барып тірелетіндігін айтады.

- Біріншіден, ол АҚШ-тың Қазақстандағы мұнай мен газға деген мүддесі мен оның Қазақстандағы демократия, адам құқығы саласына деген назары арасындағы айырмашылық жағдай болса, екіншіден, АҚШ-тың Орталық Азияға, Қытайға, Ресейге деген саясатының анық болуы Қазақстанды да осы жағынан ойландырып, өз ұпайын басқаға ұттырып алмаса деген деген тілектің болуы, - дейді ол.
XS
SM
MD
LG