Accessibility links

Автокөлік иелері наразылық митингін өткізбекші


Оң жақтан басқарылатын автокөлік иелерінің «Оңшылдар Одағы» желтоқсанның 10-ы күні Алматы қаласында митинг өткізуге рұқсат сұрағалы отыр. Олар жаңа жылдан бастап әлгіндей көліктерді Қазақстанға әкелуге және алдағы 3 жылдан кейін елде ондай көліктерді пайдалануға мүлдем тиым салу туралы үкімет ұстанымына наразылық білдіріп, өздерінің құқықтарын қорғамақ.

Желтоқсанның 10-ы күні митинг өткізуге биліктің рұқсатын алу үшін жүргізушілердің «Оңшылдар Одағы» сәрсенбі күні қалалық әкімшілікке өтініш түсірмек. Аталмыш одақтың жетекшісі Анатолий Ахметов:

«Бұл жиынды Қазақстанның барлық аймағындағы оң рулді көлік иелері қолдап, үн қосады деп ойлаймыз», - дейді.

Оның айтуынша, «Оңшылдар Одағының» рұқсат етілген митинг өткізу туралы бастамасын Алматы қаласында 8 мың , аймақтарда 33 мыңнан астам азамат қолдаған.

Өз жан айқайларын билікке жеткізбек болған азаматтардың наразылық шарасы өткен жексенбі, қарашаның 26-сы күні Алматы қаласы мен Қазақстанның өзге бірқатар қалаларында болған еді. Алматыдағы наразылық акциясына жиналған жұртты полиция Республика алаңына жібермей, жиын өткізуге тырысқандарды күштеп таратып, кейбіреулерін ұстап алып кеткен еді. Осы жиында белсенділік танытқан Санжар Боқаев есімді жігіт сейсенбі күні «Азаттық» радиосына, осыдан бір апта бұрын ашылған www.svoboda.kz интернет сайтына дүйсенбінің кешінен әлдекімдер тосқауыл қойып тастағандығын хабарлады. Бұл сайт арқылы белсенді азаматтар үкіметтің оң жақ рулді автокөліктерге қатысты ұстанымына наразылық білдірушілерді тіркеу жүргізген болатын. Санжар Боқаевтың айтуынша, дүйсенбі күні түс кезінде тіркелгендердің саны 12 мыңға жуықтаған. Ал сейсенбі күні түс қайта аталмыш сайт жұмыс істей бастады. Бірақ, бұған дейін сайттың бірінші бетінің жоғарғы тұсында болған президент Н.Назарбаевтың суреті алынып тасталыпты.

Ал Алматы қалалық әкімшілігінен митингі өткізуге рұқсат сұрап отырған көлік жүргізушілердің «Оңшылдар Одағы» Қазақстан президенті атына ашық хат жолдағалы, қол жинап жатыр. Ашық хат жобасында: «Құрметті президент мырза, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында жаңа жылдан бастап оң рульді автокөліктерді Қазақстанға әкелуге, 3 жылдан кейін мұндай автокөліктерді пайдалануға мүлдем тиым салу жөніндегі шешім орта деңгейлі халыққа соққы болып тиді. Бұл шешімнен Қазақстандағы 117 мың оң рулді көліктің иесі болып табылатын азаматтар мен олардың жанұясындағы 421 мың, яғни жарты миллионға жуық халық зардап шегіп отыр. Осы зардап шеккен жарты миллионға жуық азаматтардың 91 пайызы өткен президент сайлауында сізге дауыс берген», делінген. Мұндай пікірді осыған дейін болған наразылық шарасында Санжар Боқаев та айтқан болатын.

13 жылдан бері оң рулді көлік жүргізіп келе жатқан Наталя есімді әйел: «Құзырлы орындар жол қауіпсіздігін ойласа, бірінші - жүргізу куәлігін оңды-солды таратып жатқандарға тиым салып, халықтың көлік жүргізу мәдениетін қалыптастырулары керек. Қалада жол қозғалысының қиындап, апаттардың көбейіп кеткендігі белгілі. Бірақ, қандай мәселе туындаса да ол тең жағдайда қаралуы керек. Құзырлы орындардың мәселені бір жақты - оң рулді көліктер есебінен шешу керек дегені заңға сыймайды», дейді.

«Бұл мемлекеттік саясаттың келеңсіздігінен туындаған мәселе. Оның бағыттары өте көп. Мысалы, қазір Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында не болып жатыр? Кезінде мыңдаған оқу орының ашылуына рұқсат берді. Енді келіп бәрін қысқартып жатыр. Жер мәселесі, Шаңырақтағы жағдай. Оң рулді машинаның тағдыры да дәл осындай. Кезінде бұл көліктердің елге кіруіне кім рұқсат берді? Біреулер рұқсат беріп, содан пайда тапты. Қаншама мыңдаған адам өздерінің соңғы тиын-тебеніне күн көру үшін сол машиналарды сатып алды. Бүгін келіп енді ол керек емес дейміз. Бұл - өте қиын мәселе. Сондықтан да барлық уақытта мемлекетте кез-келген мәселе ойланып істелуі керек», - дейді Мәжіліс депутаты Амалбек Тшан.

«Оңшылдар Одағының» келтірген мәліметіне сүйенсек, Қазақстан аумағындағы оң рулді 117 мың машина ел қазынасына 70,2 миллион доллар пайда әкелген екен.
XS
SM
MD
LG